Аймақтар • 08 Наурыз, 2019

Қостанай төрінде – Кәмшаттың бейнесі

1022 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай қаласын көріктендіру – үздіксіз жүретін жұмыстың бірі. Соңғы жылдары қаладағы көп қабатты үйлердің сыртын бояп әрлендіру, 9 қабатты үйлердің көше жақтағы бетіне сурет салу облыс орталығына көрік беріп қана қойған жоқ, тіпті оның рухани, тәрбиелік те мәні бар екенін қостанайлықтар мен қала қонақтары байқағандай. 

Қостанай төрінде – Кәмшаттың бейнесі

Қаланың өзі аттас көше­сін бас­тайтын тоғыз қа­бат­ты зәу­лім үйден халқы­мыз­дың да­насы Абай қар­ап тұ­ра­ды. Ал осы Абай көше­сі­нің бойындағы тағы да сон­дай тоғыз қабатты үй­дің қа­бырғасынан бү­гін­де хал­қы­мыздың анасы деңгейіне көтерілген қай­рат­кер қызы Кәмшат апамыз­ды көреміз. Алма­тылық сурет­ші­лер Ақ­қа­ли Зәкіров пен Ержан Та­на­­ев салған суретте ол ақ жау­лы­ғының ұшын иығынан асы­­рып тастап, ойлы жанары­мен туған жердің төрінен еліне қарап отырғандай. 

Рас, Кәмшат Дөненбае­ваның есімі Коммунистік партия­ның әйел­дің ермен «тең­дігі» осы­лай деп, белін қайыс­тырып ауыр еңбекке же­гіп, желеулеткен сая­саты тұ­сында тек елімізге ғана емес, одан да сырт жерлерге белгілі болды. Кәмшатқа еліктеп, талай қыз трактор ру­ліне отырды, мал шаруа­шы­­лығында әйел­дер қой­шы­­­ның тая­ғын ұстады. Олар­ды пар­тия арқадан қақ­ты, Социа­листік Еңбек Ері атанды. Ал­айда әу баста Жарат­қан иеміз мұздай темір мен құрық емес, өмірге ұрпақ әкеліп, отбасының ұйытқысы, дәстүр-салттың қазығы болуды бұйырған әйелдің үй көрмей далада жүруі ұлтты оз­дыратын емес, тоздыратын әрекет екенін уақыт көр­сетті. Бір әңгі­ме­лес­ке­ні­мізде Кәмшат апай: «Мен ком­мунист болайын, қырда жүр­ей­ін ішкі рухымды бермеген адам­мын» деген еді.

Келін боп түскеннен кейін қос ененің, атасының ба­бын тапты. Жас келін бүкіл Ақсуат ауылына иба­лы­лықтың, сый­лас­тықтың үлгі­сі болды. Ол өзі­нің ене­лері мен атасының да шырайын шығарып, ау­зы­­­нан тастамай отыратын. «Үл­­кен енем атамның әмең­­гері екен. Ме­нің жолдасым Темірбек кі­ші енемнен ту­ған. Бірақ біз ен­ші­мізді алған­­да үлкен енем – әжем­ді қо­лы­­мызға алып шық­тық, кіші енем – апамды атам­мен, қайныммен қалдыр­дық. Қос ен­ем­нің татулығы ға­жап еді ғой, олар маған анам­­ның ерте қайтқанын біл­дірген жоқ. Атам мейі­рім­нен жаралғандай кісі еді, жарық­тық. Бізді «Кәмшатжан, Темірбекжан» деумен өтті дүниеден. Ол кісі екі әйелін де керемет сыйлады. Үлкен енемді «жаным», кіші енемді «тайым» деп отыратын. Мен осындай отбасының ұйы­ған берекесін, дәстүрін сақ­тау­ды, жалғауды мін­детіме алған­дай­мын» де­ген еді Кәмшат апа бір сыр­лас­қан­да. 

Өзі жолдасы Темірбекпен екі ұл, екі қыз өсірді, немере, шөберелерін тәрбиеледі. Кәм­шаттың осындай әйелдік дана­лығы айналасына шуақ ша­шып тұратын. Атым бар деп асқан жоқ, тасқан жоқ. Үлкеннің алдынан өтпей, кі­шіге биіксінбей қара­па­йым­­дылығымен, ақы­лымен қоғам­дағы, отба­сын­да­ғы әй­ел­дің орнын меңзеп кетті Кәмшат апа. 

– Мамам туған қайны­сы­ның әйелі Жанна апайды, өзінің келіндері – мені және Динаны татулыққа тәрбие­леді. Ол кісі көп ақыл айта бермей­тін, барлығын өзі­нің мейі­рімге толы жанары­мен «айтып» тұратын. Біз, әулет­те­гі үш келін бүгінде енем­нің осы өсиетін орындауға талпынып келеміз, – дейді келіні Ақмарал. 

Кәмшат апа Қостанайдағы зәулім үйдің биігінен мейі­рім­ді жанарымен мұндай өсиет­ті бүкіл қазақ әйеліне де меңзеп отырғандай.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

ҚОСТАНАЙ