Содан бері жыл сайынғы Жолдау халықтың назарын аударатын құжатқа айналды. Әлеуметтік сауалнамалардың деректері қазақстандықтардың Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан хабардар болу деңгейі жоғары екендігін көрсетеді. Сонымен қатар халық Жолдауға үлкен үміт артады, өйткені құжатта қойылған міндеттер мен тапсырмалар орындалады деп күтеді.
Президенттің әрбір Жолдауы үнемі маңызды практикалық ұстанымдарға негізделеді, солар арқылы күтілетін нәтижелерді де бағалауға болады. Президенттің бұл жолғы Жолдауы да қоғамдағы маңызды мәселе – халықтың әл-ауқатын арттыру сынды әлеуметтік мәселелерге арналды. «Халықтың тұрмыс деңгейінің тұрақты өсуі біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз болып қалады», дей келе, Елбасы бұл жаңа Жолдауда өмір сүру сапасы бойынша нақты қанағаттану өлшемі негізге алынатынына тоқталды.
Өмір сапасы дегеніміз – көп деңгейлі және көп құрамды тұжырымдама. Бұған денсаулық жағдайын, өмір сүру ұзақтығын, экология, тамақтану, еңбек жағдайлары, тұрмыс жағдайлары, мүгедектер үшін жағдайлар, әлеуметтік орта, мәдени және рухани қажеттіліктер, отбасылық әл-ауқат және білім мен ақпараттарға қолжетімділік, бос уақытты өткізу секілді адам өмірінің көптеген жақтары кіреді.
Мысалы, Президент Астанада онкологиялық орталық құру туралы айтты. Адам өмірі тек қуаныштан ғана тұрмайды, кез келген адам онкологиямен ауырып қалуы мүмкін. Бұл жағдайдың орын алғанын түсінген кезде, бірден шетелге емделуге бару, қажетті қаржы табу ойға келеді. Бүгінде онкологтар осындай ем-домдарды Қазақстанда жасай алатындығына сендіреді. Oнкологиялық орталықтың ашылуымен біз емдеуді жоғары деңгейде жүргізе аламыз. Елімізде бұрындары қиял болып көрінетін жүрекке ашық ота жасау жүзеге асырылуда. Мұндай орталықтар көптеген адамдардың өмірін сақтап қалады. Басқа елдердің науқастарын қабылдауға болады. Бұл да өмір сапасын арттыруға әсер етеді.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры