14 Наурыз, 2019

Елге ел қосылса – құт!

2498 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап шет­елдердегі қандастарымызды атажұртына оралуға үндеп, бұл бағытта көптеген шараларды жүзеге асырды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған осынау жұмыстардың нәтижесінде бүгінге дейін қазақтың миллионнан астам баласы елге оралып, мерейіміз өсті. Бұл жасампаз іс әлі де өз жалғасын табуда.

Елге ел қосылса – құт!

Тағдырдың тәлкегімен шет ел асып, өзге мемлекетті паналауға мәжбүр болған, сондай-ақ өткен ғасырларда еларалық шекараларды бөлу барысында басқа елдің құрамында қалып қойған қандастарымызды атажұрт – Қазақстанға шақыру бастамасын көзі ашық, көкірегі ояу отан­дастарымыз қызу қолдады. Бұл шақыртудың негізгі өзегінде жан-жаққа шашырап кеткен қазақтың баласын жат мемлекетке телміртпей, өз елінің жылуын сезіндіріп, рухын көтеру, ата-бабаларымыз армандап кеткен егемен Қазақстанның туы астына біріктіру ниеті жатқан болатын. Ал бұдан басқа жағдаяттар екінші мәселелер қатарында еді. 

Соңғы деректерге қарағанда, яғни 1991-2018 жылдар аралы­ғында 303 263 отбасы (1 039 619 адам) оралман мәртебесін ал­ған. Сырттағы қазақтардың көк тудың астына жиналуын бес жыл­дықтарға бөліп қарастырсақ, алғашқы бес жылда (1991-1996 ж.ж.) бүгінге дейін келген барлық оралмандардың – 10 пайызы, 1997-2001 жылдары ара­лығында – 8 пайызы, 2002-2006 ж.ж. – 38 па­йызы, 2007-2011 ж.ж. – 34 пайы­зы, 2012-2017 ж.ж. 10 пайы­зы Қазақстанға қоныс­танған екен. Ал олардың 61,3 па­йы­зы Өзбекстаннан, 12,6 па­йызы ҚХР-дан, 11,5 пайызы Моң­ғолиядан, 7,1 пайызы Түркі­мен­станнан, 3,7 пайы­зы Ресейден, 3,8 па­йызы өзге ел­дерден келген. 

Оралмандардың 56,3 пайызы еңбек­ке қабілетті жаста бол­са, 39,8 пайызы 18-ге тол­ма­ғандар. Бұл көрсет­кіштер сырттан келген қан­­дас­тарымыздың еліміздің эко­но­ми­касы мен демографиясына сүбелі үлес қосып отырғанын аңғартады. 

Соңғы жылдары сырттағы қан­дас­тарымыздың атажұртына көшуі біршама саябырсыды. Бұл сөзімізге 2016 жылы – 33754, 2017 жылы –18605, 2018 жылы 14541 адам тарихи отанына қо­ныс аударғаны дәлел болады. Осы арада «Көш неге азайып қалды?» деген сауал туындайды. Бұл сұрағымызды Көші-қон комитетіне жолдағанымызда мекеменің жауапты өкілдерінен: «Қандастарымыздың елге оралу көрсеткіштерінің төмендеуіне әлем­дегі экономикалық дағ­да­р­ыс себеп болып отыр» деген қыс­қа жауап алдық. Расында со­­лай ма? Басты себеп осы ғана ма? 

Негізінде, әлгі жауап біз­ді ғана емес, өздерін де қа­на­ғат­­тандыра қоймауы мүмкін. Сондықтан әлгі қойы­лған сұраққа Көші-қон комитетіндегілер жан-жақты жауап беруге ерінген немесе олар нақты жағдайды білмейді деп пайымдауға мәжбүрміз.

Жалпы, оралман көшінің тоқы­рау себебі көп. Олардың бәрін тізбектеп шығу қиын. Десек те көштің саябырсуы­на әсерін тигізген бірқатар себеп­терді атап өтейік. Бірін­ші­ден, «Халықтың көші-қоны туралы» заң шеңберінде қабылдануы тиіс, осы бағыттағы жұмыс­тар­ды жүргізудің жүйеленген бағдарламасы жоқ. Сондай-ақ оралмандар көшінің алғашқы кезеңдеріндегі жақсы нәтиже көр­сеткен істеріміз бен тәжіри­бе­лерімізден қол үзіп қалған секіл­діміз. Шын мәнінде көш­тің алғашқы кезеңінде, яғни тоқсаныншы жылдары шетел қазақтарының елге оралуы, оларды жергілікті халықтың ықыласпен күтіп алуы, орналастыру үлкен құлшыныспен жүзеге асырылған еді. Үкімет, жергілікті атқарушы билік оралмандар көшін ұйымдастыру ісіне айрықша көңіл бөлді. Қазақ­­станға көшем деп ықы­лас білдірген шеттегі қандас­та­ры­мызға арнайы ұшақтар жібе­ріп, алдырған кездер көп болды. Бұл жұмыстар газет-журналдарда, телеарна­лар­да кеңінен насихаттала­тын. Бүгінде оралмандар көшіне қатыс­ты насихат бағы­тын­да­ғы материал­дар өте аз. Теле­ар­наларда кейде осы тақы­рып қоз­ғалса, сонау тоқсаныншы жылдары түсірілген бейне көрсетілімдерді ғана қайталап көрсетіп жатады. 

Кезінде ел азаматтары қазақ­тар көп тұратын шетелдерге барып, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын кеңі­нен жүргізетін. Елге келген орал­мандарды орналастыру, жаңа ортаға бейімдеу жұмыс­тары тыңғылықты іске асы­рылатын. Осынау игі шара­лар­дың арқасында көші-қон квота­сының саны 20 мың отбасыға дейін өскен кездер болды. Өкінішке қарай, бұл жағымды үрдіс қазір үзіліп қалды. Дегенмен Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы Төр­аға­сының бірінші орынбасары З.Тұрысбековтің жақында: «Шеттегі қазақтардың саны 4-5 млн деп жүрміз. Біз барлығын ара­лап шықтық. 1 млн адам елге келе­міз деп отыр», дей келіп, бұл орайда тиімді жобалар қолға алынатынын мәлімдеуі көңілге жылылық ұялатқандай. 

Біз әлі де болса дамыған елдердің осы салаға қатысты тиімді тәжірибелеріне жүгін­уі­міз қажет-ақ. Мәселен, бірқатар мемлекет­терде оралмандарды көшіріп алу жұмыстарын олардың тұрғылықты жерінен бастайтын көрінеді. Осы шаралар барысында виза, тіркелу, азаматтық алу, құжаттандыру, орналасу, баспана сынды өзекті мәселелер оралмандар көш көлігіне мінбей тұрып алдын ала, сол өзі тұрып, жатқан елде шешімін табады екен. Енде­ше біз де оралмандар көші-қонының осындай тиімді жолын қарастырғанымыз жөн-ақ.

Тағы бір айта кетер жайт, 2013 жылғы 10 желтоқсанда қа­­был­­данған заңға сәйкес орал­­­ман мәрте­бесін тек Үкі­мет айқын­даған өңірлерге келген этностық қазақтар ала алғандығы және оралмандарға аза­мат­тық тек тұрақты тұр­ға­­ны­на 4 жылдан асқан соң ғана берілгендігі көшу үрдісін сая­­бырсытты. Мәселен, 2014 жылы 8 247 адам, 2015 жылы 4882 қазақ қана тарихи ота­нына оралған. Ал 2015 жылы қарашада «Қазақстан Респуб­ли­касының заңнамалық акті­ле­ріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәсе­ле­ле­рі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылғаннан кейін жағдай жақсы жағына қарай өзгерді. 

Аталған кейінгі заң­да оң­тай­­­лы нормалар қарас­ты­рыл­­­ды. Мәселен, этностық қазақ­тар­ға қоныстанған өңіріне қара­мас­тан, оралман мәртебесі берілетін болды. Нақтылай айтқанда, жергілікті атқарушы орган өті­ніш тіркелген күн­нен бастап бес жұмыс күні­н­ен кешіктірмей оралман мәрте­бе­сін беру туралы шешім қабыл­дай­ды және оралман болып танылған өтініш берушіге және оның кәме­летке толған отбасы мүше­леріне оралман куәлігі бері­ле­ді. Бұдан бөлек, заң бойын­ша тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін оралмандарға бірден аза­­мат­­тық алуға өтініш біл­ді­ру құқы­ғы енгізілді. Бүгін­де орал­мандар Қазақстан азамат­­­ты­ғын жеңіл­­детілген түрде, яғни, өтініш жасаған күні­нен бастап 3 ай ішінде ала алады. Сонымен бірге Үкімет айқын­даған өңірлерде оралмандарды қоныстандырудың өңірлік квотасы белгіленеді. Кво­таға енген оралмандар ха­лық­ты жұмыспен қамту туралы заңға сәйкес, жұмыспен қамтуға жәрдем­десудің белсенді шара­­ларына қатысушыларға көз­дел­ген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Бұрын мұндай қолдау жоқ болатын.

Сондай-ақ қазір оралмандар бейімдеу, уақытша орналастыру орталықтарында бір жылға дейінгі мерзімге тіркеле алады. Бұл да бұрын қарастырылмаған еді. Тағы бір мәселе, қазір оралмандар визалардың санатына қарамастан тұрақты тұруға рұқ­сат ала алады. Ал бұрын тұрақты тұруға рұқсат алу үшін этностық қазақтардың тұрақты тұруға көшіп барады деген визасы болу керек болатын немесе шыққан елінің құзырлы органының басқа елде тұрақты тұруына қарсылығы жоқтығы туралы анықтамасы болу керек еді. Міне, осы мәселелер қазіргі заңның тиімділігін көрсетеді.

Алдағы уақытта оралман­дар көшін жандандыру ісі өз жалға­сын табады деген сенім бар. Елбасы бастамасымен «Отандастар» қорының құрылғаны осы сенімімізді нығайта түскендей. Бүгінде бұл қор өз алдына ауқымды міндеттер қойып отыр...

Елбасы айтқандай, «Қазақ­тың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан». Ендеше, әлемдегі барша қазақ баласы тәуелсіз елі­міз­дің өсіп-өркендеуіне, іргелі мемлекет ретінде дамуы­на мүдделі болуы тиіс. Сондықтан оралмандар көшін жандандыру аса маңызды. Осы орайда аталған іс Үкімет пен жергілікті атқарушы билік­пен қатар шет­те­гі қандас­та­ры­мыздың ерік-жігеріне де тіке­лей байланысты екенін айта кеткіміз келеді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»