Жуырда Le Monde және The Guardian сияқты Еуропаның белді-белді және беделді басылымдарында жарияланған мақаласында Еуроодақты жаңғыртуға байланысты ойларымен бөліскен Э.Макрон тікелей Еуропа тұрғындарына қарата өз бастамаларының басымдықтарын ұғындыруға тырысты. Сондай-ақ «Құбылған әлемнің талаптарына сай өркениетті қайта құруымыз керек дей келе, бұл жоспары Еуропаны тоз-тоз болып бөлшектенуден және оқшауланудан сақтайтындығын мәлімдеді.
Сонымен, Эмманюэль Макрон қандай өзгерістер ұсынып отыр десек, біріншісі – Еуропаны сыртқы қатерлерден қорғайтын агенттік құру. Франция президенті бұл бастамасын Еуроодақтағы бостандық пен демократияны қорғау деп топшылайды. Оның атауы да дайын – Еуропаның демократияны қорғау жөніндегі агенттігі. Оның жұмысы Одақтың әрбір мемлекетіне ақпараттық қитұрқылықтар мен кибер шабуылдардан қорғанатын сарапшылық қолдау көрсету. Екіншісі, Еуроодақ партияларының шетелдерден қаржыландырылуына тыйым салу. Мұның мәні айтпаса да түсінікті. Ал үшіншісі – әскери әлеуетті арттыру және Ұлыбританиямен әскери ынтымақтастықты сақтап қалу. Қазіргі саяси сараптамалар мен жорамалдарға сенсек, ағылшындар Еуропалық одақты наурыз айының соңына таяу тастап шығуы мүмкін. Сондықтан да Макрон Еуропа мемлекеттерінің НАТО-мен арадағы келісімдерін жаңартып, әрбір мемлекеттің Еуроодақ алдындағы міндеттерін, әскери салаға бөлетін қаражаттарының көлемін қайта қарауды ұсынуда.
Жалпы, Франция президенті бұған дейін де қорғаныс мәселелерінде АҚШ-қа үміт арта бермей, Еуропаның өзіндік қорғаныс әлеуетін нығайту туралы мәлімдеме жасаған болатын. Оның ішінде жалпыеуропалық жедел әрекет ету қызметі де бар.
Төртінші маңызды бастама Шенген аймағының шекарасын шегендеуге байланысты болды. Бұл ұсыныстың қауіпсіздікке қатысты тұсынан бұрын, босқындарды қабылдауға қатысты жағы таразының басын тартып тұр. Өйткені Франция президенті өз мақаласында Германияның 1 миллиондай мигрант қабылдап отырған кезде, Венгрия өз аумағына босқындарды кіргізуден үзілді-кесілді бас тартып, заңнамалық деңгейде тыйым салғандығына қынжылысын жасыра алған жоқ.
Э.Макрон Еуроодақ аумағында біркелкі жұмысқа біркелкі жалақы төлеуді көздейтін «әлеуметтік қалқан» құру, болашағы бар жобаларға инвестиция тарту, ауа қабатынан залалды қалдықтарды азайтатын экологиялық банк ашу туралы да ұсыныстарын жария етті.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көреміз», дейтіндей Макронның мәлімдемелеріне қатысты әріптестері мен сарапшылардың болжамдарының жаңғырығы да негізгі мәселеден кем түсіп тұрған жоқ.
Мәселен, Еуроодақ Кеңесінің төрағасы Дональд Туск Франция президентінің Еуропаны шетелдің ықпалынан қорғау жайындағы бастамасына қолдау білдіргенімен, өзге ұсыныстары туралы естімеген, тіпті оқымағандай сыңай танытты. Ал Испания премьер-министрі Педро Санчес әріптесінің бастамаларын толық қуаттады. Сондай-ақ Германия канцлері Ангела Меркель мамыр айына жоспарланған Еуропарламент сайлауы алдында Еуропаның болашағы туралы пікірталастарды қолдайтындығын айтты.
Осындай пікір алуандығының әсері болар, қазір күллі әлем Эмманюэль Макронның жоспары жүзеге аса ма, жоқ па деген қалың ойдың құшағында қалды. Осы мәселеге байланысты пікір білдірген сарапшылардың көбі Франция басшысы өз жоспары арқылы АҚШ президенті Дональд Трампқа қыр көрсетіп, Еуропаның саяси-қаржылық, әскери-әкімшілік бұғаудан босауға ұмтылысын көрсетті деген жорамалдарын айтуда.
Бұл, Кәрі құрлықты қым-қиғаш ете бастаған бастамаларды Макрон алғаш рет 2017 жылы Сорбонна университетінде жасаған баяндамасында көтеріп, Еуроодақты реформалаудың жолын ұсынған болатын. Ол салық салу жүйесін үйлесімді ету, қаржылық келісімдерге жалпыеуропалық салық белгілеу, сондай-ақ қорғаныс пен қауіпсіздік салаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға шақырған еді.
Ал былтырғы тамыз айында Парижде елшілер алдында сөйлеген сөзінде қорғаныс пен сыртқы саясатта АҚШ-қа тәуелділіктен арылу туралы пікір білдірді. Арада екі ай өткенде Макрон мырза мен Меркель ханым еуроаумақтың инвестицияларға және инновацияларға арналған бюджетін жасақтауға уағдаласты.
Жалпы, саясаткерлер қауымы Франция президентінің бастамаларын оң бағалағанымен, мұндай реформалар Еуроодақты құрдымға жіберуі ықтималдығын да жоққа шығармайды. Оған бірінші кезекте Еуропа мемлекеттерінің даму деңгейінің әркелкілігі мен ұлттық ұстанымдары әсер етуі бек мүмкін.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»