Тәуекел ханның есімі ортағасырлық мұсылман мәліметтерінде Таваккул-сұлтан, Тауке-хан, Таваккул-хан, Төкей хан деп кездессе, орыс деректерінде – Тевеккел-хан, Тевкель-царевич царь, Тевкель-царь деп жиі аталады.
Тәуекел хан – Шығай ханның он шақты ұлының ішіндегі үшіншісі. Шығай ханның ұрпақтарынан мол хабардар Қадырғали Жалайыр былай деп жазады: «Шығай ханның әйелдері көп еді, олар белгілі үш қара шаңырақтан (ордадан) тұратын. Олардан туған ұлдар мыналар: Сейітқұл сұлтан, Ондан сұлтан және Алтын ханым – Байм бегім атты бәйбішеден туған еді. Төкей хан (Тәуекел хан – Б.К.), Есім сұлтан, Сұлтан Сабыр бек ханым. Бұл үшеуінің анасы Жағат қызы Яхшым бегім еді. Әли сұлтан, Ибрагим сұлтан, Шахим сұлтан – бұлардың анасы Бұрындық ханның қызы Дадам ханым еді».
Тәуекел сұлтанның тарихи болмысын шартты түрде сұлтандық және хандық кезең деп екіге бөлуге болады.
Сұлтан лауазымымен оның есімі алғаш рет жазба деректерде Хафиз Таныш еңбегінде XVI ғасырдың 80-жылдарының басындағы оқиғаларға қатысты кездесе бастайды. 1581 жылы Шығай хан Мауереннахр билеушісі шайбанилық II Абдаллах ханның сарайына келгенде, «Шараф-наме-йи шахи» авторы қазақ ханының жанында ұлдары болды деп жазады да, тек Тәуекел сұлтанның есімін ғана атайды.
II Абдаллах хан өзінің басты қарсыласы Баба сұлтанға бағытталған 1581 жылғы жорығына Шығай хан мен оның ұлдарын қатыстырады да, жеңіске жеткеннен кейін әскербасыларын өз уәлаяттарына қайтарады. Шығай ханның Ходжентке оралуына рұхсат беріп, Тәуекел сұлтанды өзінің ең сенімді адамдарымен бірге Бұхараға ертіп кетеді. Бұхара ханының бұл жерде қандай ойы болғанын дөп басып айту қиын. Дегенмен, көрші ел билеушілерінің басты өкілдерінің бірін жанында ұстауы тегін емес деп ойлаймыз.
II Абдаллах ханның Баба сұлтанға қарсы кезекті жорығы 1582 жылдың көктемінде, сәуір айының алғашқы күндері басталады. Бұл жорыққа тағы да Шығай хан және оның ұлдары қатыстырылады. Баба сұлтанның соңына түскен Бұхара ханы Орталық Қазақстандағы Ұлытауға дейін жетеді. Деректе сол маңдағы Жошы ханның мазары айтылады. Ұрыс қарсаңында шайбанилық билеуші оң қанаттағы әскердің алдыңғы бөлігіндегі топқа Шығай ханды, қазақ сұлтандарын және Тәуекел сұлтанды бұйрықпен бекітеді. Деректе автор Тәуекел сұлтанға: «Дешті Қыпшақта даңқы шыққан және ерлігі, батырлығы, қайсарлығы жағынан бүкіл әлемде жалғыз өзі», деген сипаттағы баға береді. Жорық барысында шайбанилық хан әскерінің бір тобы қарсыласының соңына түсіп, Сауық өзені (ортағасырлардағы Торғай өзенінің атауы) бойында ұрысқа түседі. Баба сұлтан әскері қатты табандылық көрсетсе де, ұрыс барысын Тәуекел сұлтан басқарған әскер тобы шешеді. Ол жөнінде деректе былай деп сипатталады: «...Сол уақытта басқа жақтан жауының құтын қашырып, Тәуекел сұлтан жеке әскерімен ұрысқа енді де, алғашқы екпінмен қарсыласын жойып жіберді». Баба сұлтан болса, маңғыттарға қарай қашуға мәжбүр болады.
Тәуекел сұлтанның осы жорық барысындағы келесі бір ерлігі – оның Баба сұлтанның туған бауыры Тахир сұлтанды Созақ пен Сауран арасында тұтқынға алуы. Бұл оқиға 1582 жылдың 16 маусымы күні болады. Осы ерлігі үшін II Абдаллах хан қазақ сұлтанына өте риза болып, алтын жіптермен тігілген халат, бөрік және қымбат тастармен өрнектелген белдікті сыйға тартады.
Тәуекел сұлтанның Мауереннахр билеушісімен бірге Баба сұлтанға қарсы күресінің қорытындысы ретінде оның Баба сұлтанды өлтіріп, басын II Абдаллах ханға алып келуін айтуға болады. Хафиз Таныш ол оқиғаны былайша әңгімелеп баяндайды. Оның қысқаша мазмұны мынадай:
Маңғыт еліне бас сауғалап қашып келген Баба сұлтан жанындағы адамдардың кеңесіне құлақ асып, маңғыт билері мен мырзаларын қастандықпен өлтіріп, маңғыт елінің билігін тартып алуды ойластырады. Оның бұл ойын сенімді адамдар маңғыт билеушілеріне хабарлап қояды. Арам ойы іске аспағаннан кейін маңғыттар тарапынан қауіптенген Баба сұлтан адамдарымен қайтадан Түркістан уәлаяты жаққа қарай қашады. Сығанақ жанынан өтіп, Ясы қаласына азық-түлік пен киім кешек алу үшін өзіне қызмет жасап жүрген екі қалмақты жібереді. Ол екеуі Ясыдан мол киім-кешек алып кейін қайтады. Дәл осы кезде екі қалмақты Тәуекел сұлтанның адамдары кездейсоқ кезіктіріп қалады. Екі қалмақты қатты қинап, жөндерін сұрағанда олар Баба сұлтан туралы ақпараттың бәрін жайып салады.
Бұл хабарды шайбанилық ханға жеткізу үшін Тәуекел сұлтан өз адамын жібереді. Бірақ одан көмек келгенін күтпей, аз ғана әскерімен Баба сұлтан орналасқан жерге шұғыл аттанып кетеді. Баба сұлтан адамдары Тәуекел сұлтан әскерін алыстан көріп, қарсыласуға дәттері шыдамай, жан-жаққа қаша бастайды. Баба сұлтанның ең сенімді адамы, онымен бірге талай ыстық пен суықты басынан өткерген Бузахур сұлтан Сайрамға қарай атының басын бұрады.
Баба сұлтан баласы Латиф сұлтанмен қоштасып, Жан-Мұхаммед аталықпен бірге тауға қарай қашады. Тәуекел сұлтан адамдары Латиф сұлтанды тұтқындап, қашқындардың соңынан қууды жалғастырады. Қашқындар қашып құтыла алмасын білген соң, аттарын кері бұрып, садақпен атыса бастайды. Сол кезде садақ оғы Баба сұлтанға тиіп, атынан құлап түседі. Тәуекел сұлтанның бұйрығымен жауларының басы кесіліп, 1582 жылдың 7 тамызы күні II Абдаллах ханның аяғының астына тасталады. Тәуекел сұлтанның ерлігіне әбден риза болған Мауереннахр билеушісі мол сый-сияпаттар беріп, Соғды мен Самарқанд аралығында орналасқан Африкент уәлаятын сыйға тартады.
Тәуекел сұлтанның Баба сұлтанға және оның жанындағы адамдарына қарсы жан аямай күресінің өзіндік себебі болған. Ол себеп – Хақназар хан үшін, Жалым сұлтан үшін және олардың ұлдарының өлімі үшін «қанға қан» деген қағидаға сай кек қайтару болатын.
Тәуекел сұлтан Бұхара билеушісінің жанында тағы да бір жылдай болады. Оның 1583 жылғы Андижан мен Ферғана аймақтарына жасаған жорығына қатысады, қайтар жолда II Абдаллах хан тарапынан өзіне деген сенімсіздіктің пайда болғанын байқап, Тәуекел сұлтан Дешті Қыпшаққа оралады. М.Қ.Әбусейітова Тәуекел сұлтанның Бұхара ханынан іргесін ажыратуын былайша түсіндіреді. 1583 жылы Абдаллахтың әкесі Ескендір хан қайтыс болып, Абдаллах өзін заңсыз хан деп жариялайды. Таққа үміткер шайбанилықтардың көбі күрес барысында қаза табады. Шыңғыс ұрпағы болғандықтан беделі зор Тәуекел сұлтаннан да қауіптене бастаған секілді. Тәуекел сұлтан мұны сезіп, Дешті Қыпшаққа кетуге мәжбүр болады.
Тәуекел сұлтанның Дешті Қыпшақ аумағына келгеннен кейінгі алғашқы 3 жылы ешбір жазба деректе айтылмайды. Дегенмен, оның Шығай хан ұлдары ішінде, тіпті сол жылдардағы Жәнібек хан әулеті ішінде ең беделді тұлғалардың бірі болып саналуы, оны хан тағына әкелген деуге негіз бола алады. Ортағасырлық тарихшы Ескендір Муншидің Тәуекел сұлтанды «хан атағын өзіне алып алған» деп жазуына қарағанда, алғашқыда оны шығайлық сұлтандар мен жақтастары ғана хан деп мойындаған деп түсінуге болады.
Осы жылдардан бастап Тәуекелдің өміріндегі хандық кезең басталады.
Тәуекел хан Дешті Қыпшақта жүріп, Мауереннахрдағы жағдайды жіті бақылап отырады. Бұхара билеушісінің қатты күшеюіне байланысты ол бірте-бірте оның қарсыласына айнала бастайды. 1586 жылы ол II Абдаллах ханның оңтүстік өңірлерде жүргенін пайдаланып, Бұхара билеушісінің солтүстіктегі шекарасына жақындайды да, Түркістанды, Ташкентті, тіпті Самарқанды басып алуға ниеті бар екенін жасырмайды. Ташкенттіктер азғантай ғана әскерімен қазақтарға қарсы шығып, Шарапхана маңында кездеседі. Ұрыс барысында қазақ әскерлері қарсыласын тас-талқан етіп жеңеді. Бұл хабар тез арада Самарқанға жетеді. Ондағы II Абдаллах ханның бауыры Ибадулла сұлтан бүкіл аймақтан әскер жиып, шұғыл түрде Ташкент маңына келеді. Тәуекел хан бұл кезде Сайрам түбінде болатын. Қарсыласының іс-әрекетінен хабардар болған Тәуекел хан ашық ұрысқа шықпай, далалы аймаққа шегініп кетеді.
Тәуекел ханның II Абдаллах хан иелік етіп отырған Сыр бойындағы қалалар мен Ташкент өңіріне алғашқы жорығы оған ешқандай нәтиже әкелмесе де, ол бұл жорығымен ресми қазақ ханы ретінде осы аймақтарда өзінің мүддесі бар екендігін ашық көрсетеді. Күштердің ара салмағы тең болмауы себепті Тәуекел хан Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін күресті уақытша кейінге шегереді. Жалпы алғанда, бұл күрес қазақ хандарының қазақ халқының этностық аумағын біріктіру жолындағы XV ғасырдың 70-ші жылдарынан бері жалғасып келе жатқан күресінің бір эпизоды ғана болатын.
Тәуекел хан 1586 жылғы Ташкентке жасаған сәтсіз жорығынан кейін Бұхара билеушісімен қарым-қатынасында уақытша бейтараптық позиция ұстанады. Тіпті, 1588 жылғы II Абдаллах ханға қарсы Ташкент аймағындағы жергілікті билер мен бектердің үш айға созылған көтерілісіне қатыспайды. Өйткені бүкіл Мауереннахр мен Хорасан аймағының экономикалық қуатына сүйенген шайбанилық билеушінің саяси-әскери әлеуеті өте зор еді. Алысты көре білетін Тәуекел хан Мауереннахр билеушісімен ашық күреске барудан бас тартып, басқа көршілес елдермен қарым-қатынасын бейбіт түрде, бірақ белсенді жүргізе бастайды.
XVI ғасырдың 80-жылдарының соңы мен 90-шы жылдардың басында Тәуекел ханның сыртқы саясаттағы белсенділігі Шығыс Түркістан мен оған көршілес аумақта көшіп жүрген ойрат тайпаларына қарсы бағытталады. Шах Махмуд Шорастың «Тарих» атты еңбегінде Қашғарияның ішкі саяси істеріне Абд ар-Рашид хан қайтыс болғаннан кейін Тәуекел ханның өте белсенді түрде араласқаны жөнінде бір мәлімет кездеседі. Шығыстанушы-ғалым В.П.Юдин осы мәліметті негізге алып, Шығыс Түркістан аумағындағы Чалыш пен Тұрфан қалаларындағы билікке кімнің отыратындығын Тәуекел ханның позициясы анықтады деген тұжырым жасайды.
Деректерде Абд ар-Рашид хан қайтыс болғаннан кейін оның көптеген ұлы арасында билік үшін талас-тартыстардың болып, оның ұзаққа созылғаны жөнінде айтылады. Олар өзара күрес барысында көршілес елдердің билеушілеріне арқа сүйейді. Күресуші топтың кейбір өкілдері Тәуекел ханнан да көмек сұраған секілді. Мұндай жағдайда Тәуекел хан ол жақтағы ықпалын кеңейту үшін көмегін аямайды. Тарихшы Шах Махмуд Чорас 1580-жылдардың соңында Абд ар-Рашид ханның Құрайыш сұлтаннан туған ұлы Хұдабанда сұлтанның Тәуекел ханның көмегімен Тұрфан мен Чалыш қалаларындағы билікті басып алғандығын баяндайды. Бұл дерек әзірге жалғыз болса да, Тәуекел ханның өз еліндегі ішкі саяси жағдайларды реттеп, белгілі бір дәрежеде халықаралық деңгейге шыққандығын көрсетеді. Біздің бұл ойымызды сол жылдардағы қазақ-ойрат қарым-қатынастарындағы Тәуекел ханның атқарған рөлі растай түседі.
XVI ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының шығысындағы ойрат тайпаларында саяси бытыраңқылық белең алып тұрған болатын. Олар ұзақ уақыт бойы халха моңғолдармен жайылымдық жерлер үшін күрес жүргізіп, көп жағдайда жеңіліске ұшырап отырды. Сол себепті бытыраңқы ойрат тайпалары батысқа қарай жылжып, қазақтардың және шығыстүркістандық билеушілердің иеліктеріне тақап келеді. Өз кезегінде қазақ хандары мен шағатайлық хандар ойраттарға қарсы шабуылдар жасап отырады. 1588 жылы Тұрфан билеушілері ойраттарға кезекті соққы жасап, оларды шығысқа қарай қашуға мәжбүрлейді. Ойраттардың қазақтармен де күресі нәтижесіз жүреді. Бұл кезде біршама күшейіп алған Тәуекел хан ойраттарды жеңіп қана қоймай, олардың жекелеген тайпаларына өз билігін мойындатады. Бұл туралы 1594 жылдың қаңтар айында Мәскеуге келген Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед пен Ораз-Мұхаммед сұлтанның арасында болған әңгіменің жазбасында айтылады. Онда Ораз-Мұхаммед сұлтанның өзінің жақын туыстарының жағдайы мен қазақ елінің көршілерімен қарым-қатынасы туралы қойған сұрақтарына елші былай деп жауап қайтарады: «...Қазір сенің көкең Тәуекел хан Қазақ Ордасында хан болып отыр, өзінің інісі Шах-Мұхаммед сұлтанды қалмақтарға отырғызды, олар бір-біріне жақын жерде көшіп-қонып жүр және бәрі ынтымақта. Ал Бұхара патшасымен уақытша бейбіт өмір сүруде, ноғайлармен де, алтыұлдықтармен де бейбіт жағдайда, Дін-Ахмет ұрпақтарымен және Орыс ұрпақтарымен – бірде олай, бірде бұлай өмір сүріп жатыр».
Бұл мәлімет сол кездегі Қазақ хандығының шекарасын және Тәуекел ханның беделінің қандай болғандығын білуге көмектеседі. Батыста Қазақ елінің шекарасы Жем мен Жайық өзендері аралығындағы ноғайлармен, шығыста ойрат тайпаларының жайылымдарымен түйісіп жатқанын аңғарамыз. Ал Тәуекел ханның қазақ қоғамындағы билігі әбден орныққанын және көршілес елдермен саяси қарым-қатынасында белсенді рөл атқарып отырғанын көреміз.
Тәуекел ханның XVI ғасырдың 90-жылдарының ортасында жүргізген сыртқы саясатындағы басты бағыттың біріне – Орыс мемлекетімен елшілік байланыстарды орнатуын қосуға болады. Мауереннахрдың өте қуатты билеушісі II Абдаллах ханға қарсы күресу үшін Тәуекел ханға қуаты жағынан одан кем емес әскери одақтас қажет болатын. Сол жылдардағы Қазақ хандығына көршілес болған елдердің ішкі-сыртқы саяси жағдайларына қысқаша шолу жасасақ, жағдай мынадай болатын.
Тәуекел ханның шебер дипломатиялық өнері осы тұста тағы да байқалады. Күшейіп тұрған II Абдаллах ханға қарсы күресте ең сенімді одақтас Орыс мемлекеті бола алатынын білген Тәуекел хан Мәскеуге елшілік жіберуді ойластырады. Бұл жылдары Орыс мемлекетінің шекарасы оңтүстікте де, батыста да Қазақ хандығымен түйісе бастаған еді.
