Тағдырдың тәлкегімен шет ел асып, өзге мемлекетті паналауға мәжбүр болған, сондай-ақ өткен ғасырларда еларалық шекараларды бөлу барысында басқа елдің құрамында қалып қойған қандастарымызды атажұрт – Қазақстанға шақыру бастамасын көзі ашық, көкірегі ояу отандастарымыз қызу қолдады. Бұл шақыртудың негізгі өзегінде жан-жаққа шашырап кеткен қазақтың баласын жат мемлекетке телміртпей, өз елінің жылуын сезіндіріп, рухын көтеру, ата-бабаларымыз армандап кеткен егемен Қазақстанның туы астына біріктіру ниеті жатқан болатын. Ал бұдан басқа жағдаяттар екінші мәселелер қатарында еді.
Соңғы деректерге қарағанда, яғни 1991-2018 жылдар аралығында 303 263 отбасы (1 039 619 адам) оралман мәртебесін алған. Сырттағы қазақтардың көк тудың астына жиналуын бес жылдықтарға бөліп қарастырсақ, алғашқы бес жылда (1991-1996 ж.ж.) бүгінге дейін келген барлық оралмандардың – 10 пайызы, 1997-2001 жылдары аралығында – 8 пайызы, 2002-2006 ж.ж. – 38 пайызы, 2007-2011 ж.ж. – 34 пайызы, 2012-2017 ж.ж. 10 пайызы Қазақстанға қоныстанған екен. Ал олардың 61,3 пайызы Өзбекстаннан, 12,6 пайызы ҚХР-дан, 11,5 пайызы Моңғолиядан, 7,1 пайызы Түркіменстаннан, 3,7 пайызы Ресейден, 3,8 пайызы өзге елдерден келген.
Оралмандардың 56,3 пайызы еңбекке қабілетті жаста болса, 39,8 пайызы 18-ге толмағандар. Бұл көрсеткіштер сырттан келген қандастарымыздың еліміздің экономикасы мен демографиясына сүбелі үлес қосып отырғанын аңғартады.
Соңғы жылдары сырттағы қандастарымыздың атажұртына көшуі біршама саябырсыды. Бұл сөзімізге 2016 жылы – 33754, 2017 жылы –18605, 2018 жылы 14541 адам тарихи отанына қоныс аударғаны дәлел болады. Осы арада «Көш неге азайып қалды?» деген сауал туындайды. Бұл сұрағымызды Көші-қон комитетіне жолдағанымызда мекеменің жауапты өкілдерінен: «Қандастарымыздың елге оралу көрсеткіштерінің төмендеуіне әлемдегі экономикалық дағдарыс себеп болып отыр» деген қысқа жауап алдық. Расында солай ма? Басты себеп осы ғана ма?
Негізінде, әлгі жауап бізді ғана емес, өздерін де қанағаттандыра қоймауы мүмкін. Сондықтан әлгі қойылған сұраққа Көші-қон комитетіндегілер жан-жақты жауап беруге ерінген немесе олар нақты жағдайды білмейді деп пайымдауға мәжбүрміз.
Жалпы, оралман көшінің тоқырау себебі көп. Олардың бәрін тізбектеп шығу қиын. Десек те көштің саябырсуына әсерін тигізген бірқатар себептерді атап өтейік. Біріншіден, «Халықтың көші-қоны туралы» заң шеңберінде қабылдануы тиіс, осы бағыттағы жұмыстарды жүргізудің жүйеленген бағдарламасы жоқ. Сондай-ақ оралмандар көшінің алғашқы кезеңдеріндегі жақсы нәтиже көрсеткен істеріміз бен тәжірибелерімізден қол үзіп қалған секілдіміз. Шын мәнінде көштің алғашқы кезеңінде, яғни тоқсаныншы жылдары шетел қазақтарының елге оралуы, оларды жергілікті халықтың ықыласпен күтіп алуы, орналастыру үлкен құлшыныспен жүзеге асырылған еді. Үкімет, жергілікті атқарушы билік оралмандар көшін ұйымдастыру ісіне айрықша көңіл бөлді. Қазақстанға көшем деп ықылас білдірген шеттегі қандастарымызға арнайы ұшақтар жіберіп, алдырған кездер көп болды. Бұл жұмыстар газет-журналдарда, телеарналарда кеңінен насихатталатын. Бүгінде оралмандар көшіне қатысты насихат бағытындағы материалдар өте аз. Телеарналарда кейде осы тақырып қозғалса, сонау тоқсаныншы жылдары түсірілген бейне көрсетілімдерді ғана қайталап көрсетіп жатады.
