12 Наурыз, 2019

Қоршаған ортаның денсаулыққа әсері көп

4098 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қан түзілуі жүйесінің ауруларын бірнеше топқа бөлуге болады: қан айналымының бұзылуы – гипертония; қан тамырларының зақымдануы – атеросклероз, қан тамырларының кеңеюі; жүректің зақымдануы – ревматизм, миокардит.

Қоршаған ортаның денсаулыққа әсері көп

Ересек адамдардың қан айналы­мы жүйесі ауру­ларымен сыр­қат­­тануының құры­лымында ги­пер­то­­ния, жүрек ишемиясы, цереб­ров­аску­лярлық аурулар басым болып келеді.

Статистика бойынша, қан айналымы ауруы ауру салдарынан өлім-жі­тім се­беп­тері тізімінің алдында тұра­тын па­то­логия үштігінде бірін­ші орын алады. Қан жүру жүйесі жұмы­сының бұзылу спектрі өте кең, бұл жүрекпен және қан тамырларымен болатын түрлі проблемаларды қам­тиды. Көп жағдайда мұндай ауру­лардың даму себептері саламатты өмір салтын ұстанбаудан, тұқым қуалайтын ауруларға бейімділіктен, қор­шаған ортаның ластануынан болады. 

Денсаулық көрсеткіштері мен қоршаған ортаның жай-күйі ара­сын­дағы себеп-салдарлық байланыстарды талдау кезінде зерттеушілер, ең алдымен, денсаулық жағдайы көр­сет­­кіштерінің жекелеген қорша­ған орта компоненттері: ауаның, судың, топырақтың, тамақ өнімдерінің және т.б. жай-күйіне байланысты екеніне назар аударады. Бұл аурулардың себептерінің ішінде әуелі ауаның ластануы тұр. Кардиотоксикалық әсері бар атмосфералық ауаны басым лас­­тау­­шыларға: күкірт оксидтері, азот және көміртегі, құрамында ауыр металл, фенол, формальдегид бар шаң жатады. Жүргізілген зерт­теулер өнеркәсіп және көлік шыға­р­ындыларының әсерінің жоға­ры мәндері жоғары артериялық қысым­ға, жүректің ишемиялық ауруы мен цереброваскулярлық аурулардың таралуына тура келетінін көрсетті.

Су құбыры ауыз суының химия­лық ластануының жоғары дең­ге­йі жүректің созылмалы рев­ма­ти­калық ауруларының дамуына, жү­ректің ишемиялық ауруы мен цере­брова­с­кулярлық ауру­ларға едәуір әсер етеді. Бұл ауыз судың артық минерал­ды құра­мының, ең алдымен, жалпы қаттылық тұздарының, сульфат­тар­дың, хлоридтердің, жалпы минерал­данудың, сондай-ақ ауыр метал­дың, еркін және байланысқан хлордың, марганецтің және темір­дің, нитриттердің, фтордың физио­ло­гиялық процестердің тепе-теңді­гі­н­ің бұзылуына және қан айналымы жүйесі ауруларының пайда болуына немесе дамуына әкелетін созылмалы әсерімен түсіндіріледі.

Қан айналымы жүйесі ауру­ла­ры­ның пайда болу факторларының бірі – кварталішілік және үйішілік шу. Зерттеушілер акустикалық жүкте­мелері жоғары аумақтарда халық­тың жалпы өлімінің, қан айналымы жүйесі, жүйке-психикалық аурулардан болатын өлімнің және ірі қалалар тұрғындарының құлақ мүкістігінің ұлғаю үрдісін анықтады.

Өнеркәсіптік-көлік атмос­фе­ра­лық шығарындыларында, су құбыры ауыз суында болатын көптеген зиянды химиялық заттың және шу жүкте­месінің патогенді әсері негі­зінде еркін радикалды тотығу проце­сінің жатқанын ескере отырып, ауаны ыс басу кезінде жеке қорғаныш құралдарын пайдалануды, зиянды еңбек жағдайында шу деңгейі жоғары болатын үй-жайларда құлақ тығынын тағуды ұсынамыз. Автокөлік құралдарын, тұрмыстық құрыл­ғылар мен ұйымдастыру техни­касын қанағаттанарлық техни­ка­лық жағдайда ұстау керек, сумен жабдықтау көздері мен топырақтың ластануына жол бермеу қажет, тамақ өнімдері мен тұрмыстық химия тауарларын сатып алған кезде мұқият болу, таңбалауда берілген құрамын зерделеу керек.

Мұның қолданыстағы алдын алу іс-шараларының бірі – дұрыс тамақ­та­ну. Әсіресе антиоксиданттық қор­ғаныс қасиеттері бар тамақ өнім­де­рін (цитрус жемістері, алманың жаз­ғы сұрыптары, сорго, тары, түй­іл­ген тары, арпа және күріш, сұлы кебектері ерекше бай) және вита­миндер кешенін пайдаланған аб­зал. 

Сондай-ақ уақтылы меди­ци­на­лық тексеруден өтуді, ауруды ас­қын­дырып алмауды, тиімді ем алу­ды, медициналық-санитарлық алғаш­қы көмек ұйымдары жүргі­зетін Ауруларды басқару бағдар­ла­ма­сына қатысуды, яғни медицина қызметкерлерімен тығыз байланыс­та болуды, медицина қызметкерінің денсаулықты сақтау және жақсарту жөніндегі ұсынымдарын мүлтіксіз орындауды, денсаулық жағдайын (өзін-өзі бақылауды) қадағалауды ұмытпаған ләзім.

Нәсима ЖҮНІСОВА, 

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің бөлім басшысы