05 Наурыз, 2010

МӘСКЕУЛІКТЕР ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНҒА НЕГЕ ҚЫЗЫҒАДЫ?

857 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Қазақстан-Ресей-Беларусь мемлекеттерінің Кедендік ода­ғында алдымен қалай, қандай пайдаға шығадыны есепке алып, үш мемлекет өзара жарысқа түсетін болса аққу көкке, шортан көлге, шаян жерге тартатындай тірлік болып қалады. Ортақ пай­дамен қатар бір-бірінің кем-кетігін толтыруды ойлау нағыз әріптестік, арғыны ойлаған көре­гендік. Оң­түстікке Ресейдегі Қа­зақ­станның Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков бас­тап келген Мәскеу қаласы деле­га­ция­сының бағдарынан осыны ұқтық. Алып Ресей мемлекеті азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда Белоруссиядан көрі Қазақстанды жақын тұтады. Себеп біреу-ақ. Ресей мен Белоруссия арасында баға демпингі бар. Кеңес кезіндегі колхоз, совхоздарын сақтап отыр­ған белорустардың ауылшаруа­шылық өнімдерінде еркін баға жоқ, тауар қымбаттау. Ал, Қа­зақстандағы өнім өндірушілермен келіскенше баға реттеуге болады. Мәскеулік меймандар ең әдемі “Асар” шағын ауданында бо­лып, атажұртқа оралған ағайындардың бірнеше жылыжай­ларын аралап көрді. Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудан­дарындағы агрокәсіпорындар мен жекелеген шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Оңтүстік Қазақстан облысы­ның республикамыздың басқа об­лыстарына қарағанда бір артық­шылығы көкөніс, бау-бақша, жеміс өсіруге аса қолайлығы. Алайда, барлық өңірі бірдей деуге болмайды. Алты ай қысы кәріне мініп тұратын Арқамен шектесіп жатқан Созақ пен Бәйдібек ау­данының ауа-райында айтарлық­тай өзгешеліктер болса, қойын­дасып жатқан кешегі қос аудан Сарыағаш пен Келес өңірінде де өзгешеліктер бар. Сарыағаштан отыз-қырық шақырым беріде жатқан Келесте көкөністің пісуі екі аптаға ерте, қысы да жұмсақ. Келеске көктем ерте келеді. “Біртілек” ауылдық округіне қарасты “Пахриддин” ЖШС-інде болған мәскеулік қонақтар екі гек­тар жерді алып жатқан жылыжай­дағы қызанақтардың өніміне шыныменен таң қалды. Серіктестік төрағасы М.Ахраров мұнда жыл сайын 120 тонна қызанақ алына­тындығын айтты. Үкіметтен суб­сидия алмай-ақ өз қаржыларымен аяққа тұрған серіктестік шаруашы­лығының керегесін әлі де кеңейт­пек. Тағы да бірер шаруашы­лықтың жылыжайларын аралап көрген мәскеуліктер екі мемлекет арасында әріптестік орнатуға әзір екендігін аңдатып қалды. Сарыағаш ауданының әкімі Мақсат Мырзабаев қазірдің өзінде 78 гектар жер құрайтын 704 жылыжай бар екендігін айтады. Сарыағаштың еңбекқор халқы еш­кімнің күштеуінсіз, үгіт-насиха­тынсыз жылыжай салуға құмбыл. Осы шаруаны қолға алған азамат­тардың пайдаға шығып жатқанын көзі көріп отыр. Екі жүз миллионға жуық халықтың рыногы және ашылды. Биыл сарыағаштық диқандар 231 мың тонна көкөніс өсіреді деп болжанып отыр. Ішкі сұраныстан 170 мың тонна артылады екен. Екі мемлекеттің қызқайнаған қазанына түссе қып-қызыл ақша емес пе?! Ресей де Қазақстан сияқты ауыл шаруашылығын қолдауға мол қаржы бөліп отыр. Алайда, біздегі ұсақ шаруашылықтардың мемлекет бөлген субсидияға қолдары жете бермейді. Ол үшін іріленуі қажет. “Біртілек” ауылдық округінің әкімі Қоңырат Сәрсенбиев әр елді мекендермен осы тақырыпта кез­десу жүргізілгенін, қазірдің өзінде жетпіске жуық ұсақ шаруашылық­тардың бірігуге бейіл екендігін айтты. “Төртеу түгел болса төбедегі келеді” деген осы ғой. Мәскеулік делегациямен дихан­дардың кездесуі мақта шаруашы­лығы ғылыми-зерттеу институты­ның акт залында жалғасты. Оң­түстіктің ерте пісетін көкөніс, жеміс-жидегіне көңілдері құлап отырған меймандар ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің тиімділігін арттыруда қоян-қолтық жұмыс жасауға даяр екендерін аңдатты. Ресейдің озық технологиялары қазақ шаруаларының керегіне әбден жарайды. Соның бірі олар ұсынған биоконтейнер. Үлкендігі тауық жұмыртқасындай ғана биоконтейнерлердің құрамында азот, калий, фосфор сияқты мине­ралды тыңайтқыштар бар. Дәнді осының ішіне енгізсеңіз өніміңіз еселенеді, экологиялық жағынан таза болады. Топырақтың құрамын байытатын осындай технологиялар шаруаларға қажеттің бірегейі. Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болуға көз тігіп отырған мем­лекеттеріміздің рынокқа ұсына­тыны ет, көкөніс сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері болған­дықтан өзіміздің ғалымдары­мыздың да қалғып жүрмегенін, агроөнеркәсіпке соны жаңалық­тарды ендірулерін қалар едік. Сапар соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Мәскеу қаласы азық-түлік департаменті басты­ғының бірінші орынбасары В.Ольковой бастаған делегацияны қабылдап, келелі әңгімеге тізгін берді. Екі жақтың да бір-біріне ұсына алатын, ортақ іске пайдасы тиетін ұсыныстары мен келісім-шарттары бар. Осыны әбден електен өткізген тараптар екі жақты меморандумға қол қойды. Мәскеуліктер оңтүстікте өн­дірілген өнімдерді өз дастархан­да­рынан көргісі келсе, ауыл шаруа­шылығы саласындағы озық тех­нологияларға қолдары жететіндігіне оңтүстік диқандары да разы. Бақтияр ТАЙЖАН. О ңтүстік Қазақстан облысы. ТЕМІР-БЕТОН ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ Жоламан БОШАЛАҚ. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің мемлекеттік бағдарламасына сай сан-алуан кәсіпорындар құрылып, алуан түрлі ауқымды жұмыстар қолға алына бастады. Солардың бірі – Түпқараған ау­данындағы Каспий темір-бетон зауыты. Оның өмірге келуі байлықтың мол қоры шоғырланған Қашаған кенішін игеруге қажетті мыңдаған тонна темір-бетон бұйымдарының осынау өндірістік аймақта болудың тиімділігін сезгендіктің нәтижесі еді. Жергілікті іскер азамат, белгілі кәсіпкер жақында Елбасы Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медаліне ие болған Жәңгірхан Сарбасов бұл игі істі осыдан үш жыл бұрын бастады. Бірақ мүмкіндік бетон шығарумен шектелді. Ал темір-бетон бұйымдарының 70 пайызы алыс-жақын көршілерден әкелінеді екен. Кәсіпкер азамат ой-жоспармен Ресейде, Орал­да, Жамбыл облысындағы темір-бетон зауыт­тарында болды. Ресейдегі Ивантейвка қала­сындағы “Стройтех” ғылыми-техникалық орта­лық мамандарымен ақылдасады. Ізденіс үстіндегі кәсіпкерге “Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолдау көрсетеді. Сөйтіп “Түпқараған” серіктестігі мен “Каспий” ӘКК бірлесе отырып маңызды кәсіпорынды іске қосты. Кәсіпорын негізінде Испаниядағы “Техноспан” фирмасының қондырғыларымен жабдықталған. Ресейден алынған бес түрлі қалып-қондырғы және бар көрінеді. Зауыт бір жылда 40 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығарады. Тағы бір атап ай­тар­лығы, ол бұ­йым­дар іш­ін­­де батыс өң­ірлерде сұ­ранысқа ие, бұған де­йін бұл ай­мақ­та шы­ға­рыл­ма­ған 3,4,5,6 және 9 метр­лік ар­қалық плиталар, ір­гетас блок­т­ары, әсіресе суға да, құр­ғақта да ор­на­туға бола­тын тіреулер, электр желілері үшін бағаналар, жолға, жол жиегіне төселетін плиталар бар. Яғни, бұл бұйымдар бұл өңірде алғаш рет шығарылып отырғандығымен ел назарын өзіне аударуда. Сондықтан болар алғашқы өнім шығысымен тапсырыс берушілер қатары көбейе түсіпті. Ал олардың қатарында облыстың құрылыс мекемелерімен қатар теңіз табанын игеруде ерекше орын алатын әйгілі “Аджип ҚКО” компаниясы да бар. Жаңа зауыт басшылығы тұтынушылар талабын толықтай орындап, өнім сапасына үлкен мән беруді бірден-ақ қолға алғандығы байқалады. Яғни, кәсіпорынның жұмысы түгелдей автоматтандырылуына орай осындағы құрал-жабдықтардың біразын алуға тура келген Ресейдің “Стройтех” ғылыми-техникалық орталығының мамандарымен тығыз байланыс орнатылыпты. Дәл осындай темір-бетон зауыты біраз жылдан бері өнімді жұмыс жасап тұрған Ульяновскіде жергілікті бес маман тәжірибеден өтіп келіпті. Қала тұрғындары үшін біраз жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақ құрылысшыларына бес түрлі темір-бетон бұйымдарын ұсына бас­та­ған кәсіпорнымыз сәтін салса ақпан-нау­рыз айларында толық күшінде жұмыс жасап, өнім шығару қарқынын арттыру үшін жұмыстану­дамыз, дейді “Түпқараған” ЖШС-нің директоры, 2009 жылы “Жыл адамы” атанған белгілі кәсіпкер Жәңгірхан Сарбасов. Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласы. КҮРЕЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАУ АЛМАҚ Еркін ӘБІЛ. Ағымдағы жылы Елбасы “ха­лықтық құрылыс” деп айдар таққан “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” ав­токөлік жолының алып құры­лысы бастау алмақ. Осы халықара­лық транзиттік дәліздің біздің еліміздің аймағынан өтетін жалпы ұзындығы – 2787 шақырым. Осының 811 шақырымы Сыр айма­ғынан өтпек. Айта кету керек, бұл еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда ең ұзақ көлем екен. Осының 242 шақырымы  төрт жо­лақты, бірінші техникалық санатқа, ал 575 шақырымы екі жолақты, ені 9 метр, екінші техникалық санатқа жатады екен. Осыншама ұзақ жол 15 учаскеге бөлініп атқарылмақ. Бұл халықаралық құрылысты әлем­нің белгілі компаниялары жүзеге асырмақ. Атап айтар болсақ, “Тодини Конструциони Дженерали С. п. А”, “Салини Конструттори С.п.А”, “Импреза С.п.А”, “”Ак­корд Океан” компаниялары жер­гілікті тұрғындармен бітеқайнаса, бірлесе отырып жұмыс жасамақ. “Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай” халықаралық жобасын жүзеге асырудың бастау алуына байла­нысты  Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың бастауымен жоғарыдағы құрылыс компаниялары басшылары Сыр аймағына атбасын бұрды. Олардың іс-сапары Ә.Құсайыновтың төраға­лығымен өткізілген “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автожолы жобасын үйлестіру шта­бының отырысынан бастау алды. –Өздеріңізге мәлім, италиялық  “Тодини Конструциони Дженерали С. п. А” компаниясы құрылыс жүргізетін аумақта жұмыс басталып та кетті. Жол салуға жергілікті тұрғындар тартылып жатыр, деген министр белгіленген кестеден кешікпеу қажеттігін қатаң ескертті. –Жер тоңы ерте жібитін Сыр аймағының климаттық ерекшелігін ескеріп, автожол құрылысын ерте­рек қолға алу қажет. Сайып кел­генде, көктем мен күз айларында қарқынды жұмыс жүргізу керек,– деген Ә.