Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Экономиканы әртараптандыруға басымдық беріледі

1035 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2019-2023 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет болжамы келісілді, биылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындысы баяндалды. Сонымен қатар 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы кеңінен сөз болды.

Экономиканы әртараптандыруға басымдық беріледі

Қаражат 3 бағытта жұмсалмақ

Негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің болжамдары туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов және Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады.

Ұлттық экономика министр­лі­гі­нің деректері бойынша, биыл­ғы макро­көрсеткіштердің оң өз­герісіне әсер еткен негізгі факторлар былтырғыдай ІЖӨ үлесіндегі тау-кен өнеркәсібі мен қызмет көрсету секторының өсу қарқыны есебінен орын алмақ. 

− 2018 жылы ІЖӨ көлемі 58,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылды бағалау үшін жақсы база саналады. 2018 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру 1,4 млн тоннаға немесе 1,5%-ға төмендейді. Бұл тау-кен өнеркәсібінің баяу өсуін қа­лып­тастырады. Бұған қоса, қызмет көр­сету секторы бойынша барынша жоғары өсім күтіліп отыр. Қызмет көрсету секторы өсімінің негізі – ішкі сұраныстың ұлғаюы, − деп мәлімдеді Р.Дәленов.

Жиында белгілі болғандай, сыртқы және ішкі факторлар негізінде 2019 жылға арналған базалық параметрлер бұ­рын мақұлданған деңгейде сақталды. Атап айтар болсақ, мұнай бағасы 1 бар­рель – 55 АҚШ доллары көлемінде сақ­тал­са, теңге бағамы 1 АҚШ доллары – 370 теңгені құрайды. Сонымен қатар, жыл­дық инфляцияның нысаналы дәлізі – 4-6%.

Түзетілген макроэкономикалық бол­жам негізінде Елбасының жаңа әлеу­меттік бастамаларын іске асыруды, сонымен қатар Қазақстан халқына ар­нал­ған Жолдауды және «Нұр Отан» пар­тиясының XVIII съезінде берілген тап­сыр­маларды орындауға жұмсалатын қа­ражатты анықтау үшін 2019 жылға арналған бюджет пара­мет­р­лерінің болжамы нақтыланды. Пре­мьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов нақтыланған республикалық бюджеттің жобасы әзірленгенін айтты.

− Алда тұрған басты мақсаттардың бірі – біріншіден, осы нақтыланған рес­пуб­ликалық бюджеттің жобасын Пар­ламентке енгізу және оның қабылдануын қам­тамасыз ету. Екіншіден, нақты­лан­ған бюджетте көзделген төлем­дер­дің алушыларға уақытында жетуін қамтамасыз ету үшін барлық бюджеттік процедураларды тез арада өткізу. Үшіншіден, бюджет кірістерінің толық орын­далуын қадағалау және бюджет қара­жатының атқарылуына онлайн-мони­торингіні жалғастыру, – деді Ә.Сма­йылов. Министрдің айтуынша, нақтыланған бюджет жобасы үш бағыт бойынша қарастырылады. Біріншісі, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде атаған «Әлеуметтік қам­қор­лық» әлеуметтік шараларын іске асы­ру үшін жалпы сомасы 444,3 млрд тең­ге бөлінеді.

– Аталған қаражат аясында аза­мат­тар­дың жекелеген санаттарына әлеу­меттік қолдауды күшейту көз­делген, оның ішінде жалақысы төмен жұ­мыс­шылардың еңбекақысын, мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақыларды ұлғайту, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау параметрлерін өзгерту, аз қамтылған көп балалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй салу және ҚТҚЖБ арқылы жеңілдікті несиелендіруді енгізу. Сондай-ақ өңірлік инфрақұрылым мен «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын дамыту көзделген, – деді Ә.Смайылов.

Мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаражаттың екінші бағыты − Жастар жы­лын өткізу аясында іс-шараларды іске асыруға арналып отыр. Бұл мақ­сатқа 24,6 млрд теңге бөлінбек. Үшін­шісі, Президенттің 2017 және 2018 жыл­дардағы Жолдауларында айтылған тап­сырмаларын орындау үшін 286 млрд теңге қарастырылған. Қаржы ми­нистрі аталған қаражат аясында Түр­кістан облысын және Астана қаласын да­мытудың кешенді жоспарларын іске асыру, Астанада Ғылыми-онкологиялық орталық салу, «Сарыарқа» газ құбырын тарту, сондай-ақ еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты іс-шараларды іске асыру көзделгенін атап өтті.

Міндет – ІЖӨ көлемін 5 пайызға жеткізу

Ұлттық экономика министрі Р.Дә­ле­нов осы жылғы екі айдың қоры­тын­дысы бойынша ІЖӨ серпіні артқанын, инфляция нысаналы дәлізде сақталып отыр­ғанын, инвестициялар қайта өсе бастағанын, халықаралық қорлар тұрақты деңгейде тұрғанын атап өтті.

− ІЖӨ өсуі – 3,5%. Қаңтарда бұл көр­­сет­кіш 2,9%-ды құраған болатын. Мұн­­дай серпін тауарлар өндірісінің өсуі­­мен, сондай-ақ қызмет көрсету сек­торының жақсаруымен тығыз байланыс­ты, – деді Ұлттық экономика ми­нистрі. Аталған министрлік келтірген дерек бойынша, өнеркәсіп өндірісінің өсуі қаңтар-ақпанда 2,7%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсу қарқы­ны байқалып, өндіріс көлемі 3,6%-ға ұлғайған.

