Аймақтар • 07 Наурыз, 2019

Мақсат – инвесторларды қорғау

1084 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойын­ша департаменті өз қызметтерін 4 басты бағыт бойынша жүргізіп келеді. Оның бірі өз атауынан көрініп тұрғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар кешені. Бұл бағытта қоғамдық дерттің алдын алуға басымдық берілген. Осы орайда инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу мен икемдеу жобасының орны айрықша деуге болады. 

Мақсат – инвесторларды қорғау

Ақтөбе аймағында аталған жобаны іске асыру мерзімі өт­кен 2018 жылдың шілде айынан бері қолға алынған. Мұндағы басты мақсат инвесторларды сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерінен және әкімшілік ке­дергілерден қорғау. Қа­зір­­­гі кезде жобаның іске асырылу барысы оң нәтижелер көрсетуде. Бұл – облыс әкімдігі жә­не «Ақтөбе әлеуметтік кәсіп­кер­лік корпорациясымен», сон­­дай-ақ «Атамекен» облыс­тық кәсіпкерлер палатасы әрі «ҚазИнвест» АҚ облыстық бө­­­­лім­шесімен бірлескен ортақ жоба. 

Бүгінгі күнге дейін департамент ұжымы мамандары көте­­рілген мәселеге орай 24 инвес­тициялық компаниямен келісім жасап, жалпы сомасы 4,2 триллион теңге құрайтын қаражатты мемлекет қорғауына алған. Со­нымен бірге аталған жоба аясында 25 арыз-шағым түсіп, 23-і қысқа мерзім ішінде өз шешімін тауыпты. 

Сондай-ақ департамент жетек­шілерінің бастамасымен және «Қазақстан Темір жо­лы» АҚ мен Көлікті ба­қылау инспекциясының қатысуы арқылы жүргізілген «Адал жол» жобасын іске асы­ру бары­сында анықталған теріс көріністер де аз емес. Бұл ретте «Билетсіз жү­­ріс жоқ» бірлескен акция­сы ойға бі­рінші оралады. Бұған қоғамдық ұйымдар мен жұрт­шылық өкілдері де кеңінен тар­­­тылған. Осы кезде Алматы – Атырау, Мәскеу – Ташкент, Ташкент – Уфа  бағыттарындағы по­йыздарға билетсіз отырған жо­­лаушылар анықталыпты. Со­ған сәйкес 3 жолсерікке 7 ай­лық есептік көр­сеткіш негі­зінде айып­пұлдар салынған. 

Бұған қоса рейдтік тексерулер кезінде Ақтөбе – Маңғыстау, Ақтөбе – Атырау және Ақтөбе – Алматы бағытындағы пойыздар да мүмкіндігі шектеулі жолау­шылар үшін қажетті жағдай туғы­зылмағаны да белгілі болып отыр. Соған сәйкес әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы құ­қық талаптары мен баптары бойын­ша «Жолаушылар тасымалы» АҚ   

35 айлық есептік көрсеткіш негі­зінде айыппұлға тартылған.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар