Серікбайұлыевичтің кім екенін білесіз бе?
Есенқұлдың анасы Елизавета Яковлевна елгезек ұлын еркелетіп «Есен, Есенім» деп еміреніп отыратын. Ал редакциядағы құлын-тайдай тебіскен әріптестері үшін оның есімі – Есенқұл да емес, Есен де емес, жай ғана Ешо еді! Неге Ешо? Әр тілші жазған мақаласының бұрышына қол қоюға міндетті, редакция тәртібі солай. Есенқұл да машинкаға басылған ақ парақтың бұрышына күнделікті «Е.Жақыпбеков» деп белгі салады. Ондағы бастапқы «Е» әрпі параққа анық түседі. «Ж»-сы «Ш»-ға айналады, ал үшінші әріпті айналдырып, қайырып тастай салады. Құбылысты қалт жібермей байқаған фототілші, ол да ақын, Сейітхан Молдахметовтің сол иректі «оқып», тапқырлықпен «Ешо» деп қойған аты ғой бұл. Ешоның әскери билетіндегі аты-жөні «Жақыпбеков Есенқұл Серікбайұлыевич» еді. «Әдейі қазақшалап Серікбайұлы деп жазғанымды, көрдің бе әскери кеңседегі кеңкелестердің қалай түрлендіргенін?! Опасыздар ғой!» деп күйінетін. Ол рас – кеңкелестер!..
«Брежневтің жиенінің» достық әзілдері
Жыл сайын желтоқсанның 19-ында Есенқұлдың, өзі айтқандай, «нағашысы» – КСРО-ның Бас хатшысы Брежневпен бірге оның да туған күнін атап өтетінбіз. Кеңес Одағы патшасының есімін әзіл-сықаққа «қорықпай» қосқан тұңғыш қазақ ақыны Ешо шығар. Бірде аудандық газеттің редакторының орынбасары Жұмағали Жұмаділов ағамыз кеңсеге судай жаңа костюм-шалбар киіп келді. Мұндай оқиға өте тосын құбылыс саналатын. Өйткені бес жылда бір костюм, он жылда бір пальто киетін кеңестік дәуір емес пе?! Әріптес ағалардың қолқалауымен Есенқұлдың сондағы жазған достық әзілі былай болып келеді.
Кигеніңіз импорттан,
Шетелден келген жандайсыз!
Жұрт сүйсініп жүр сырттан,
Брежневтен аумайсыз!
Есенқұлдың тапқырлығы мен қуақылығына орай редакторымыз мерекелік нөмірлерге ауданның маңдайалды еңбек озаттарына арнап «Достық әзілдер» жаздыратын әрі онысы тәп-тәуір шығатын. Ұжымдағы тілші қаламын қолына бізден әлдеқайда ерте ұстаған Жұмағали, Еркін, Жұматай, Жолдасхан, Мұхаметжан, Базарбек ағаларымыз жас пері Есенқұлдың өткір әзілдегі адуынын көріп «Достық әзіл» жазуға деген бұрынғыдай ынтызарлығын «ұмытты».
Сейітханның көк пальтосы
Қыстың күні еді. Сейітхан жұмысқа судай жаңа көк пальто киіп кепті. Ол көк пальто бірден көпшіліктің көзіне түсті. Әдемісі әдемі-ақ, бірақ әдемі пальтоның екі иығы сәл салбырап, төмен тартып тұрды. Әйкен жеңешеміздің екі жеңін білдіртпей ішке қайырып тігіп, күйеуіне күштеп киігізіп жібергенін байқап қойдық. «Шап-шақ екен» деп шу ете қалғанымызбен, Сейітхан да құнжыңдап, ағалардың қошемет сөзін құлағынан асырып, дәстүрлі «жуып жіберуге» асыға қоймады. Нөмір шығатын күн. Жұрт қарбалас. Есенқұл «Газет – бұқараның органы» деп аталатын ауыл-село тілшілеріне арналған 4-ші бетті дайындап жатқан. Уақыт тар. «Бір шумақ жаз, бір шумақ жаз, жудырамыз» деген жаушыларға мұрнына су жетпей жатқан Ешоның сондағы «күйіп кеткендегі» жазған бір шумағының екі жолы:
«Сейітханның өзіне құйып қойған
көк пальто,
Жұматайдың көзіне күйік болған
көк пальто», –
боп соңғы жолы «...жуылмай кет, көк пальто» деп біткені ғана есімде қалыпты.
Ешо жазған мерекелік «Достық әзілдерді» аудандық партия комитетінің хатшысы алдыртып оқып, содан соң ғана газетке басуға рұқсат ететін. Ешоның тілінің тотияйыны бары біліне бастады. Аудандық партия комитетімен текетірес сол кезде шықты.
Есенқұл Жақыпбековтың лирикалық жырларын басына жастанып, сүйсініп оқитын бүгінгі ұрпақ әдебиеттің әзіл-сықақ жанрында ақынның есесі кеткенін білмейді-ау, әттең!..
