Қазақстан • 06 Наурыз, 2019

«Ұлы Дала алтыны» - Мәскеу төрінде

1186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәскеудегі Ресейдің қазіргі заманғы тарих музейінде «Ұлы дала алтыны» атты көрме ашылды.

«Ұлы Дала алтыны»  - Мәскеу төрінде

Облыс әкімдігі мен Ресейдегі Қазақстан елшілігі бірлесе ұйымдастырған көрмеге қазақстандық археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың Шығыс Қазақстан аумағында жүргізген қазба жұмыстары кезінде Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарынан табылған 25 мыңнан астам жәдігерлер қойылған.

«Алдымен Шығыс Қазақстанның әкімі Даниал Ахметовке, біздің айтулы ғалымдарымызға, сондай-ақ Ресейдің қазіргі заманғы тарих музейі басшылығына байырғы көшпенділердің зор тарихи және мәдени құндылыққа ие бірегей мұрасымен танысу мүмкіндігін ұсынғандары үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Берел, Шілікті, Елеке сазы ескерткіштерінің отандық археология алар орны ерекше. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның Ресей секілді жақын көршісіне салтаттылық дәуіріндегі өркениеттің жоғары деңгейін, металл өңдеудің, зергерлік өнердің, қару-жарақтың тамаша әрі жақсы сақталған үлгілерін көрсету мүмкіндігінің туғаны бізді қуантады», - деді Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Көрмеде келушілер назарына 2003 жылы Әбдеш Төлеубаевтың Зайсан ауданынан тапқан «Алтын адамның» қалпына келтірілген экспозициясы, Зейнолла Самашевтың Берел қорғанынан тапқан жәдігерлері, Берел жылқысының (б.д.д. IV-III ғ.) реконструкциясы мен былтыр ғана Тарбағатайдың Елеке сазынан шыққан «Алтын адамға» тиесілі құнды дүниелер ұсынылды.

Мәскеуге шығысқазақстандық делегацияны бастап барған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, көрме 24 наурызға дейін жалғасады. «Біздің облыс аумағынан табылған құнды жәдігерлер – Ұлы дала төсіндегі көшпенділерден қалған мәдени мұралар еліміздің әрідегі тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Президент тапсырмасы негізінде облыс әкімінің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан археологияны дамыту жөніндегі өңірлік бағдарлама алдағы уақытта жалғасын табады және бұл мақсатқа алдағы үш жыл көлемінде облыстық бюжеттен 500 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы