12 Наурыз, 2019

Ұлылардан қалған мұра

1470 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шәмші Қалдаяқовтың мандолинасы, Өзбекәлі Жәнібековтің тақиясы мен көзілдірігі... Бұл Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтары тамашалап, танымдық терең мағлұмат алған ұлы мұ­ралардың бірі ғана. Түркістан қаласында өткен «Ұлттық қол­өнер – ұлы мұра» фестивалінде, сондай-ақ аудан, қалалардан кел­ген қол­өнершілердің жасаған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. 

Ұлылардан қалған мұра

Ұлттық қолөнерді дамыту, ше­берлер жасаған бұйымдарды ха­лық арасында кеңінен насихат­тау, қолдау көрсету, жас әрі да­рын­дыларды анықтау, баба­дан қалған қолөнерді кәсіп ре­тінде дамытуды мақсат еткен игі іс Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дар­ламалық мақалалары шең­берінде ұйымдастырылып отыр. Облыстық мәдениет және тіл­дерді дамыту басқармасы ұй­ым­­­дас­­тырған фестивальге 200-ге жуық шебер қатысып, жасаған туын­дыларын «Ұлы даланың мұ­расы» атты қолөнер көрмесіне қойды.

Көрменің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр Түркістан қаласы көне за­ман­дардан бері кәсіпкерлік пен қолөнердің орталығы болға­нын атап өтті. «Бүгінгі іс-шара ар­қы­лы өңіріміздегі үздік қолөнер ше­берлерін анықтап, оларға қолдау көрсетуді көздеп отырмыз. Екіншіден, Түркістан облысы үшін туризм саласының орны ерекше. Ал туризм дамуы үшін қолөнеріміз де дамуы тиіс. Сон­дықтан шеберлерге жағдай жасалып, шағын кәсіпорындар ашылуы қажет», деді Ербол Садыр. Қолөнер көрмесінде зер­гер­лік бұйымдар, керамика, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу, тоқыма, киіз басу және өзге де салалар бойынша үздік атанған шеберлерге арнайы диплом мен сыйлықтар тапсырылды. 

Фестиваль барысында облыс тұрғындары мен қонақтары Оқ­сыз қалашығы, қазақтан шық­қан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов жәдігерлерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Өңірде туристік нысан ретінде сұранып тұрған аймақтың бірі – Оқсыз қалашығы. Көрмеде келтірілген деректерге жүгінсек, Оқсыз – 870 жылы Шығыстың ғұлама ой­шылы Әбу Насыр әл-Фараби өмірге келген жер. Ежелгі Ұлы Жібек жолында, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде бой көтерген Отырар қаласы «Фараб», «Барба-Фараб» деп аталған. Осын­да əл-Фараби жастық шағын өткіз­ген. Деректерде əл-Фараби Фараб­тың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында дүниеге келгені айтылады. Весиж – Сырдарияның сол жағалауында орналасқан қала. Археологтар Весиж қалашығы Отырардан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырымдағы Ақжар сайында орналасқан Оксус қалашығына сəйкес келетінін анықтаған. Қала­шық ішкі қамалдан, қабырғамен қор­шалған шахристаннан жəне рабаттан тұрады. Қалашықтың VІІІ–ХV ғасырларда тіршілік ет­ке­ні анықталған. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ақыл ой ие­сінің туған жері Фараб қаласы саналып кеткен. 

Мемлекет және қоғам қайрат­кері, публицист, алғашқы қазақ елшісі Нәзір Төреқұлов қолданған заттар мен суреттері де көрмеге қо­йылыпты. Сондай-ақ көрмеде жұрт «бүкіл қазақ еліне ән сал­дырған Шәмші» атаған, аса көр­некті сазгер, Қазақстанның ха­лық әр­тісі Шәмші Қалдаяқов қол­дан­ған мандолина мен мүштегі және «Отырардағы той» әніне арналған қолжазба көпшіліктің назарына ұсынылды. Бүгінгі таңда «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби» музейінде «Вальс падишасының» көптеген жәдігерлері сақталған. Көрмеге келушілердің ерекше назарын аударған жәдігерлерінің бірі қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі мен музей саласын дамытуда өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің тақиясы мен көзілдірігі.

Жалпы фестиваль шеңберінде өткен көрмеге 300-ге жуық тарихи, құнды жәдігерлер қойылды. Оның ішінде «Руханият Әбу На­сыр әл-Фараби» музейі алып келген Әбу Насыр әл-Фа­раби, Шәмші Қалдаяқов, Өзбекәлі Жәнібеков, Құлыншақ Кемелұлы, Тәушен Әбуова және Отырардан шыққан көптеген ақын-жазушылар жайлы деректер мен олардың төл дүниелері бар 70-ке жуық жәдігер, сонымен қатар бабтардың бабы — Арыстанбабтың мөрі де көпшілік назарына ұсынылды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы