Ресми деректерге сүйенсек, елімізде еркін күрес өнерінің жүйелі түрде дамуы ХХ ғасырдың елуінші жылдарының басынан бастау алғанын байқау қиын емес. Қазақстанның балуандары арасынан Семей өңірінің тумасы Қабден Байдосов КСРО спорт шеберінің күміс белгісін алғашқы болып кеудесіне тақты. Бұл – 1955 жыл еді.
Сол кездің өзінде еркін күресті серік еткен өрендеріміздің шеберлік деңгейі ешкімнен кем емес еді. Олардың бабы жақсы болғанымен, көп жағдайда бағы байланды. Мәселен, алпысыншы жылдары Амангелді Ғабсаттаров пен Әбілсейіт Айхановтың даңқы дүркіреп шығып, атағы алысқа жайылды. Көп кешікпей олардың қатарына Аманжол Бұғыбаев қосылды. Қазақтың айтулы балуандары Одақ көлеміндегі жарыстарда қарсылас шақ келтірмегенімен, олардың бірде-біреуіне Олимпия ойындары және әлем мен құрлық чемпионаты секілді дүбірлі додаларда бақ сынау бақыты бұйырмады. Бәрі де сол спорттағы солақай саясаттың кесірі.
Қазақтың балуандық өнеріндегі үш бәйтерегіміз – Амангелді, Әбілсейіт және Аманжол ағаларымыздан бөлек, Сейітжан Әбдікәрімов, Рамазан Нұрманов, Мәлік Нәдірбеков және Сайлау Мұқашев сынды саңлақтар небір апайтөстермен тең дәрежеде айқасып, КСРО чемпионатында жүлдегерлер санатына қосылды. Алайда іштарлық танытқан мәскеулік мамандар сол саңлақтардың кеңінен көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Балуандардың бағын байлап, жолын бөгеді. Қиянат жасап, құрбандыққа шалды. Соның салдарынан әлемдік деңгейдегі додаларда дараланған еркін күрес шеберлерінің саны өзге спорт түрі өкілдерінен әлдеқайда аз.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында қазақтың көк байрағы талай мәрте биікте желбіреді. Басқа да байрақты бәсекелерде атой салдық. Талай ұлы дүрмекте қазақ жастары күрестің бұл түріне қабілетті екендерін байқатты. Ел намысын қорғап жүрген өзге ұлт өкілдері де боз кілемде барын салып, Қазақстанның спорттық даңқын арттыруға үлкен үлес қосты. Әрине, бұл қуануға тұратындай жағдай.
Десек те «әттеген-ай» дейтін де тұстарымыз аз емес. Ең өкініштісі, осы спорт түрін серік еткен отандастарымыздың ешбірі күні бүгінге дейін Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының алтын тұғырына көтеріле алған жоқ. Азия ойындарының бас жүлдесіне сонау 1994 жылы қол жеткізген едік. Арада ширек ғасыр өтсе де, алтын асықтай ұлымыз – Мәулен Мамыровтың Хиросимадағы ерлігін қайталауға бірде-бір балуанымыздың әзірге күш-жігері жететін емес.
Бірақ қазақ қашанда келешекке үлкен үмітпен қараған халық қой. Елімізден әлі де дарынды жастар көптеп шығып, ертеңгі күні олар атағынан ат үркетіндей апайтөстерге айналатынына сенімдіміз. Міне, сол кездері Олимпиада мен әлем чемпионатында алтын медальдің сыңғырын еститіндей күн туады. Оған біз кәміл сенеміз!
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»