Тумасынан жүрек ақауына шалдыққан азаматқа ақ халаттылар күрделі отаны үш сағат бойы жасаған. Өмір мен өлім сынға түскен үш сағат ішінде мамандар ер кісінің жүрегінде пайда болған саңлауды бекіту үшін, жүрегінің сыртындағы қорғаныш қабаттан жамау жасаған. Кейін пациенттің ағзасындағы қапшықтан жасалған жамауды жүрегіндегі тесікке бітеген.
«Бұл реткі күрделі отаның ерекшелігі адам денесіне көп тыртық қалмайды. Себебі, қабырға арасынан 4-5 ші қабырға аралықта кішкентай ғана кесіммен 3-4 см эндовидеоторакоскопиялық құрылымның көмегімен іске асады. Жаңаша әдістің басқа операцияларға қарағанда артықшылығы ота жасалған науқастар 4-күні үйіне шығарылады. Бір сөзбен реабилитация мерзімі өте қысқа болады. Тағы бір айта кететін жайт, косметикалық тұрғыдан әсіресе жас әйелдерге және балдарға ыңғайлы, операциядан кейінгі ешқандай пышақ ізі көрінбейді», дейді Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың басшысы Ергағанбет Қуатбаев.
Күрделі операцияны жасау үшін мегаполис дәрігерлері шет елден немесе өзге қаладан білікті маман шақыртпай-ақ өз біліктіліктері арқасында сәтті жүзеге асырған. Алғаш рет жасалынған ота сәтімен аяқталып, жақсы нәтижеге қол жеткізген.
Операцияның басым бөлігі заманауи эндовидеоторакоскопиялық құрылығының көмегімен іске асқан. Қазіргі таңда әлемдік кардиохирургиялық тенденция осы әдіске көшкен.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