– Медициналық туризмді дамыту мақсатында Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханада шетелдің 17 азаматына тірі донордың бүйрегін салу операциялары жасалды. Олар – Германия, Канада, Израиль, Румыния азаматтары. Бүгінгі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Донорлар мен ота жасалғандар амбулаториялық ем алды. Барлық операцияны аурухананың білікті трансплантолог-дәрігерлері жасады, - деп мәлімдеді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Шетелдік азаматтардың Шымкент дәрігерлерінің көмегіне жүгінуі өңіріміздің ғана емес, еліміздің медицина саласындағы негізгі жетістік саналады. Бұған бір себеп - трансплантологиялық операцияларды жасайтын клиника заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Мұндағы мамандар да білікті. Медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын операция жасау бөлімі және бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі бар. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді.
– Шетелден келген азаматтар өздерінің донорларымен бірге келеді. Оларға сапалы қызмет көрсетіп жатырмыз. Операция алдында науқастарға түрлі зерттеулер де бізде жүргізіледі. Біздің мақсат – медициналық туризмді дамыту, - дейді қалалық №1 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Абылай Донбай.
Айта кетейік, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында бүйрек алмастыру операцияларын жасау 2013 жылдан басталды.