Кезінде ел азаматтары қазақтар көп тұратын шетелдерге барып, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізетін. Елге келген оралмандарды орналастыру, жаңа ортаға бейімдеу жұмыстары тыңғылықты іске асырылатын. Осынау игі шаралардың арқасында көші-қон квотасының саны 20 мың отбасыға дейін өскен кездер болды. Өкінішке қарай, бұл жағымды үрдіс қазір үзіліп қалды. Дегенмен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбековтің жақында: «Шеттегі қазақтардың саны 4-5 млн деп жүрміз. Біз барлығын аралап шықтық. 1 млн адам елге келеміз деп отыр», дей келіп, бұл орайда тиімді жобалар қолға алынатынын мәлімдеуі көңілге жылылық ұялатқандай.
Біз әлі де болса дамыған елдердің осы салаға қатысты тиімді тәжірибелеріне жүгінуіміз қажет-ақ. Мәселен, бірқатар мемлекеттерде оралмандарды көшіріп алу жұмыстарын олардың тұрғылықты жерінен бастайтын көрінеді. Осы шаралар барысында виза, тіркелу, азаматтық алу, құжаттандыру, орналасу, баспана сынды өзекті мәселелер оралмандар көш көлігіне мінбей тұрып алдын ала, сол өзі тұрып, жатқан елде шешімін табады екен. Ендеше біз де оралмандар көші-қонының осындай тиімді жолын қарастырғанымыз жөн-ақ.
Тағы бір айта кетер жайт, 2013 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған заңға сәйкес оралман мәртебесін тек Үкімет айқындаған өңірлерге келген этностық қазақтар ала алғандығы және оралмандарға азаматтық тек тұрақты тұрғанына 4 жылдан асқан соң ғана берілгендігі көшу үрдісін саябырсытты. Мәселен, 2014 жылы 8 247 адам, 2015 жылы 4882 қазақ қана тарихи отанына оралған. Ал 2015 жылы қарашада «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылғаннан кейін жағдай жақсы жағына қарай өзгерді.
Аталған кейінгі заңда оңтайлы нормалар қарастырылды. Мәселен, этностық қазақтарға қоныстанған өңіріне қарамастан, оралман мәртебесі берілетін болды. Нақтылай айтқанда, жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды және оралман болып танылған өтініш берушіге және оның кәмелетке толған отбасы мүшелеріне оралман куәлігі беріледі. Бұдан бөлек, заң бойынша тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін оралмандарға бірден азаматтық алуға өтініш білдіру құқығы енгізілді. Бүгінде оралмандар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген түрде, яғни, өтініш жасаған күнінен бастап 3 ай ішінде ала алады. Сонымен бірге Үкімет айқындаған өңірлерде оралмандарды қоныстандырудың өңірлік квотасы белгіленеді. Квотаға енген оралмандар халықты жұмыспен қамту туралы заңға сәйкес, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Бұрын мұндай қолдау жоқ болатын.
Сондай-ақ қазір оралмандар бейімдеу, уақытша орналастыру орталықтарында бір жылға дейінгі мерзімге тіркеле алады. Бұл да бұрын қарастырылмаған еді. Тағы бір мәселе, қазір оралмандар визалардың санатына қарамастан тұрақты тұруға рұқсат ала алады. Ал бұрын тұрақты тұруға рұқсат алу үшін этностық қазақтардың тұрақты тұруға көшіп барады деген визасы болу керек болатын немесе шыққан елінің құзырлы органының басқа елде тұрақты тұруына қарсылығы жоқтығы туралы анықтамасы болу керек еді. Міне, осы мәселелер қазіргі заңның тиімділігін көрсетеді.
Алдағы уақытта оралмандар көшін жандандыру ісі өз жалғасын табады деген сенім бар. Елбасы бастамасымен «Отандастар» қорының құрылғаны осы сенімімізді нығайта түскендей. Бүгінде бұл қор өз алдына ауқымды міндеттер қойып отыр...
Елбасы айтқандай, «Қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан». Ендеше, әлемдегі барша қазақ баласы тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне, іргелі мемлекет ретінде дамуына мүдделі болуы тиіс. Сондықтан оралмандар көшін жандандыру аса маңызды. Осы орайда аталған іс Үкімет пен жергілікті атқарушы билікпен қатар шеттегі қандастарымыздың ерік-жігеріне де тікелей байланысты екенін айта кеткіміз келеді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»