Қаланың өзі аттас көшесін бастайтын тоғыз қабатты зәулім үйден халқымыздың данасы Абай қарап тұрады. Ал осы Абай көшесінің бойындағы тағы да сондай тоғыз қабатты үйдің қабырғасынан бүгінде халқымыздың анасы деңгейіне көтерілген қайраткер қызы Кәмшат апамызды көреміз. Алматылық суретшілер Аққали Зәкіров пен Ержан Танаев салған суретте ол ақ жаулығының ұшын иығынан асырып тастап, ойлы жанарымен туған жердің төрінен еліне қарап отырғандай.
Рас, Кәмшат Дөненбаеваның есімі Коммунистік партияның әйелдің ермен «теңдігі» осылай деп, белін қайыстырып ауыр еңбекке жегіп, желеулеткен саясаты тұсында тек елімізге ғана емес, одан да сырт жерлерге белгілі болды. Кәмшатқа еліктеп, талай қыз трактор руліне отырды, мал шаруашылығында әйелдер қойшының таяғын ұстады. Оларды партия арқадан қақты, Социалистік Еңбек Ері атанды. Алайда әу баста Жаратқан иеміз мұздай темір мен құрық емес, өмірге ұрпақ әкеліп, отбасының ұйытқысы, дәстүр-салттың қазығы болуды бұйырған әйелдің үй көрмей далада жүруі ұлтты оздыратын емес, тоздыратын әрекет екенін уақыт көрсетті. Бір әңгімелескенімізде Кәмшат апай: «Мен коммунист болайын, қырда жүрейін ішкі рухымды бермеген адаммын» деген еді.
Келін боп түскеннен кейін қос ененің, атасының бабын тапты. Жас келін бүкіл Ақсуат ауылына ибалылықтың, сыйластықтың үлгісі болды. Ол өзінің енелері мен атасының да шырайын шығарып, аузынан тастамай отыратын. «Үлкен енем атамның әмеңгері екен. Менің жолдасым Темірбек кіші енемнен туған. Бірақ біз еншімізді алғанда үлкен енем – әжемді қолымызға алып шықтық, кіші енем – апамды атаммен, қайныммен қалдырдық. Қос енемнің татулығы ғажап еді ғой, олар маған анамның ерте қайтқанын білдірген жоқ. Атам мейірімнен жаралғандай кісі еді, жарықтық. Бізді «Кәмшатжан, Темірбекжан» деумен өтті дүниеден. Ол кісі екі әйелін де керемет сыйлады. Үлкен енемді «жаным», кіші енемді «тайым» деп отыратын. Мен осындай отбасының ұйыған берекесін, дәстүрін сақтауды, жалғауды міндетіме алғандаймын» деген еді Кәмшат апа бір сырласқанда.
Өзі жолдасы Темірбекпен екі ұл, екі қыз өсірді, немере, шөберелерін тәрбиеледі. Кәмшаттың осындай әйелдік даналығы айналасына шуақ шашып тұратын. Атым бар деп асқан жоқ, тасқан жоқ. Үлкеннің алдынан өтпей, кішіге биіксінбей қарапайымдылығымен, ақылымен қоғамдағы, отбасындағы әйелдің орнын меңзеп кетті Кәмшат апа.
– Мамам туған қайнысының әйелі Жанна апайды, өзінің келіндері – мені және Динаны татулыққа тәрбиеледі. Ол кісі көп ақыл айта бермейтін, барлығын өзінің мейірімге толы жанарымен «айтып» тұратын. Біз, әулеттегі үш келін бүгінде енемнің осы өсиетін орындауға талпынып келеміз, – дейді келіні Ақмарал.
Кәмшат апа Қостанайдағы зәулім үйдің биігінен мейірімді жанарымен мұндай өсиетті бүкіл қазақ әйеліне де меңзеп отырғандай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