11 Наурыз, 2019

Алматы әкімдігі «Бақытты отбасы» бюджеттік несие беру бағдарламасын іске қосып жатыр

2844 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімдігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірге көп балалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бюджеттік несие беру бағдарламасын іске қосуда.

Алматы әкімдігі «Бақытты отбасы» бюджеттік несие беру бағдарламасын іске қосып жатыр

Аталған бағдарлама Алматы қаласы әкімдігінде баспана алу үшін кезекте тұрған 1 276 алматылық көп балалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз етуге көмектеседі. Бүгінгі күннен бастап олардың барлығы бағдарламаға қатысу үшін өз өтініштерін арнайы жасалған http://www.baqytty-otbasy.kz сайты арқылы онлайн режимде берулеріне болады.

Құжаттар 2019 жылдың 15 наурызына дейінгі 5 күн ішінде қабылданады. Содан кейін Тұрғын үй басқармасы өтінішті қарастырып, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылардың тізімін бекітеді.

Бюджеттік несиелендіру бағдарламасына қатысушылар тұрғын үйді сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен алдын ала заем түрін алуларына болады. Жеңілдетілген несиені алу үшін заем сомасының 10 пайызын құрайтын мөлшерде алғашқы жарнаның болуы қажет. Бұған қоса, бюджеттік несиелендіру бағдарламасына қатысушы көп балалы отбасылар Алматы қаласы әкімдігінен құны 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаттарын алады. Бұл қаражат заем алар кезде алғашқы жарнаны өтеуге арналған.

Несие тек жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін беріледі. Заемның ең жоғарғы сомасы 15 млн теңгеге тең.

- Мемлекет Басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде көп балалы отбасыларды қолдап, олар үшін қолжетімді тұрғын үй санын арттырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жеңілдетілген несие беру механизмін дайындап шығаруды тапсырған. Қазіргі сәтте Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындарын қамтитын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа бір бағыт әзірленуде. Алматы қаласының әкімдігі жаңа ереженің бекітілмесін күтпестен, алдын ала қалалық бюджеттен қаражат бөліп, көп балалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасын іске қосты. Жақын арада бұл отбасылар жалға алған пәтерлерінен өздерінің жеке пәтерлеріне қоныс аударатын болады, - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Алматылық тұрғындар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерді өздері іздеп табуы тиіс. Ол үшін оларға бір ай көлемінде уақыт беріледі. Пәтерлерді іздеп табуға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметкерлері көмектесетін болады. Қазір арнайы осы үшін банктің қалалық филиалында барлық параметрлерге сәйкес сатылымға қойылған тұрғын үйлердің тізімі жасақталуда.

Ең жоғарғы сомасы 15 млн теңгені құрайтын заем бойынша несиені өтеу үшін 79 000 теңге қажет. Бұған қоса, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі төлемқабілеттілікті бағалау процесі жеңілдетілген тәртіпте өткізілетін болады. Бағдарламаға қатысушылар несиені өтеуге қажетті ай сайынғы төлем сомасы мен ересек кісіге шаққанда 5 АЕК (12 625 теңге) мөлшеріндегі өмір сүруге арналған ең төменгі соманы төлеу үшін жеке табысының жеткілікті екендігін растауы керек. Төлемқабілеттілікті бағалау кезінде балаларға жұмсалатын шығын түрлері есептелінбейді.