03 Мамыр, 2012

Обама кетісімен жарылыс жасалды

229 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Обама кетісімен жарылыс жасалды

Бейсенбі, 3 мамыр 2012 7:48

АҚШ президенті Барак Обама аяқ астынан Ауған­станға келіп, осы ел президенті Хамид Карзаймен кездескен болатын. Сапар барысында екі ел басшысы стра­тегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат бойынша 2014 жылы АҚШ әскерлері Ауғанстаннан толық шығарылғаннан кейін екі ел өздерінің қатынас­тарын реттеп отыратын болады.

 

Бейсенбі, 3 мамыр 2012 7:48

АҚШ президенті Барак Обама аяқ астынан Ауған­станға келіп, осы ел президенті Хамид Карзаймен кездескен болатын. Сапар барысында екі ел басшысы стра­тегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат бойынша 2014 жылы АҚШ әскерлері Ауғанстаннан толық шығарылғаннан кейін екі ел өздерінің қатынас­тарын реттеп отыратын болады.

Кейін Б.Обама Бағрамдағы авиабазада болып, АҚШ азаматтарына телеүндеу жасады. Атап айтқанда, ол «Талибан» қозғалысы «Әл-Каида» террорлық желісімен барлық байланысын үзген жағдайда ғана Ауғанстанның саяси өміріне қатысушы ретінде қарастырылатынын мәлімдеді. АҚШ президенті еліне ұшып кетісімен, Ауғанстан астанасы Кабулда кем дегенде екі жарылыс жасалды. Жанкештілердің осы жарылыстарынан соң 6 адам қаза тапса, 17-сі жараланған.

Бюллетеньдерді толтырмауға шақырды

Франция оңшылдарының серкесі Марин Ле Пен өз жақтастарын прези­денттік сайлаудың екінші турында тол­тырылмаған бюллетеньдер арқылы дауыс беруге шақырды. «Мен өзім бос бюллетеньмен дауыс беремін. Мен өз таңдауымды жасадым, енді сіздер өз таңдауларыңызды жасауға тиістісіздер», деді ол.

Марин Ле Пен Франциядағы президенттік сайлаудың алғашқы турында 18 пайыз дауыс жинап, үшінші орын алған болатын. Енді ол екінші турға өтіп, өзінің жақтастарының дауысын алуға жанталасқан социалист Франсуа Олландты да, оңшыл-центрист Николя Саркозиді де қолдамайтын болып отыр. Марин Ле Пеннің пікірінше, Саркози ЕО-ға француз егемендігінің онсыз да көп бөлігін беріп қойған. Ал Олландты бұған дейін де жақтырмай келсе керек.

Америка елшісін жіберуді талап етті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Украина билігінен Америка елшісін Харьков түбіндегі әйелдер колониясында қамауда отырған бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенкоға дереу жіберуді талап етті. Клинтонның сөзіне қарағанда, Құрама Штаттар Украина билігінің оппозициядағы саясаткерлерге қатысты қатыгез қарым-қатынасына үлкен алаңдау­шылық танытып отыр.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Тимошенконы қажетті және жеткілікті медициналық қызметпен қамтамасыз етуге шақырды. Құқық қорғаушылар таратқан суреттердегі бұрынғы премьердің денесіндегі зақымдар оның қамау жағдайының қандайлық деңгейде екенін көрсетеді, деді Клинтон. АҚШ сыртқы саясат ведомоствосының басшысы, тіпті қамауда отырған бұрынғы үкімет мүшелерін түрмеден босату үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуы тиіс екенін мәлімдеді.

Жаза анық па, әлде қолдан жасалған ба?

Өзбекстанда салық төлеуден жал­тарғаны және «көлеңкелі экономи­ка­ға» ықпал еткені үшін жазаланған тү­рік азаматы Уахид Гунеш сотқа жер­гілікті биліктің іс-әрекетіне қатысты шағым түсірді. Ташкенттегі «Туркуаз» деп аталатын сауда орталығының бұрынғы қожайыны «кінәсін» азаптаулар мен қи­нау­лар салдарынан мойындауға мәжбүр болғанын айтады.

Бизнесмен сондай-ақ өзіне меншігіндегі кәмпескеленген мүліктерді қайтаруды талап еткен. Іс тергелу үстінде болған 10 ай бойы Гунеш Ташкенттің Юнусабад ауданындағы тергеу оқшаулағышында отырыпты. Үстіміздегі жылдың ақпан айының соңында, сот шешімі жария етілгеннен кейін, Гунешке және тағы жеті кәсіпкерге амнистия жасалып, елден шығарылып жіберілген екен.

Құқық қорғаушылар босатылуы тиіс

АҚШ мемлекеттік департаменті Түркіменстан басшылығын журналистік және құқық қорғаушылық қызметпен айналысқан Аннагурбан Аманклычев пен Сапардурды Хаджиевті түрмеден босатуға шақырды. Мұндай мәлімдемені мемдепартаменттің төрағасы Марк Тонер 1 мамыр күні өткен брифингте жасады.

Тонер Түркіменстанның аталған қос азаматы осы елдің бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың атына сын айтылатын фильмді дайындауға қатысқаны үшін түрмеге түскенін хабарлады. Мемдепартамент өкілінің мәлімдемесі 3 мамыр күні атап өтілетін Баспасөз бостандығының бүкіләлемдік күні қарсаңында жасалды. Аманклычев пен Хаджиев 2006 жылдың маусымында тұтқындалған болатын. Екеуі азаптың неше атасын көріп жатқанға ұқсайды.

37 жыл бұрынғы үкім жүзеге асырылды

АҚШ-тың Оклахома штатында 37 жыл бұрын адам өлтіргені үшін жазаланған қылмыскерге қатысты өлім жазасы жүзеге асырылды. 1975 жылдың қыркүйек айында Майкл Баскум Сэлсор өзінің сыбайласымен Талса қала­сындағы дүкенге қарулы шабуыл жасап, сауда орнының иесін өлтірген екен.

Арада бір жыл өткен соң ол кінәлі деп табылып, өлім жазасына кесіледі. Бірнеше айдан кейін АҚШ-тың жоғарғы соты Оклахоманың өлім жазасы туралы заңын конституциялық емес деп тауып, Сэлсордың жазасы өмір бақи түрмеде отыруға алмас­тырылады. Жақында Оклахома штатының мерзімінен бұрын босату жөніндегі комиссиясы Сэлсордың өлім жазасын өмір бақи түрмеде отырумен алмастыруға қарсы дауыс беріп, 28 сәуірде өлім жазасы жүзеге асырылған. Ол АҚШ-та жыл басынан бері өлім жазасы үкімі орындалған үшінші адам болып отыр.

Қысқа қайырып айтқанда:

• Ресейдің ең бай полицейі ішкі істер министрлігі құпия қызмет басқармасының бастығы Виктор Григоров екені белгілі болды. Ол 2011 жылы 28,3 миллион рубль табыс тауыпты.

• 1 мамырдан бастап Бакуде ресейлік автомобильдерді такси ретінде пайдалануға ресми түрде тыйым салатын құжат күшіне енді. Оған бағынбағандар 100 манат көлемінде (1 манат құны 1 еуроға тең) айыппұл төлейтін болады.

• Босниядан шыққан Адис Медунянин Нью-Йорк метросында террорлық шабуыл жоспарлады деген күдікпен қамауға алынды. Енді ол өмір бақиға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.