12 наурыз күні кешкісін күнделікті қажет затын алу үшін көлігін тұраққа қойып, сауда үйіне кірген 55 жасар оралдық Леонид Портянов 10-15 минуттан кейін кері шыққанда, көлігі орнында жоқ екенін көреді. Сол мезетте бірден «102» операторына хабарласып, болған оқиғаны баяндаған ол көлігін 25-30 минут ішінде қайтарып алам деп ойламапты.
- Біздің операторға автокөлік ұрлығы туралы хабар түскен бойда «Тосқауыл» арнайы дабылы қағылды. Сөйтіп, жедел іздестіру шаралары барысында ұрыны ұстадық. Ол 42 жасар оралдық азамат екен, орта дәрежелі мас күйінде екен. Қазір соталды тергеу басталды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібеков.
Бас-аяғы жарты сағат ішінде көлігін жоғалтып әрі тауып үлгерген Леонид Портянов кәсіби қызметін керемет атқарған құқық сақшыларына риза болып, рахмет айтуда.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан