Медицина • 06 Наурыз, 2019

Елімізде бір аптада 438 адам қызылшаға шалдыққан

877 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада республикада (27 ақпан мен 6 наурыз аралығында) қызылшаның 438 жағдайы тіркелді, оның 282-сі 14 жасқа дейінгі балалар (65%). Ал Астанада бір аптада қызылшаға 99 адам шалдыққан. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы өткен брифингте айтты.

Елімізде бір аптада 438 адам қызылшаға шалдыққан

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қызылшамен сырқаттанушылық бойынша жағдайға күн сайын мониторинг жүргізеді. Комитет төрағасы  қазіргі уақытта еліміз бойынша 186 науқас, оның ішінде Астана қаласында 15 науқас ем алып жатқанын жеткізді. «Қызылша дерті егілмеген балалардың арасында көбірек тіркеліп отыр, яғни олар сырқаттанғандардың 60%-ын құрайды. Егу мәртебесі белгісіз, 20 жастан асқан адамдар – 28%. Балалар егу жасына толмау (56%),  созылмалы сырқаттарына байланысты кейінге қалдырулар (31%) және вакцинациядан бас тарту (13%) сияқты себептермен егілмеген. Қазір инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген адамдарды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі күні эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 8529 адам егілген», дейді Ж.Бекшин.

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға қарсы вакцинаның 478 мың доза қосымша көлемін сатып алуға 580,9 млн. теңге көлемінде қаражат бөлген. Бас санитариялық дәрігер қызылшаға қарсы вакцина келіп түскеннен кейін 1 сәуірден бастап 9 айлық нәрестелерді, сондай-ақ медицина қызметкерлерін вакцинациялауды жоспарлап отырғанын да атап өтті.

Қызылшаның вирусы ауамен тез тарайды және науқас болған жерде екі сағатқа дейін ауада сақталады. Қызылша бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн бұрын және бөртпе пайда болғаннан кейін төрт күнге дейін басқа адамдарға жұғады. Сондықтан, ауру жұқтырған адам қызылшаның ешбір белгілерінсіз және өзінің денсаулығы туралы білмей айналасына да вирус таратады. «Одан қорғанудың бірден бір тиімді жолы  – вакцинация. Дене қызуы көтеріліп, катаральдық белгілер (жөтел, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы) байқалса, денеге бөртпе шықса уақтылы диагностикалау, емдеу және асқынуға жол бермеу қажет», дейді Жандарбек Мұхтарұлы.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»