Авторлық құқықты қорғау аумағы кеңейеді
Жалпы отырыс барысында «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланып, толық мақұлданды.
Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуына қарағанда, бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ аумағында құқықтарды ұжымдық басқару арқылы қазақстандық авторлардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
– Өз кезегінде, одаққа кіретін мемлекеттер авторларының мүліктік құқықтары Қазақстан аумағында қамтамасыз етілетін болады. Авторлардың Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сыйақы алу құқығы іс жүзінде ұжымдық басқару арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты, келісім ұжымдық басқару ұйымдарының негізгі қағидаттарын, құқықтары мен міндеттерін, олардың мемлекеттік бақылау нысандарын белгілеу арқылы ұжымдық басқарудың жалпы тәсілдерін реттейді, – деді М.Бекетаев.
Министрдің баяндауынша, келісімде авторларға жиналған сыйақыны бөлу және төлеу, міндетті аудит жүргізу, ұжымдық басқару ұйымдарының міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершіліктің негіздері қарастырылады. Құжатқа сәйкес ұйымдар жиналған сыйақы сомасының 50 пайызына дейін өзінің шығыстарын жабу үшін ұстап қалуға құқылы. Алайда, әр мүше мемлекет өз заңнамасында мұндай ұстап қалудың ең төменгі шектік жалпы мөлшерін белгілей алады.
– Мысалы, еліміздің ұлттық заңнамасына сәйкес ұйымдардың шығыстарын жабуға арналған сомалар жиналған сыйақының жалпы сомасының 30 пайызынан аспауға тиіс. Енді әр мемлекет бес жыл ішінде ұйымдардың сайттарында авторлардың аудиторлық қорытындыларға қол жеткізілуін қамтамасыз етуге міндетті, – деді Әділет министрі.
Осы орайда, депутаттар әдебиет, өнер, ғылым салаларында авторлық құқықты сақтамаудың ең көп таралған түрі – плагиаттың өршіп тұрғандығына байланысты алаңдаушылықтарын білдірді.
– Тәжірибе көрсетіп отырғандай, авторлық және аралас құқықтар жиі бұзылуда. Сондықтан бұл құқықтар қорғауды қажет етеді. Бұл сала заңнамаға енгізілетін осы өзгерістер арқылы негізгі қиындықтарды шеше отырып, нысандарды зияткерлік, экономикалық пайдалануды табысты жүзеге асыруға негіз болады деп ойлаймын, – деген Мәжіліс Төрағасы әріптестерін толықтыра келе, осы күрделі құжатта еліміздің мүддесін табандылықпен қорғап шыққан Әділет министрлігінің жұмысын жоғары бағалады.
Иран нарығы ашыла түсті
Ал «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2018 жылдың мамыр айында Астанада қол қойылған аталған келісімді іске асыру отандық тауарларды 80 миллионнан астам халқы бар Иранның перспективті нарығына шығару арқылы олардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
– Жалпы алғанда, осындай келісім экспортты әлемдік нарыққа шығару тетіктерінің бірі болып отыр. Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылы 516 млн АҚШ долларына жетті, оның ішінде 426 млн доллар Иранға бағытталған экспортқа тиесілі. Экспортқа шығарылған негізгі тауарлар арасында арпа, болат, рапс тұқымы, қой еті бар, – деді Р.Дәленов.
Министрдің айтуына қарағанда, келісімге сәйкес, Иран тарапы 864 тауарға қатысты импорттық баж ставкаларын төмендетеді. Соның нәтижесінде Иран нарығына ірі қара мал және қой еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майы, макарон және кондитерлік өнімдер, рельстер, аккумуляторлар, арматура мен құбырлар және басқа да тауарлар жеңілдетілген тариф бойынша жеткізілмек. Оның үстіне, бұл тауарлар бүгінде Қазақстанның Иранға экспортының жартысынан астамын алып отыр. Тағы бір атап өтерлік мәселе – Еуразиялық экономикалық одақ елдері 502 тауар бойынша импорттық баж ставкаларын төмендететіндігі. Олардың ішінде құрма, жүзім, кондитерлік өнімдер, ыдыс, кілемдер, жуу құралдары және өзге
тауарлар қамтылған.
Тауарлар теңгерімі сақталуы керек
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар Иран мен өзге де мемлекеттерге ет және ет өнімдері жеңілдетілген бағамен жеткізілетіндіктен, экспорт көлемі күрт артып, ішкі нарықта тапшылық болмай ма деген алаңдаушылықтарын білдірді. Бұл сауалға жауап берген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев қой етімен ішкі нарықтың толық қамтамасыз етіліп отырғанын көлденең тартты. Алдағы 10 жылда мал шаруашылығы өнімін көбейту жоспарланып отыр, деді ол.
Осы мезетте сырттан жеңілдікпен әкелінетін өнімдер кесірінен жергілікті өнім өндірушілер зардап шекпеуі тиіс деген әріптесінің сауалына түсінік берген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин соңғы кездері Үкіметтегі жиналыстарда көрнекі құралдарын жиі пайдаланып жүрген Ұлттық экономика министріне: «сіз өз қызметіңізді базарда түсірілген суреттермен белсенді түрде көрсетіп отырасыз. Демек, сізді базарға барып жүр деп ойлаймын. Енді аймақтарға шыға қалсаңыз, тағы бір қиындыққа көз жеткізесіз. Биыл Павлодар облысынан бастап, тұтас ел аумағында картоп, сондай-ақ қияр шығымы мол болғанымен, оны өткізуде қиындықтар туындады. Оның басты себептерінің бірі бұл өнімдердің қажетті мөлшерден тыс көптігіне байланысты болды. Оған біздің екіжақты келісімдер арқылы төмендетілген жарна төлеп сырттан әкелуге мүмкіндік жасаған тауарлардың да қатысы бар. Мен сондықтан да отандық өнім өндірушілерді, оның ішінде, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді Үкімет қорғай алмаса да ең құрығанда қолдау көрсетуі тиіс деп есептеймін және сырттан әкелінетін тауарлардың тізімін қайта қарап шығуды ұсынамын, – деді Н.Нығматулин.
Депутаттар жалпы отырыс барысында «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын екінші оқылымда толық мақұлдады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»