Дәстүрлі конкурстың мерейлі саны Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» бағытын басшылыққа ала отырып, сонымен қатар Жастар жылына орайластырып «Қазақ кино өнеріндегі жастар бейнесі» тақырыбында ұйымдастырылды.
«Ғасырдан ғасырға» интеллектуалдық конкурсының іріктеу кезеңінде Астана қаласы білім беру мекемелерінің 9-10 сынып оқушыларынан 65 командадан құралған 195 оқушы сынға түсіп, жоғары ұпай жинаған 19 команда қалалық кезеңге жолдама алса, бүгінгі ақтық кезеңге үй тапсырмасына берілетін сахналық қойылымнан ұйымдастырушылардың сұрыптауынан өткен 15 мектептің командасы қатысты.
Конкурстың Ережесіне сәйкес қатысушы командалар ІІІ тур тапсырмасы бойынша сыналды:
I тур – «Қазақ кино өнеріндегі жастар бейнесі» тақырыбында презентациялық қойылым (үй тапсырмасы).
II тур – «Төл туынды тарихын таны» тақырыбы бойынша «Білгірлер» сайысы.
III тур – «Құпия сандық».
І тур 55 жылдан бері экранда ұлттық кинематографиясының классикасына айналған «Менің атым Қожа» фильмімен басталып, көрерменді бір мезетте кино өнеріне елітіп әкетті. Қазақ кино өнеріндегі жастар бейнесі драмалық оқиғаға толы «Көксерек», албырт ғұмырын отқа оранып, жас қиылған жауқазын өмір «Мәншүк туралы дастан», соғыс жылдарынан кейінгі Алматының бір ауласы жастары туралы «Балкон», пәк махаббат пен шынайы сезімнің нышаны «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», Ұлы тұлғалар Абай мен Шоқан Уәлиханов туралы «Абай әндері», «Шоқан» т.б. кинотуындыларынан көрініс тапты.
Ел тарихы мен оның танымал тұлғаларын, олардың өнегелі өмірін үлгі тұтуға тәрбиелейтін бұл тапсырманы қатысушы командалар жоғары актерлік шеберлікпен орындап шықты. Ерекшеленген команда қатысушылары кино мен театр саласындағы мамандардан құралған қазылар алқасының «Үздік актер», «Үздік актриса» атауымен берілген марапаттарына ие болды.
ІІ тур «Білгірлер» сайысы қазақ кино өнерін зерттеп зерделеуге бағытталды. Командалар таңдалған ұяшықта берілген екі сұраққа жауап беріп, ұпай жинады. Сипаттауды тыңдап, сол арқылы сандықта жасырылған затты анықтау керек ІІІ тур «Құпия сандық» тапсырмасы көпшіліктің назарын аударды.
Аталған ІІІ турдың қорытындысы бойынша жеңімпаз бен жүлдегер анықталды:
Бас жүлде – № 64 МЛ
І орын – № 76 МЛ
ІІ орын – 4 (№ 82, 3, 73, 70)
ІІІ орын – 6 (№ 75, 66, 52, 85, 48, 74)
Грамота – 3 (№ 6, 30, 81)
Жеңіс тұғырынан көрінген командаларға арнайы кубок және сыйлықтар табысталып, сонымен қатар жетекшілеріне Алғыс хаттар, Астана қаласы білім қызметкерлері «Әділет» кәсіподағынан сертификаттар тарту етілді.