Дүбірге толы дүние
Жұма, 15 маусым 2012 6:59
Ұлтқа бөлінушілік қасіретке апарады
Осыдан екі жыл бұрын маусым айында Қырғыз Республикасының оңтүстігінде ұлысаралыс қақтығыс болып, одан 500-дей адам қаза тапқан еді. Ел жұртшылығы сол қайғылы оқиғаны еске алып, қаза болғандарды аза тұтты.
Жұма, 15 маусым 2012 6:59
Ұлтқа бөлінушілік қасіретке апарады
Осыдан екі жыл бұрын маусым айында Қырғыз Республикасының оңтүстігінде ұлысаралыс қақтығыс болып, одан 500-дей адам қаза тапқан еді. Ел жұртшылығы сол қайғылы оқиғаны еске алып, қаза болғандарды аза тұтты.
Бұл оқиғаны қырғыз елінің жанына түскен жара деп сипаттаса жөн болар. Және бұл жараның жазылуы да қиындау. Оқиғаның сол қаза болған 500 адамның жақын туыстарының ғана жанын ауыртып қоймай, жалпы қырғыз бен өзбек халықтарының жанына батқаны анық. Сол қайғылы оқиғаға себепші болғандар, ұйымдастырғандар екі халықты бір-біріне қарсы қоюды, шағыстыруды ойлағаны да анық. Олар белгілі дәрежеде сондай қара ниеттерінің жүзеге асуына жетті де.
Аза тұту шараларына қатысқан Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев сол қайғылы оқиғаның сипатын ашып көрсетуге айрықша көңіл бөлді. «Қырғызстанның бөлінуіне, соның салдарынан оның мемлекет ретінде жойылуына мүдделі күштер бар, – деді ел басшысы. – Ол күштер ұлтшылдар мен сепаратистерге арқа сүйейді». Оның пікірінше, аймақтағы ұлысаралық қақтығысты «халыққа қарсы күштер» ушықтырған.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы 2010 жылғы маусым оқиғасына жасалған талдау оған сыртқы күштердің де ықпалы болғанын айтады. Ол Өзбекстан президентінің де осындай пікірде екенін ескертеді. Бірақ Атамбаев сол «сыртқы күштерді» нақтылауға барған жоқ. Сөйтсе де, негізгі себептерді іштен іздеген жөн болар.
Жалпы, бұл аймақта, Ош және Жалалабад облыстарында, соңғы жарты ғасыр мерзімде ұлысаралық қақтығыстар үш рет орын алған екен. Мұны да Атамбаев бұрынғылардың кінәсі санайды. Сол кездегі билік жеке арандатушыларды ғана жазалап, оқиғалардың шын мәнін ашпаған көрінеді. Сол кезде-ақ қырғыздар мен өзбектер арасындағы бөлінушілік айқын аңғарылған екен. Барлығын бұрынғыға жаба берген жөн болмас, ел тәуелсіздік алғаннан кейін де біраз уақыт өтіп, біраз шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды емес пе?
Көрші туысқан елдегі жағдай әркез біздің де көңілімізді алаңдатады. Сол қырғыздар мен өзбектер арасындағы екі жыл бұрынғы қақтығыс аса ауыр әсер қалдырған. Қырғызстанда ұлтшылдық идеямен елірген есерсоқ жастардың дүнген ауылына ойран жасағаны туралы хабарды да жанымыз ауырып естігенбіз. Тағдырдың талай тауқыметін кешіп, осы елден пана тапқан еңбекқор дүнгендердің айыбы олардың жергілікті тұрғындардан тұрмысының жақсырақ екені көрінеді. Жақсы өмір ұлтшылдық даңғазамен емес, еңбекпен келетінін олардың ұққысы келмейді. Ұлтшылдық есіріктің салдарынан қырғыз жастары мен тәжіктердің қақтығысқа барғаны да белгілі.
Қырғызстан президентінің өткеннен сабақ алайық, ұлыстық қауымдастықтардың жақындасуына жағдай жасайық, қырғыз, өзбек деп бөлінбейік, Қырғызстан азаматтығына жататындығымыз негізінде бірігейік деген шақыруы талайлардың көңілінен шыққаны анық. «Қасарысқан қарсы тұру жалғаса берсе, жаңа қақтығысқа кезігеріміз анық», – деді Атамбаев. Жөн сөз.
