Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Аспандағы Ардана

1341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақпен жауласқанды қынадай қыр­ған ұлдарымен қатар, қыздарының ерлігі де жаһанға жария. Әріде ат жалын тартып мінгені, беріде ұшақ тізгіндегені бар.   

Аспандағы Ардана

Бүгінгі бейбіт заманда әскери ұшақ­ты ұршықша иірген Ардана Ботай да қазақтың қайсар қызы. Лейтенант, Балқаш қаласындағы №53898 әскери бөлімнің аға ұшқышы. 45 сағаттан астам уа­қы­тын әуеде өткерген.

Тым тереңді қазбаламай, өт­кен ға­­сырдан ғана сыр тарттық. Екінші дү­ниежүзілік соғыстың өзіне қазақтың 73 қызы аттанған. Дәрігері, мұғалімі бар. Қатарында өз еріктерімен майдан даласына табан тигізгені қаншама! Олар жеңіске жету үшін ұшқыш та, танкист те, механик те, радист те, барлаушы да, партизан да болды. Жастайымыздан ән-жырға қосқан, ерлігі елге ұран Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты қазақтың батыр қыздары қаншама. Дә­мелі Жәкееваның өзі – бір тө­бе. Кіші сержант Д.Жәкеева 1942 жылдың тамызы мен 1944 жылдың қаңтары аралығында Сталинград, Оңтүстік және Солтүстік Кавказ майдандарында соғысқа қатысқан. 1944 жыл­дың тамызынан бастап Екінші Балтық жағалауы, Ленинград және Бірінші Белоруссия майдандарында ерлік көрсеткен. 360 рет әскери ұшақты, оның ішінде, «ИЛ-2» ұшағын – 275, 

«ПЕ-2» ұшағын 85 рет көкке әуелеткен. Соғыс жылдарында қазақ тілінде шы­ғарылған газеттердің өзінде (мысалы, «Жауға қарсы аттан», «Қызыл әскер ақи­қаты» газет­терінде) халқымыздың қай­сар қыздарының ерлік шежірелері тәп­тіштеп жазылған екен.

Кеңес Одағының қыз-келін­шек­терінен құралған әскери құрылымдар, әсіресе түнгі уа­қытта шабуылды үдете түскен бол­са керек. Тіптен, жау сарбаздары түнгі мезгілде темекі шегуге жүрексінген. Қызарған шо­ғымен көзге түсіп қалмау үшін.

«Мен Тоқтар Әубәкіровті үлгі тұта­мын. Мінезді, білімге құш­тар ағаны!». Аспан әлеміне көз тіккен Ардананың сөзі бұл. – Біріншіден, – дейді Ардана, – Менің арғы тегім – Тоқтар ағамыз туған Қарқаралы топырағынан. Екіншіден, Тоқтар Әубәкіров – қазақтың тұңғыш ғарышкері, ортақ мақтанышымыз! 

Арғы тегім деп отырғаны, Ар­да­наның өзінің кіндігі Осака­ров ауданы, Молодежный кен­тін­де кесілген екен. Мектеп жасында-ақ мемлекеттік авиа­циялық орталықта тәлім алып, 

40 сағат әуеде қалықтаған. Кейін Аза­маттық авиация акаде­миясында біліктілігін арттырып, Ұлттық гвардия қатарына ша­қы­рылған. Мұнда «АН-26» ұшағын тізгіндеген. 

Ардана осыдан екі жыл бұ­рын Балқаш оқу-авиациялық орталығынан әскери ұшақпен алғаш рет жалғыз өзі әуеде 20 минут қалықтап, сынақты сәтті орындады. «Л-39» ұрыс ұшағымен, небәрі 23 жасында.

Сағатына 760 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшатын «истребительді» икемге келтіру – екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ардана әскери ұшақты тізгіндеуге ниет танытқанда ма­ңайын­дағылардың көпшілігі күмәнмен қараған бол­са керек. Жоқ, қайсар қыз сенімді ақтады, көпті таңдандырды, көпке ой салды.

– Кез келген адам жүрек қа­лауымен мамандығын таңда­са, қолға алған ісіне жауапкер­­­шілікпен қараса, жемісін көре­ді. Мәселен, мен үшін аспан – екінші үйім. Мен үшін Отанға қызмет ету – үлкен абырой! – дейді Ардана Ботай. 

Қайсар қыздың айтуынша, өзінің басты тірегі, жан-жақты қолдаушысы, әрине ата-анасы, аға-бауырлары.

Қарапайым, біртоға кейіпке­ріміздің жоспары да ауқымды. Әзірге уақыттың еншісіне қал­дыр­ғанды жөн көрді. 

Сәттілік тілейік!

Қалықта, қайсар қыз!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы