Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, 12 наурыз күні сағат 10-да облыстық халық шығармашылығы орталығында «Ойдағы ел қырдағы елмен амандасып...» атты халықаралық айтыс басталады. Сөз аламанына Асанәлі Әшімов бастаған өнер қайраткерлері қазылық етеді. Айтыс екі күнге созылады.
13 наурыз күні 15.00-де бата беруден республикалық байқау өтеді. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, бабалар дәстүрінің қадір-қасиетін арттыруды мақсат еткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 17 батагөй қатысады деп жоспарланып отыр.
Ал 14 наурыз күні сағат 11-де облыс орталығындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында . «Көрісу Fest» халықаралық фестивалі шымылдығын ашады. Шара аясында суретшілер плэнері, облыстық музей көрмесі, ұлттық сусындар мен тағамдар жәрмеңкесі өтеді. «Жастар жарыса көрісіп қауышады» байқауы мен театрландырылған әдеби-музыкалық қойылым мерекенің мәнін келтірмек.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
АТЫРАУ