________________________________
Уго Чавестің әлі де билікте қалғысы бар
Венесуэлада биыл президенттік сайлау өтеді. 7 қазанда. Осынау әлемдегі мұнай қоры ең көп елде (былтырғы жылы сондай болжам жасалған) билік тізгінін кім ұстайтыны талайлар үшін айрықша маңызды.
Оның үстіне бұл елдің президенті – Уго Чавес. Әркез өзінің тосын әрекеттерімен әлемді шулатып жүретін қайраткер. Билік тізгінін ұстаған 13 жыл ішінде оның елеусіз қалған кезі жоқ. Ең алдымен бұл елдің басты байлығы мұнайын сатып алушы басты ел – Америка Құрама Штаттарына қарсы сөздерімен және әрекеттерімен кей жұрттың айызын қандырса, кей жұртты талай мәрте таңдандырған. Әдетте, кім де болса, өзінің тауарын көп пайдаланатын елмен жақсы қарым-қатынаста болуды қалайды. Ал Уго Чавес, керісінше, АҚШ-ты ғайбаттауда сөз таңдап жатпайды.
Мұның да мәнісі бар. Әлемдегі ең астам империалистік державамен бітіспес күреске түсіп, Уго Чавес өз елінің ұлтшыл-патриоттық қауымынан кең қолдау тауып қана қоймай, жалпы әлемдік ауқымдағы АҚШ-тың экономикалық және саяси үстемдігіне қарсы елдер тарапынан достар да табады. Олар баршылық. Әлемнің шартарабынан кездеседі. Және Уго Чавес сол достарына жиі-жиі барып, түрлі саладағы қарым-қатынасын нығайта отырып, өз еліндегі беделін де арттырады. АҚШ-қа қарсылардың барлығын да Венесуэланың досы санаған жұрт қателесе қоймайды. Содан да, Уго Чавестің жолы Гаванаға, Мәскеуге, Теһеранға, Минскіге, Пекинге жиі түсіп тұрады. Әсіресе, Ресеймен әскери-одақтық байланыстарының үлкен саяси астары бар.
Күні кеше Уго Чавес үшінші рет президенттік сайлауға қатысатынын хабарлағанда, әлемдік ақпарат құралдары шу ете қалған. Көп адам Чавес сайлауға түспес деген ойда еді. Өйткені, оның денсаулығы күрделі жағдайда. Ол жайында жұрттың сөз еткеніне де біршама уақыт болды. Ауруын өзі де жасырмай, жұртқа жария етіп отырды. Жазылмайтын ауру деп, талайлар оның күнін де бітіріп қойған еді. Ал Чавес күдер үзіп қана қоймай, сол ауруды (рак) мазақ еткендей, үнемі өзінің жағдайы жақсы екенін айтады да жүреді, телеарналардан сөйлеп, жаңа жоспарлар ұсынады.
Оның үміткер болып тіркелуінің маңыздылығы – сайлауда Чавестің жеңетініне жұрттың шүбә келтірмейтіндігінде. Екінші сөзбен айтқанда, жеңімпаз алдын ала белгілі болатындықтан, ол қатысқан сайлаудың қызығы кетіңкіреп қалады. Ал Чавес болмаса, басқа үміткерлер арасындағы күрес күшейер еді. Енді оған жол жоқ. Журналистер алдында сөз сөйлеген Чавес өзінің құлан-таза жазылғанын, алдағы алты жылға күші жететінін мәлімдеді.
Чавеске қарсы тұратындар жоқ емес, бар. Өткен жексенбіде бүкіл оппозициялық күштер бас біріктіріп, өз орталарынан Миранда штатының бұрынғы губернаторы Энрике Каприлес-Радонскиді президенттікке кандидат етіп ұсынды. Оны жақтаушылардың айқай шуы да әжептәуір болды. Каракастың көшелерімен 10 шақырым шерулер жасап, қыр көрсетті. Дегенде, Чавес болмаса, Каприлестің басқа кез келген үміткермен белдесуге қауқары барлығы анық.
Ел ішінде де, сыртта да Чавестің жеңгенін қалайтындар көп. Кейде оның қару-жараққа қыруар қаржы жұмсап, басқадай да тосын әрекеттерге баратынына қарап, осы бір қайраткер өз елінің мүддесіне қиғаш қадамдар жасайды дейтіндер де аз емес. Қалай дегенде де, халқы қолдаған басшының бәсі қашанда жоғары.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».