«Табақ-аяқ жуып фототілші болмай-ақ қояйын!»
Сейітхан фототілші, мен жауапты хатшы – екеулеп Ешоны фото өнеріне баули бастадық. Біріншіден, бұл әр тілші фото ісін меңгеруі тиіс деген редакторымыз Әбілғазы Тоғызбаев ағамыздың тапсырмасы. Екіншіден, «Ертең ҚазМУ-ге оқуға түссең журналистика факультетінде Редькин есімді фото ісінен сабақ беретін «қызыл көз» оқытушы бар, одан сынақ тапсырмайынша саған күн жоқ деп «пысықсынған» мен. Ақындығы бір төбе, жазуы өте жақсы, нағыз фельетоншы Ешоға тек осы кәсіпті игеру ғана жетпей тұрған.
Арада апта өтпей Ешом алдыма қисайып кеп тұр. «Не болды?» «Табақ-аяғын жуғызып қойды!». Дереу екеулеп Сейітханның бөлмесіне дауласпаққа барайық. «Ешо, фото ісі айқындауыш пен бекіткіш ерітінді салатын табақтарды жуудан басталады, менің қолым тимей жатыр, шая сал дегем, жеңін түріп қолын суға малғаны сол... кенет, ертоқымын бауырына алып, тулап фотолабораторияны тастап, шығып кетті.» Сақаңның 3-4 жас үлкендігі бар, айтқанын жөнге балап, Ешоға бұрылдым. «Осы күнге дейін Меңсұлудың табақ-аяғын жуып көрмеппін, енді қалғаны химикат салынған табақ жуу ма... ҚазМУ-іңе түспей кетсем де...» деп бір бұрқ етіп басылған Ешо, әдеттегідей, әңгіменің аяғын әзілге айналдырып жіберді. Фотоүлдір салатын төрт бұрышты табақтар жуылмай қалды, Ешоның өзі де фото ісіне қайтып жуымай қойды...
«Сен жүрген жер, әйтеуір, Отан соғысы!..»
Азанда сап-сау, түс мезгілінде үйіне ас ішуге кеткен, ақсары Ешоның көзінің айналасы көкпеңбек боп көгеріп келді. Домбығып ісіп тұр. «Не болды, не болдының» астына алып, шыр-пырымыз шықты. «Ей, қойшы, әшейін...». Тіс жарар емес. Қас қылғандай тура осы арада «Редактор бәріңізді жиналысқа шақырды» деген хабар түсті. Бас-басымызға тапсырмасын үйіп-төккен Әбілғазы ағамыз қалқада отырған Есенқұлды іздеді. Фельетонға лайық ерекше нысан бар екен...
– Әй, андағы, көзің не?!
Тым-тырыс бола қалдық. Не күлгенін, не мұңайып тұрғанын білмедік, Ешо орнынан асықпай тұрып, домбыққан ақсары жүзін оң қолымен көлегейлеп «Мына Қарақыстақтың балалары... автовокзалдың шаңын қағып... қойша қуып, жапырып жүр екен. Соған мәз боп қарап тұрғам... Көктен түсті ме, біреуі өңмеңдеп кеп қапты, өй-й... мен қазақпын дегенше болған жоқ, салды да жіберді. Топалаң боп кетті...».
Әскерге көктемгі-күзгі шақыру кезінде түкпірдегі Қарақыстақ, Амангелді, Қастек ауылының балалары аудан орталығы Ұзынағаштағы автовокзалды қыран жапқандай етіп «сабап» кететін «жаман» әдеті бар еді. Қаптаған милиция ысқырып, «ЛАЗ»-дар гүрілдеп, құрбы-құрдастарын әскерге шығарып салушы жастарды, үш автобусқа әрең күштеп мінгізіп, әлек боп ауылдарына аттандырып жататын бұл «у-шу» баршаға аян жайт болатын...
– Өй, Есенқұл-ай, осы сен жүрген жер, әйтеуір, Отан соғысы болады да тұрады...
Жұрт жарыла күлді. Сүйікті тілшісінің әрбір фельетоны үшін аудандық партия комитетінен ылғи да «таяқ жеп» қайтса да мойымайтын, Ешоны да, Ешоның фельетонын да жақсы көретін редакторымыздың «Отан соғысын» меңзегені сол-ау деп түйдік...
* * *
Бүгінде есімін ел ерекше құрметтейтін әйгілі ақын Есенқұл Жақыпбеков туралы оның екі құжатта екі түрлі жазылған (19 желтоқсан, 10 ақпан) туған күндерін өткізіп барып жазған естелігімнің ақырғы нүктесін былай қойғанды жөн санадым: «Пай-пай 25-ті бірге өткізген күндер-ай, тағдыр саған 65-іңді көруге жазбағанын қарашы, қайран Ешо... Есен... Есенқұл!..».
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ
СУРЕТТЕ: аудандық редакциядағы «Қызыл сенбілік», «рульде» Есенқұл ЖАҚЫПБЕКОВ. Ұзынағаш, 1979 жыл.