Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары С.Сұлтанханов: «Жылы шырайлы көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен барлық қыз-келіншектерді шын жүрекпен құттықтаймын. Тәуелсіз еліміздің нығайып, әлем таныған ел болуына Сіздер сияқты бизнес-ханымдар өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп, әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді. Баршаңызға мереке қайырлы, құтты болсын! Әрбір шаңыраққа шаттық пен бақыт, отбасының аманшылығын, еліміздің өсіп-өркендей беруін тілейміз. Өмірдегі әйел жаққан шырақ сөнбесін!» - деп, ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ, ол кәсіпкер әйелдерге аудан әкімі Б.Асановтың құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады.
Бизнес-ханымдардың өзара танысу барысында сөз сөйлеген «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мақтаарал аудандық филиалының директоры Нұргүл Әбдіразақова өзі басқарып отырған мекеменің кәсіпкерлерге қандай көмек бере алатындығы жөнінде айтып өтті. «Кәсіпкерлер палатасы – кәсіпкерлердің мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасауына, атап айтқанда басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асуына жәрдемдеседі. Сондай-ақ, оларға заң және басқа да тұрғыдан кеңестер бере алады» - деді Н.Әбдіразақова.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген ханымдар мұндай жиынның бұрын-соңды болмағанын тілге тиек етіп, аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, мұндай іс-шараларды дәстүрге айналдырып, жиі тәжірибе мен пікір алмасып тұру керектігін еске салды.