Жиында сөз алған Ұлттық банк төр­­ағасы Ерболат Досаев жылдық ин­фля­цияның бәсеңдегенін хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде «7-20-25» бағ­­дарламасы 8 банк арқылы жүзеге асы­­рылып жатыр. 1 наурызға дейінгі ара­лықта 114,1 млрд теңге сомаға 9 983 өтінім қабылданған. Сондай-ақ 68 млрд тең­геге 5 816 өтінім мақұлданғаны анық­талып отыр. 

− Банктер 4 566 өтінім бойынша 54,5 млрд теңге берді. «Баспана» ипотекалық ұйымы 13 әкімдікпен бағдарлама бойын­ша бастапқы жарнаны субсидиялау тура­лы меморандумдар жасады, – деді Е.До­саев. Сонымен қатар ол 2019 жылғы қаң­тарда банктердің активтері 0,1 %-ға аза­йып, 25,2 трлн теңге болғанын атап өтті. 

− Елімізде мерзімі 90 күннен асқан бере­шегі бар кредиттер несие порт­фелінің 8,1%-ын құрады. Сақтандыру ұйым­дарының активтері ағымдағы жыл­ғы қаңтарда 1 080 млрд теңгеге, яғни 3%-ға өсті. Бұл ретте сақтандыру ре­зерв­тері 5,6%-ға ұлғайып, 548 млрд теңге бол­ды, – деді Ұлттық банк төрағасы. Со­ны­мен қа­тар Е.Досаевтың баяндамасында не­сие беру нарығының біртіндеп қа­лыпқа келгендігі айтылды. 

− 2019 жылғы қаңтарда 898 млрд теңгеге жаңа несиелер берілді. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,2%-ға көп. Несие портфелі 2019 жылғы қаң­тардың соңында 12,5 трлн теңгені құрады, – деді ол. Министрдің айтуынша, кәсіпорындарға теңгемен несие беру мөлшерлемесі 2018 жылдың басындағы 13,2%-дан 2019 жылғы қаңтарда 12,4%-ға дейін төмендеген. Қысқа мерзімді несиелер бойынша мөлшерлеме 12,9%-дан 12,3%-ға дейін, ұзақ мерзімді несие беру бойынша 14,3%-дан 13,8%-ға дейін төмендеген. 

− Экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті аясында Ұлттық банк Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. 2019 жылғы 1 нау­рызда екі банктің 25 млрд теңге көле­мін­дегі облигациялары сатып алынды, – деді Е.Досаев.

Тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы А.Мамин тау-кен, химия өнеркәсібінде, машина жасауда, сауда, көлік саласында, ауыл шаруашылығында оң өсім қарқыны байқалатынын атап өт­ті. Жалпы ІЖӨ екі айда 3,5%-ға өскеніне тоқтала келіп, негізгі міндет биыл ІЖӨ-ні 5%-ға жеткізу екенін айтты.

Туризмді дамытуға тиіс бағдарлама бекітілді

Үкімет үйінде қаралған үшінші мә­се­ле – туризм саласына қатысты. Мәдениет және спорт министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасын және оған ілеспе заң жобасын қабылдау арқылы саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіруге мүмкіндік тумақ. Мемлекеттік бағдарлама елеулі әлеуметтік-экономикалық әсері бар 10 жүйелі шараны қамтиды. Министрдің айтуынша, бұл бағытта 800 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 200-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. 

− Қазақстанды туризмнің әлемдік картасында ілгерілету және маркетинг жұмыстары үшін шетелдік тәжірибеге ұқсас, шетел азаматтарынан 2-4 доллар мөлшерінде туристік жарна («Bed Tax») алуды енгізу жоспарда бар. Шара мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап Қазақстан бойынша әрекет ететін болады. 

Сонымен қатар А.Мұхамедиұлы мем­­лекеттік бағдарлама жобасында ви­за­лық режімді ырықтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Мұнда «e-Visa» тетігін оңтайландыру, 72 са­ғаттық визасыз транзитті кеңейтудің шаралар кешені әзірленеді. Бұған қоса, e-Hotel жүйесін енгізу көзделген. Аталған шаралар елімізге шетелдік туристер ағынының ұлғаюын қамтамасыз етеді. Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарлама аясында республика шекараларында өткізу пункттерінің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ Еуроодақ, Аустралия, Таи­ланд, Син­га­пур және ТМД-ның кейбір ел­дері – Ре­сей, Беларусь, Грузия ел­дерінің тәжі­рибесі бойынша 2022 жылдан бас­тап «Tax Free» енгізу жоспарда бар. Осын­дай шаралардың нәтижесінде дамы­ған елдер сауда айналымын ғана емес, шопинг-туристердің ағынын да ұлғайт­қанын жеткізді. 

Мемлекеттік бағдарлама жобасын іске асыру барысында McKinsey халық­аралық консалтингілік компания­сы қазақстандық өкілдігінің кеңесшісі Йохан Бербнер сөз сөйледі. Ол туристік орындарды дамыту бойынша тәуелсіз сарапшы ретіндегі пікірін жеткізді. Сонымен қатар И.Бербнер Қазақстанның жоғары туристік әлеуеті бар екенін және оны табысты іске асырған сәтте туризм Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналатынын атап өтті.

Премьер-Министр А.Мамин туризм саласын дамыту аясында күрделі, бірақ қолдан келетін міндет тұрғанын жеткізді.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»