Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Жолы болған жобалар

1284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 64-қадамында «Өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң әзірленеді...» деп жазылған. Осы­ған орай 2015 жылы «Ғылым нәтижелері мен ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы» Заң қабылданып, көп ұзамай гранттық қаржыландыру операторы ретінде «Ғылым қоры» АҚ құрылған болатын.

Жолы болған жобалар

«Ғылым қоры» инноватор жастардың жолын ашатын мекемелердің бірі деуге болады. Мұнда түрлі ғылыми-зерттеу институттарында, ор­талықтарда жұмыс істейтін озық ойлы азаматтардың электронды жүйемен өтінім жазып, конкурсқа қатысып, грант ұтып алуына жағдай жасалған. «Ғылым қорының» басты міндеті – ғылым мен бизнес саласының арасында дәнекер, жаңалықтардың өндіріске енуіне алтын көпір болу. 

– Біз кәсіпкерлердің өн­ді­рісте қандай проблемала­ры бар екенін анықтап, олар­ға қажетті ғалымдарды тауып­ береміз. Бизнесмендер олар­­ға қандай да бір тех­­но­логиялық міндеттер қоя­ды. Жасыратыны жоқ, қазақ­стандық ғалымдардың басым көпшілігінің ғылыми еңбектері кәдеге жарамай, тартпада шаң басып жатады. Ал біздің жұмысымыз оның өндіріске енуіне жағдай жасау. Инновация арқылы табыс түсірген ғалымдарға сол табыстың белгілі пайыздық бөлігін беру қарастырылған. Сол себепті қазір олардың өз­дері, әсіресе жастар жағы еңбектерін бізге ұсынуға, біз арқылы өндіріске енгізуге мүдделі, – дейді «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин. 2016 жылдан бергі аралықта мекеме 3 гранттық қаржыландыру конкурсын өткізіп, 153 жобаны жүзеге асырыпты. Өндіріс кезеңіне шыққан 23 жобадан түскен табыс көлемі 852 миллионнан асқан. 

Бүгінгі таңда Назарбаев Университеттегі National Laboratory Astana, Ғылым мен технология мектебі, Astana Hub сияқты иннова­­тор жастарды демеуге дайын ор­талықтар аз емес. Төмен­де, өндіріске енгізілген ин­нова­ция­лардың бір парасын­ на­зарларыңызға ұсынып отыр­мыз. 

Нарықта «Нәр» бар

Назарбаев Университет жанындағы National Laborato­ry Astana орталығын­да жасал­ған өнімдердің бірі – «Нәр» синбиотигі. Астананың ірге­сіндегі «Родина» агрофирмасы шығаратын өнім үшін 300 миллион теңге көлемінде грант бөлінген. 

– «Нәр» синбиотигі біре­гей қасиеттерге ие. Бұл им­му­нитетті нығайтады, ас қо­рытуды жақсартады, қант құ­рамындағы холестеринді, глюкозаны төмендетеді, ағ­заның белсенділігін арттырады. Сусынның қант диа­беті, артериалды гипертензия, метаболизмдік синдромы бар адамдарға пайдалы екендігі клиникалық тұрғыда дәлелденген. Онкологиялық аурулардың, оның ішінде ко­лоректальді қатерлі ісіктің ал­дын алуға көмектеседі, – дейді Назарбаев Универ­си­теттің түлегі, өнімді жасап шығарған зерттеушілер ко­ман­дасының мүшесі Аяу­лым Нұр­ғожина. 

«Нәр» былтыр сәуір айында «Родина» агрофирмасына қарасты зауыттан шығарыла бас­тады. Қазіргі таңда атал­ған өнім елордадағы ірі супер­маркеттердің сөресінде тұр. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде Астана нарығында жал­пы сомасы 15 миллион теңге­ден асатын өнім сатылды. 

Дайындаған Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»