Үлкен баннер алыстан көзге шалынады, ол арқылы жүргізушілер мен жүргіншілер, кез келген тұрғын өзінің учаскелік инспекторын тез тауып алуына болады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл ауылды жерлерде қоғамдық тәртіптің сақталуына ықпал ететін болады. Қазір аудан орталығының тұрғындары кез келген уақытта учаскелік инспекторға хабарласа алады. Баннерде кезекші бөлімнің телефондары, учаскелік инспектордың ұялы телефоны жазылған.
«Біз қазір тұрғындармен кері байланыстың орнағанын сезініп отырмыз. Азаматтар түрлі мәселемен тәулік бойы учаскелік инспекторға телефон соғады. Қарт кісілер баннерден инспектордың телефонын жазып алады» дейді осы шараға бастама көтерген аудандық полицияның бөлім бастығы Александр Елисеев.
Енді наурыз айының аяғына дейін осындай баннерді Федоров ауданының 13 ауылдық округінде орнату жоспарланып отыр. Қазір баннер 9 мың адам тұратын Федоров ауданы орталығы мен 3 мың тұрғыны бар Қамысты селолық округінде орнатылған. Ауыл тұрғындары да оның қажеттігін айтып отыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай