Кеше Мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен «Қазақконцерт» сарайында дүбірлі дүниені дүр сілкіндірген думанды кеш өтті. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлтымыздың ұлық мерекесі – Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өтуді ұсынғанын білеміз. Министр өз сөзінде заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет екенін жан-жақты түсіндірген болатын. «Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни сеніміне қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек», деп атап өтті министр.
Сондай-ақ министрлік тарапынан бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу т.б құндылықтарын дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу керектігі де алға тартылғаны мәлім.
Тағылымды кештің беташар сөзінде вице-министр Ақтоты Райымқұлова наурыз мерекесі ұлттық деңгейде еліміздің егемендік алған жылдарынан бері қарай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ерекше тойланып келе жатқандығын атап өтті.
«Ұлтымыздың мәдени мұралары рухани жаңарып, жаңғырып отыруы керек. Барлығымыз білетіндей, көрісу, амал ету күнімен астастырылған төл мейрам жаңа бағытқа желкен кермек. Аталған мейрамда биыл негізінен мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы аналарға арналған түрлі сыйлық пен мерекелік көңіл күй сыйлауды қолға алып отырмыз», деді А.Райымқұлова.
Биылғы жаңа жобаның жоғары деңгейде өтуіне «Хабар» агенттігінің де қосар үлесінің ерекше екенін атап өткен жөн.
«Ұлыстың ұлы күні» іс-шарасын ерекше дейтін себебіміз де сол, жоба шеңберінде көрермендер ұлттық салт-дәстүрлер мен спорттық ойындардың, ақындар айтысын, халық әуендеріне құрылған ән шашу мен күй тартысы сынды ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін тамашалай отырып, Жаңа жылда орындалатын кейбір нышандарды ұлттық менталитетімізге икемдегені көңілге қонады. Мерекелі күнде «Қазақстан» концерт залының үлкен сахнасы мен дәлізінің декорациялары ерекше сән-салтанатпен безендірілген киіз үй үлгісінде ұсынылуының өзі сауықтың сәнін арттыра түскен.
Көрермендер алдымен Ер Төстік, Алдар көсе, Шықбермес Шығайбай, Тазша бала сынды қазақтың аңыз-ертегілеріндегі кейіпкерлердің жаңа образдары ұсынылған театрландырылған көріністі тамашаласа, одан кейін сахна төріне шыққан қазақ эстрадасының белгілі әншілері мен топтарының өрелі өнерлеріне қол соқты. Бұған қоса, концертте «Астана мюзикл» мемлекеттік театры үздік мюзиклдердің үзінділерін ұсынды. Айта кетуіміз керек, өнердің озық үлгілерінің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақконцерт» «Ұлыстың ұлы күні» мерекелік іс-шарасының 400 билетін қайырымдылық мақсатта әлеуметтік деңгейі төмен көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту етті.
Түйіп айтқанда, наурыз нақыштарының жаңа үлгісінен бірлік пен татулықтың, береке мен ырыстың нәзік те жылы лебі есіп тұрды.
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»