Аймақтар • 14 Наурыз, 2019

Заманауи жатақханалар көбейіп келеді

1354 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы студенттерінің заманауи талаптарға сай баспанамен қамтамасыз етілуі қала басшылығының жіті назарында. Бүгінде жоғары оқу орындарының үштен бір бөлігі орналасқан қалада 20 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж.

Заманауи жатақханалар көбейіп келеді

Осындай қажеттіліктерді назарға алған қала басшылығы таяу жылдарда қарқынды түрде жа­тақхана салуды жоспарлап отыр.  Оның бірқатары қолда­ныс­қа беріліп, қазіргі кезде заманауи талаптарға сай жатақханалар бі­лімге құштар студенттердің жай­лы әрі қолайлы мекеніне ай­налған. 

«Алматы студенттер альянсы» КҚ атқарушы директоры Жас­ұлан Қуандықтың айтуынша, қаладағы 39 жоғары оқу орнында 140 мыңнан астам сту­дент  бі­лім алуда. Қалада оқи­тын әрбір сту­денттің арманы жа­тақханаға қол жеткізу. Осы мақ­сатта «Қазақ­стан студент­терінің альянсы» рес­пуб­лика­лық студенттер қозғалысы «Қа­лай тұрып жатырсың, студент?», «Қалың қалай, студент?» ак­ция­ларын жүйелі түрде өткізіп тұ­рады. «Қалай тұрып жатырсың, сту­дент?» акциясы Алматы қала­сы әкімдігімен бірлесе өткі­зі­ліп, жатақханаларға қатыс­ты сараптама жасалған. «Оқу жылы басталар алдында студент­тер­дің жатақханаларды қабыл­дау дайын­дығын тексерсек, қыс мез­гілінде жылы болуын қада­ға­лаймыз. Сонымен қатар әр­түрлі жағдайлардың алдын алу мақсатында кезектен тыс тек­серістер жүргіземіз. Сараптама нәтижелері Алматы қаласы әкім­дігіне тапсырылып, тиісті шаралар қолданылады. Бүгінде жоғары оқу орындарының ба­за­сында орналасқан 95 жатақ­ханада 31 мың студент тұрақ­таса, әлеуметтік сауалнамалар негізінде қосымша 27 мың сту­денттің жатақханаға мұқтаж екен­дігі анықталды. Былтыр 1 мың орынға арналған 2 жатақхана пай­далануға бері­ліп, 200 орын­ға арналған бір жа­тақ­хана то­лық жөндеуден өтті», дейді Ж.Қуан­дық. 

С.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық универ­си­­­те­­тінде 512 орынды «Сту­дент­­тер үйінің» қол­да­ныс­қа берілуі көптен күткен қуа­нышты жағ­дай. Әрине, меди­ци­на­ның болашақ мамандарын жатақ­ха­намен қамтамасыз ету оңай шаруа болған жоқ. Осыдан 20-30 жыл бұрынғымен салыс­тыр­ғанда студенттердің де саны айтарлықтай көбейген. Универ­си­теттің тәрбие жұмысы бойын­ша департамент директоры Нұржан Жолдасбайдың айтуынша, еліміздегі студент­тер санының 500 мыңға жеткенін назарға алатын болсақ, олар­дың 41 пайызын қала сырты­нан қатынап оқитын студент­тер құрайды. Сырттан келіп бі­­лім алатын 5 мыңнан астам студенттің тең жарты­сы­на жуығы жатақханаға мұқтаж. «Студенттер үйі» – медици­на­лық университтегі сегізінші жатақхана. Тоғыз қабатты екі ғимарат бастапқыда шағын отба­сылық жатақхана болып жоспарланған. Барлық талап­тар­ға сай жасақталған студент­тер үйінде компьютер залы, кітап­хана, арнайы асхана,  оқу залы, кітап сақтау орны бар. Студенттердің интернет пайда­ла­нуға, медициналық көмек алуға да мүмкіншіліктері бар. Жатақханаға бірінші кезекте университеттің белсенді жастары мен көмекке мұқтаж студенттер орналастырылған. 

Қазақстан инженерлік-тех­но­­логиялық университетінің депар­тамент директоры Роза Кәріб­жанованың айтуынша, студент­терді жатақханамен қамта­­масыз ету мәселесінің өзек­­тілігін ескере отырып, атал­ған университет республикада бірінші болып жатақхана құры­лысын пайдалануға берді. Университет басшылығы рес­пуб­­ликаның әр өңірінен келген, әсіресе ауыл жастарының сапа­лы кәсіби білім алуларына жағдай жасауда.  Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, толық емес отбасы және жетім балаларды білім үдерісіне тартуда бірқатар іс-шаралар жүзеге асып келеді.   

Бүгінгі таңда жатақхана құ­ры­­­лысы толық аяқталған әрі заманауи талаптарға сай жаб­­дық­талған.  Студенттердің жан-жақ­ты білім алула­ры үшін компьютерлер, жаңа қондырғылармен қамта­ма­сыз етіліп, техникалық және ақпараттық бағытта түр­лі оқу бағдарламаларын пайда­ла­нуға толық мүмкіндік қарас­ты­рыл­ған.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Еqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