Құсайынов мердігерлерге 10 наурыздан бастап нақты іске кірісу қажеттігін қадап айтты. Автомобиль жолдары комите­тінің төрағасы Замир Сағыновтың айтуынша, өткен жылдың аяғында аймақта жұмыс істейтін 4 бас мердігерге техниканы жұмылдыру, жабдық пен құрылыс материалда­рын сатып алу үшін 15,8 млрд. теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру барысында аймақта 3700 жол құрылысы техникасы жұмыс жасап, 15250 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Екі миллион текше метрден аса қиыршық тас, 110 мың тонна битум, 49 мың текше метр темір-бетон бұйымдары әзірленбек. Айта кету керек, жұмыстың бастапқы кезеңінде 600 техника қажет болса, бүгінде соның 420-сы ғана дайын. Сондай-ақ, бас мердігерлер тарапынан жергілікті тұрғындарды жұмысқа алу да баяу жүргізілуде. Штаб отырысында облыс әкімі Болатбек Қуандықов та өз ойын баян етті. –Мердігер компаниялар жетек­шілері жергілікті билікке осы жұ­мыс барысы жайлы нақты ақпарат беруден қашқақтаумен келеді,– деген ол,  мердігер компа­ниялар­мен жер телімін бөлу, энер­гиямен жабдықтау, жұмысшылар­мен қамтамасыз ету секілді бірлесе шешетін мәселелер шаш-етектен екенін жеткізді. Жауапкершілігі ортақ алып құрылыс жұмысы мұндай салғырттықты көтермейді. “Тодини Конструциони Дже­нерали С. п. А” компаниясының өкілі Альмано Фабио компа­нияның жұмысқа дайындығымен егжей-тегжейлі таныстырды. Оның айтуынша, бүгінге дейін 4 қосалқы мердігермен келісімге қол қойылып, 233 техника әзір­леніп, 259 адам жұмысқа қабыл­данған. Ал, “Салини Конс­труттори С.п.А” компаниясында 5 лот бойынша 4 мердігер іске кірісуге сақадай-сай әзір. Құрылыс материалдары мен жол сапасын бақылайтын инже­нерлік қызмет саласы өкілдерінің дайындығын пысықтаған Ә.Құ­сайынов шетелдік мердігерлерді жергілікті заңдылықтармен та­ныстырып, оларды біздің талап­тарға бейімдеу үшін арнайы се­минар-кеңестер өткізу қажеттігін атап өтіп, компанияларға 10 күн ішінде жұ­мыстарын тиянақтауды тапсырды. Штаб отырысынан кейін об­лыс әкімдігі мен мердігер ком­па­ния­лар арасында әріптестік қа­рым-қатынас туралы мемо­ран­думға қол қою рәсімі өтті. Мемо­рандумда ақпарат алмасу, кадрлар даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, түрлі заңдылықтарды сақтау, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, тауар сатып алуда қазақ­стандық үлесті ұлғайту секілді маңызды мәселелер көрсетілген. Сонымен Сыр аймағында ха­лықаралық алып құрылыс жобасы санаулы күндерде бастау алмақ. Қызылорда. “ДӘНЕГҮЛДІҢ” СҮТ ӨНІМДЕРІ Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. “Дәнегүл” ЖШС тәуліктік қуаты бойынша 200 тонна сүт өндіреді. Бірақ ол бү­гінде тәулігіне 15 тонна сүт өнімдерін өн­діріп отыр. Дегенмен, бәсекесі көп, тұты­нушысы аздау өңірде осының өзіне де тәубе деу керек сияқты. Серіктестік жетекшісі Әбдіқали Бегімбетов кәсіпорынның қойы­тылған және құрғақ сүт өнімдерін өңдеу технологиясымен жұмыс істейтінін айтады. Серіктестік еліміздегі құрғақ сүт өндіріп, өткеріп отырған бірден-бір кәсіпорын екен. Шикізатты өздері тауарлы түрде несие берген шаруалардан литрін 50 теңгеден сатып алады. Олар – облыс орталығына жақын Жуалы, Жамбыл және Байзақ аудандарына орналасқан. Серіктестік сүн өнімдерінің қалдық­тарынан фармацевтика өндірісіне пайда­ланатын лактоза өндірумен де айналысуды жоспарлап отыр. Бұл жобалары Польша және Ресей мемлекеттерінің зертхана­ларында сараптамадан өткен. СЕРВИСТІК ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП “Тараз сервистік даярлау орталығы” ЖШС “Оңтүстік” ӘКҚ қоры арқылы көптеген жұмыстар атқарып отыр. Мұнда малдың қиынан тәулігіне 70 текше метр биогаз өндіріледі. Мал сою цехында тәулігіне 120 бас ірі қара, 200-300 бас ұсақ мал сойылады. Ал инкубатордың жұмысы тіпті бөлек. Мұнда әр ай сайын 48 мың жұмыртқа “басылып”, жаңадан қабық жарған сары ауыз балапандарды тұрғындарға тегін таратып, екі айдан кейін әлгі балапандарды 300 теңгеден қайта сатып алады екен. Бұл екі тарапқа да тиімді. Шұжық цехында тәулігіне 1200 кг. өнім өн­діріледі. Тараз қаласы, негізі, шұжық цех­тарына аса зәру емес. Тоқсаныншы жылда­ры шұжық шығаратын жасырын цехтар жаң­бырдан кейінгі саңырауқұлақтай қапта­ған. Бүгінде олар бірте-бірте жабылып жа­тыр. Сондықтан шұжық цехтарының мә­се­лесі – өнімдерінің сапасына келіп тіреледі. Одан кейін олар халал өнімдерін көптеп шығаруға онша көңіл бөлмейді. Сондықтан болар супермаркеттердің тоңазытқыш-сөре­ле­рінде халал шұжықтар бір бұрышта бір шө­кім ғана болып тұрады. Бұл, әрине, ойланатын мәселе. Осы жағын ойлады ма, облыс басшысы Қанат Бозымбаев өңірде мал сою цехтарын ашып, халыққа қызмет көрсету құрылымын кеңейту керектігіне баса назар аудара бастады. ТАРАЗДЫҢ... МАЙЫ, СҮТІ ЖӘНЕ ШЫРЫНЫ Бүгінде облыс тұрғындары “Ақерке” сұйық майымен жақсы таныс. Ол өніммен жұртты “Төлебай май - 2007” ЖШС қамтамасыз етіп отыр. Май өнімін өндірудің “отаны” деп, шы­нын айту керек, Шымкентті айтса жарасар. Бірақ тараздық “Төлебай майдың” талабы  базарды жаулап алған сол майларға бәсекелес бола білуінде. “Концерн Азия Казақстан” ЖШС-нің директоры облыс әкімін Жамбыл облы­сында ауылшаруашылық индустриясының өндірістік әлеуетін қалпына келтіру туралы бизнес жоспарымен таныстырды. Өндіріс, негізінен, көкөніс өнімдерін өңдеумен және  дәрігерлік мақта шығарумен айналысады. Жуалы, Байзақ аудандарымен ауылшаруа­шылық, көкөніс өнімдерін сатып алуға келісім-шартқа отырған. Жылына көкөніс өнімдерінен 10 000 құты шырын мен салат жасап шығаруға мүмкіндіктері бар. “Зар-Замин” ЖШС бидай қабылдау, кептіру, тазалау, сақтау және сұрыптары бойынша ұн шығарумен айналысады. Мұнда  жаңадан шведтік диірмен орнатыл­ған. Диірменнің  өндірістік қуаты  тәулігіне 170-200 тонна бидай өңдеп, 1-ші және 2-ші сұрыпты ұн, кебек, манка шығаруға толық жетеді. Қажетті құрал-жабдықты сатып алуға 2 млн. АҚШ доллары жұмсал­ған. Диірмен жақында іске қосылады. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, алдағы күндері облыста арнайы “Тараз сервис” мекемесі құрылып, ол арқылы “Дәнегүл” ЖШС сияқты аттары аталған және аталмаған тағы басқа да көптеген кәсіпкерлерге көмек көрсетілмек. Жамбыл облысы, Тараз қаласы. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Көші-қон және демография агенттігі                           www.demomіgratіon.kz