26 Сәуір, 2012

Шарайна

317 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:03

ЯДРОЛЫҚ ҚАТЕР БАРЛЫҒЫН МОЙЫНДАДЫ

Ресей Федерациясының бас штабы Иран мен КХДР тарапынан ядролық қатер бар екенін мойындап отыр. Бұл туралы бас штаб бастығы Николай Макаровтың мәлім­демесіне сілтеме жасай отырып, Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігі хабарлады.

 

Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:03

ЯДРОЛЫҚ ҚАТЕР БАРЛЫҒЫН МОЙЫНДАДЫ

Ресей Федерациясының бас штабы Иран мен КХДР тарапынан ядролық қатер бар екенін мойындап отыр. Бұл туралы бас штаб бастығы Николай Макаровтың мәлім­демесіне сілтеме жасай отырып, Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігі хабарлады.

Қатер әрқашанда бар, сондықтан біз көптеген елдердің ядролық әлеуетін дамытуын мұқият назарда ұстап келеміз, деген көрінеді осы орайда Н.Макаров. Оның айтуынша, Ресей аталған бағыттағы қатерлерге қарсы тұру мәселелерінде басқа мемлекеттермен ынтымақтастыққа әрқашан дайын. Өйткені, өздерінде ядролық қаруы жоқ деп ант-су ішіп отырған көптеген елдерде ондай қару бар.

СУДАНДАҒЫ ЖАНЖАЛҒА ҚЫТАЙ АРАЛАСТЫ

ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Судан мен Оңтүстік Суданды екі жақты жанжалды шешуде төзімділік танытып, күш қолданудан бас тартуға шақырды. Осылайша Қытай басшысы Оңтүстік Судан президенті Сальва Киирдің сол­түс­тіктегі көршілеріміз бізге соғыс жариялады деген сөзіне салқынқандылық танытқан ұтымды деген ұстанымын білдірді. 

Қытай төрағасы мен Оңтүстік Судан президенті Бейжің қаласында кездескен болатын. С.Киир мұнда алты күндік сапармен келген еді. Ху Цзиньтао сондай-ақ талас тудырып отырған мәселелерді келіссөздер және өзара жол берулер негізінде шешу қажет екенін атап көрсетті. Қазіргі таңдағы басты міндет – қарулы қақтығысты тоқтату, деп мәлімдеді Қытай төрағасы.

ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ТҮСУГЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ

Египеттің орталық сайлау комиссиясы бұрынғы үкімет басшысы Ахмед Шафиктің президенттік сайлауға қатысуына тыйым салды. Бұл тыйым Египеттің жоғары әскери кеңесі бір күн бұрын Хосни Мүбәрактің режіміндегі жоғары шенді барлық қайраткерлерге қатысты заңнамаға түзетуді бекіткеннен кейін жүзеге асты.

А.Шафик Х.Мүбәрак ел басқарған уақытта армияда бірқатар жоғары лауазымдар иеленген болатын. Сондай-ақ азаматтық авиация министрлігін басқарып, премьер-министр орынтағына да отырып үлгерген еді. Мысыр президенттігіне кандидаттардың нақты тізімін ОСК сәуір айының аяғында жария етуі тиіс. Ал президенттік сайлаудың алғашқы туры 23-24 мамырға белгіленген. Егер екінші тур қажет болса, ол 16-17 маусымда өтетін болады.

ҰЛТШЫЛДАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСПАЙДЫ

Франция президенті Николя Саркози Марин Ле Пен партиясындағы ұлтшыл­дармен ынтымақтастықтан бас тартатынын мәлімдеді. Н.Саркозидің айтуынша, президенттікке қайта сайланған жағдайда, Ле Пенмен ешқандай келісімге бармайды және «Ұлттық майдан» мүше­лерін үкіметке шақырмайды.

Бірақ қазіргі президент Ле Пенді президенттік сайлаудың бірінші турында қолдағандармен кездесетінін, олардың ой-пікірлеріне құлақ түретінін мәлімдеді. Өйткені, өзіне екінші турда президент орынтағына қайта отыру үшін сайлау­шылардың дауысы керек. Саркози сондай-ақ өзінің басты қарсыласы Олландтың  Ле Пенді қолдағандар қателесті деген пікірімен келіспейтінін атап көрсетті.

КОРОЛЬ ОТБАСЫНА СЕНУДЕН ҚАЛДЫ

Шведтердің король отбасына сенімі рекордтық төменгі деңгейге құлдырап кеткен. Бұл туралы әлеуметтік зерттеу орталығының мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, жергілікті ТТ ақпарат агенттігі жария етті. Сұрау салулар 2011 жылдың күзінде жүргізілсе керек. Ал оның қорытындысы енді ғана шығарылып отыр.

Соңғы әлеуметтік деректерге сәйкес, шведтердің 30 пайызы король отбасына сенбейтінін мәлімдесе, сұрау салынған­дардың тек 34 пайызы ғана қолдайтындарын білдірген. Бұған қоса, респонденттердің 20 пайызы елді монархиядан респуб­ликаға құрылымдау жүргізілсе, сол бағытты қолдайтын­дықтарын айтқан. Жаңа конституцияға сәйкес, 1976 жылы король саяси биліктен айырылған тұста, республикалық құрылысты шведтердің тек 9 пайызы ғана қолдаған екен.

ҚЫМБАТ… ЖОҚ, ҚАРАПАЙЫМ САҒАТ ТАҒАДЫ

Әзербайжан президенті Ильхам Алиев қолына құны 800 мың доллар тұратын Blancpain 1735 үлгісіндегі сағат тағып жүр деген ақпарат таратқан «Азадлыг» («Азат­тық») газетіне президенттің баспасөз қызметі сотқа береміз деп қоқан-лоқы жасаған. Мұндай мазмұндағы материал 24 сәуірде жарыққа шықса керек.

Президенттің баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, бұл ақпараттың шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды, президент Ильхам Алиев қымбат емес қарапайым металл сағат тағады. Әзербайжан басшысы қарапайымдылығымен ерекше­ленеді дегенді де қосып қойған баспасөз қызметіндегілер. Енді газеттен президенттен кешірім сұрап, үш күн ішінде алғашқы жарияланымды жоққа шығаратын ақпар беру талап етіліп отыр. Басылым болса, ақпараттың нақты екенін көлденең тартады.

Қысқа қайырып айтқанда:

Ауғанстан басшылығы америкалық конгрессмен Дан Рорабахерді өз еліне кіргізбей тастады. Конгрессменге қатысты қарсы реакцияға оның Ауғанстандағы ішкі саяси үдерістерге жоғары қызығушылық танытуы себеп болған секілді.

Украина мәдениет министрлігі ел аумағында Ресейдің «Ақ гвардия» телесериалын көрсетуге тыйым салуды ұсынды. Министрліктің пікірінше, фильм ұлт араздығын туғызып, М.Булгаков романының мазмұнын бұрмалайды, украиндарды надан, қатал және шовинист ретінде көрсетеді.

Ауғанстанда тағы бір әскери қызметші қаза тапты. Ол Грузия контингентінің жауынгері болып табылады. Сержант Валериан Худжадзе Гельменд провинциясында минаға түскен. Сөйтіп, грузиндер Ауғанстанда өзінің 16-шы сарбазын жоғалтып отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар