Ауыр атлетика • 13 Наурыз, 2019

АҚШ-та чемпион атанған Ақмолда Сайрамкез әлемдік доданы қорытындылады

1245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыр атлетикадан АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты қазақ жанкүйерлерінің еңсесін бір көтеріп тастады. Әлемдік додадан Қазақстан спортшылары әзірге үш алтын жеңіп алды. Ал ең бірінші болып еліміздің әнұранын АҚШ төрінде ойнатқан жас спортшы Ақмолда Сайрамкез болатын. Olympic.kz сайтына сұхбат берген Ақмолда жер жүзілік жарыста тұғыр биігінен көрінуді мүлде ойламағанын айтады. 

АҚШ-та чемпион атанған Ақмолда Сайрамкез әлемдік доданы қорытындылады

Ақмолда Сайрамкез небары 16 жаста. Ол Алматы облысы, Ақсу ауданы, Матай ауылында дүниеге келген. Бір жыл бойы еш жарысқа қатыспай, тынымсыз дайындалған жас атлет алыс Америкада Қазақстанның көк туын желбіретті. 

«Сізге шынымды айтайын, алтын медаль аламын деп ойлаған емеспін. Осының алдында Таиландтағы әлемдік сынға қатысып, құр қол қайтқан едім. Оның үстіне, алыс елге сапар шегіп, ірі додаға түсіп жатқасын, аздаған қобалжу болды. Сондықтан, алғашында өз күшіме сенбей, жарысқа қатысудың өзін мәртебе көрдім. Қуанышқа қарай, бапкерлер мен ата-анамның сенімін ақтап, жанкүйерлерді қуантып, чемпион атандым», - дейді Ақмолда. 

Ақмолда жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында бірнеше рет топ жарған. Ауыр атлетикамен 13 жасынан бері айналысып келеді. Ал жасөспірімдер құрамасына 2015 жылы қабылданған. 

«Зілтемір сахнасына шығарда бапкеріміз Бақыт Ахметов үлкен қолдау көрсетті. Жаттықтырушы барлығын тереңнен көреді емес пе?! Зілтемір көтеруге аттанарда: «Өзіңе сен. Қолыңнан келеді. Көтересің!»,  - деп рухтандырады. Басты қарсыластарым Түркия мен Въетнам спортшысынан озып, жеңіске жеткенімде, қуанышымда шек болмады. Бұл жеңісімді барша жанкүйерлерге арнаймын», - деді спортшы.

Ақмолда Сайрамкездің ендігі арманы – ересектер құрамасына өтіп, ірі бәсекелерде еліміздің атын асқақтату. 

Еске сала кетейік, Лас-Вегаста өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық ауыр атлеттер үш алтын медаль жеңіп алды. 

61 келідегі Ақмолда Сайрамкез, 67 келідегі Сайхан Тайсуев және 81 келідегі Сәпи Есенгелді алтыннан алқа тақты. 

Жасөспірімдер құрамасының бапкері - Бақыт Ахметов.