Тәуекел ханның Құл-Мұхаммед би бастаған елшілігі Мәскеуге 1594 жылы барды. Елшіліктің алдына бірнеше мақсат қойғаны белгілі. Олар: II Абдаллах ханға қарсы күресу үшін Орыс мемлекетімен әскери одақ құру, Тәуекел ханның немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхаммедті Мәскеудегі тұтқыннан қайтару; Орыс патшасынан Бұхараға қарсы күресу үшін «от шашатын қару» алу еді. Бұл мақсаттың бәрі дәл сол жылдары Қазақ хандығы үшін өте маңызды болатын.
Құл-Мұхаммед бидің елшілігі жөнінде тарихнамада арнайы қарастырылған. Тәуекел хан елшілігінің атқарған жұмысы мен оған жауап ретінде Орыс мемлекеті тарапынан келесі, 1595 жылы Қазақ ордасына келген орыс елшісі Вельямин Степановтың баяндауы мен жазбаларында қазақ-орыс елшілік байланыстарынан басқа, сол кезеңдегі Қазақ хандығының сыртқы байланыстары жөнінде біршама мәліметтер бар.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Ораз-Мұхаммед сұлтанның Құл-Мұхаммед бимен әңгімесінің жазбасында Тәуекел ханның жағдайы және оның қалмақтармен, Бұхара билеушісімен, ноғайлармен қарым-қатынасы туралы мәліметті келтіргенбіз. Осы құнды деректе Құл-Мұхаммед би Орыс еліне Ираннан елшілік келіп жатқанынан хабардар болып, Бұхара ханына қарсы бірігіп күресу үшін қызылбас елінің елшісімен кездесуге күш салады. Құл-Мұхаммед би орыс патшасының рұхсатымен Иран елшісімен кездеседі. Екі елші арасындағы негізгі тақырыптың Бұхараға қарсы бірігіп күрес жүргізу туралы болғаны анық. Қазақ елшісі Мауереннахрдағы шайбанилық әулеттің билігіне қарсы қазақ-иран одағын қалыптастыру мәселесін көтеріп, оны нақтылау үшін қазақ елшілігінен бір адамды Иран елшілігіне қосып, қызылбастар еліне жіберу туралы, ал Мәскеуде жүрген Иран елшілігінің бір адамын қазақ елшілігімен бірге Тәуекел ханға жіберу туралы ұсыныс білдіреді және ол ұсыныс қабылданады. Келесі жылы қазақ еліне орыс елшілігін басқарып келген Вельямин Степановпен бірге ирандық елшіліктің бір өкілі еріп барып, орыс елшілігімен бірге кейін оралғандығы туралы айтылады. Ал қазақ елшілігінен Иранға барған адам туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Жалпы алғанда, Құл-Мұхаммед бидің елшілігінен байқағанымыз, Тәуекел хан үшін сол кездегі Қазақ хандығының ең басты қарсыласы – Мауереннахрдағы шайбанилық билеуші II Абдаллах хан болғанын көреміз. Сол себепті де Тәуекел хан оған қарсы күресу үшін мүмкін болған жағдайдың бәрін пайдаланады.
1595 жылдың наурыз айында Тәуекел ханға Орыс мемлекетінен Вельямин Степанов бастаған елшілік аттандырылады. Әрі орыс елшілігінің құрамында жоғарыдағы келісім бойынша Иран елшілігінің Дервиш Мұхаммед есімді бір өкілі болады. Сол жылдың мамыр айының соңғы күні Қазақ ордасына жеткен орыс елшілігі 60 күн қазақтар арасында болып, шілденің соңғы күні кері қайтады. Қыркүйектің соңына таман елшілік аман-сау Мәскеуге жетеді. Вельямин Степановтың баяндамасы мен жазбасында оның қандай маршрутпен Қазақ еліне келгендігі, қандай қиыншылықтарды басынан өткергені, Тәуекел ханның оны қалай қабылдағаны, патша грамотасын қалай тапсырғаны және тағы басқа елшіліктің жайттары айтылады. Орыс елшісі Тәуекел ханның ордасы қай жерде болғанын нақтылап айтпаса да, оның қай өңірде болғанын шамалауға болады. Елшінің баяндамасында бір орыс боярының ұлы Илейка Меньшиков деген тұтқынның Ташкенттен қашып шығып, Қазақ ордасындағы орыс елшілігіне келгенін, оның соңынан қуып келгендерге елшінің 14 сом беріп босатып алғанын жазады. Соған қарағанда, сол кездегі Тәуекел ханның ордасын Ташкенттен Дешті Қыпшаққа қарай, онша қашық емес жерде орналасқан деп санаймыз.
(Жалғасы бар)
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы