Помпео сонымен қатар елде америкалық дипломаттардың болуы АҚШ іс-әрекеттеріне шектеу екенін жеткізді. Алайда, Венесуэладағы АҚШ дипломаттарының жұмысы Вашингтонның сыртқы саясатына қалай кедергі келтіретінін Помпео ашық айтпаған.
«АҚШ Каракастағы өз елшілігіндегі барлық қызметкерлерін осы аптада шығарады», деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы. Мемлекеттік департамент мұны сейсенбі күні хабарлаған.
Помпео, сондай-ақ, қызметкерлерін шығару және елшілік қызметкерлерінің азайтылуы туралы 24 қаңтарда қабылданған шешімді еске салды. Мемлекеттік департамент кейіннен штаттан тыс шұғыл әрекет ететін қызметкерлерді, сондай-ақ Каракастағы елшілердің отбасыларын қайтарып алу туралы бұйрық берген.
23 қаңтарда Венесуэла оппозициясының жетекшісі Хуан Гуайдо өзін Венесуэла президенті міндетін атқарушы деп жариялаған болатын. АҚШ, Латын Америкасы елдері және Еуропадағы кейбір америкалық одақтастар оны уақытша мемлекет басшысы деп таныды.
Ал Ресей мен Қытай Николас Мадуроны заңды президент деп есептейді.
Николас Мадуро қаңтарда АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынасын үзетінін мәлімдеп, америкалық дипломаттардың елден шығуына 72 сағат уақыт берген. Бірақ ол кезде елшілік қызметкерлері бұл бұйрыққа бағынбаған.
Дүйсенбі күні Помпео ресейлік «Роснефть» компаниясының АҚШ-тың санкцияларына қарамастан PDVSA-дан мұнай сатып алуды жалғастыруда екенін айтты. Оның ойынша, «Роснефть» басшысы Игорь Сечин Мадуро жүйесін сақтап қалуға күш салып жатыр. «Роснефть» бұған қатысты әлі мәлімдеме жасаған жоқ.
Венесуэладағы жағдай
Венесуэла бесінші күн қатарынан электр жарығынсыз отыр. Елдің көп бөлігін электр қуатымен қамтамасыз ететін гидроэлектростанциялардың бірінде ақау пайда болған. Бірақ, Мадуро электр жарығының өшірілуі АҚШ-тың іс-әрекеті екенін алға тартты. Оппозиция, өз кезегінде, зауыт пен электр торабында техникалық қызмет көрсетудің жоқтығын айтып, билікті кінәлауда.
Венесуэланың экономикасы құлдыраудың алтыншы жылын, 1920 жылдары Веймар Республикасы мен 2000 жылдары Зимбабведе болған кризисті бастан өткеруде. Миллиондаған венесуэлалықтар елден кетіп қалған.
Салтанат ШЫНӘДІЛ