Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Сенаторлар аграрлық университет ғалымдары және студенттерімен кездесті

1032 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық университетіне ат басын бұрған халық қалаулылары еліміздің агрокешеніне мамандарды даярлау мен отандық ғылымдағы тың жаңалықтардың иесі ғалымдармен кездесті.
 

Сенаторлар аграрлық университет ғалымдары және студенттерімен кездесті

Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы  Бірғаным Әйтімова, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Нүкетаева, бәсекеге қабілетті білім, ғылым саласының жай-күйімен танысып, ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.  Елдегі әлеуметтік мәселелердің шешілуі, экономиканы цифрландыру және жастарға сапалы білім берудегі басымдықтар жайынан хабардар етті.

Университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов қонақтарға оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы баяндап, осы оқу орнында білім алып жатқан 90 пайыз ауыл балаларының келешекті жұмысқа орналасуы, тәжірибеден өтуі сияқты маңызды мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар ҚазҰАУ студентерінің басқа оқу орындарына қарағанда жатахқанаға мұқтаж екенін атап өткен ректор биылғы жылы 450 орынға арналған «Студенттер үйін» салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Депутаттар ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық парк құрамындағы  Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен, «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесімен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымындағы жетістіктермен танысты.

Сенаторлар сонымен қатар университет жанындағы «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығы» жұмысымен танысып, бұл орталықтың терең  мәні мен мазмұны жастарды тәрбиелеуге зор ықпал жасайтынын атап өтті.

Жас ғалымдардың атынан сөз алған PhD докторанттары Бекзат Төрегелдиев пен Жанат Бименова депутаттарға жастар тілегін жеткізіп, арнайы кездесуге алғыстарын білдірді.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