20 Маусым, 2012

Жасыл көпір бағыты: Астана – Рио+20

3753 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жасыл көпір бағыты: Астана – Рио+20

Сәрсенбі, 20 маусым 2012 8:37

«…Еліміз БҰҰ-ның мыңжылдықтар дамуы мақсатын ұстанатынын көрсетті. Қазақстан жаһандық энергиялық-экологиялық стратегия мен «Жасыл көпір» ауқымды экологиялық бастамасын қабылдауды ұсынды. Біз осы идеямызды Рио-де-Жанейрода өтетін бүкіләлемдік саммитке енгізуді жоспарлап отырмыз».

 

Сәрсенбі, 20 маусым 2012 8:37

«…Еліміз БҰҰ-ның мыңжылдықтар дамуы мақсатын ұстанатынын көрсетті. Қазақстан жаһандық энергиялық-экологиялық стратегия мен «Жасыл көпір» ауқымды экологиялық бастамасын қабылдауды ұсынды. Біз осы идеямызды Рио-де-Жанейрода өтетін бүкіләлемдік саммитке енгізуді жоспарлап отырмыз».

 (Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың

БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының жалпы жарыссөзінің ашылуында сөйлеген сөзінен).

Соңғы уақыттары бүкіл адамзат баласы экономикалық, азық-түліктік және экологиялық дағдарыстарды бастан кешуде. Бұл – Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Австралия және арал мем­ле­кеттерінің жалпы ортақ проблемалары. Яғни, адамзаттың жиыр­ма жыл бойы салған күш-жігері тиісті нәтижелер берген жоқ. Сол себепті, үстіміздегі жылдың 20-22 маусымы күндері Брази­лия­да БҰҰ-ның орнықты даму бойынша Рио+20 конференциясын өткізу жоспарлануда. «Рио-92» тарихи конференциясынан 20 жыл өткен соң мемлекет және үкімет басшылары орнықты даму жолындағы прогресті баға­ла­мақ. Рио+20 конференциясында негізгі екі тақырып талқыла­на­ды:

– «жасыл экономикаға» өту;

– орнықты дамудың инсти­тут­тық негіздері.

Неге бүгінгі күні орнықты даму контексінде осы мәселелер талқылануда. Рио+20 дайынды­ғына арналып арнайы өткізілген іс-шарада БҰҰ басшысы Пан Ги Мун қазіргі даму жолы тығы­рық­қа тақайтындығын атап кет­ті. Қазірдің өзінде әлем алдында азық-түліктің және таза судың жетіспеушілігі, қоршаған орта­ның ластануы мен қалалардағы халықтың шектен тыс өсуі, парниктік газдар эмиссиялары­ның артуы және климаттың өзге­руі салдарынан туындаған проблемалар ортаға шыға бастады.

Қазіргі замандағы дағдарыс­тан шығу жолдарының жаңа тә­сілдері экономиканы дамытуда­ғы «жасыл өсім» мен «жасыл экономика» стратегиясында деп білемін.

Жасыл көпірмен жасыл эко­но­микаға бет алу. «Жасыл» тер­мин­дері 2005 жылы Сеулде өт­кен қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 5-ші конференциясынан бастап жаппай қол­да­ныла бастады. Оңтүстік Корея мемлекеттік «Green growth» (жасыл өсім) стратегиясын қабыл­дап, оның негізгі идеяларын бар­лық мемлекеттердің аймақт­а­ры­на таратуды және экономикалық дамудың жаңа тәсілдерін жаппай насихаттауды ұсынды.

Аталған стратегияның негізгі жаңалығы оның тек табиғатты қорғауға ғана емес, сонымен қа­тар, экономикалық өсу мен тех­но­логиялық дамуға ықпал ету­ін­де болып табылады. Дағдарыс­тан шығудың осындай жолдарын басқа дамыған елдер де ұс­тана бастады. Осылайша АҚШ президенті Барак Обама 2009 жылы келесі 10 жылдықта 5 мил­­лион жұмыс орнын ашу үшін энергияның экологиялық таза түр­лерін дамытуға 150 млрд. дол­­­­лар инвестиция құю жос­парын жариялады. Сонымен қатар, Жапония да халықты жұмыс орнымен қамтуды 2,2 миллионға арттыру мақсатында экологиялық технологиялар рыногын 2015 жылға қарай 100 триллион иенге көбейтпекші.

Қазақстанда 2010-2014 жыл­дар­ға арналған «Жасыл даму» үкіметтік бағдарламасы қабыл­данды. Бағдарламаның басым­дық­тарына парниктік газдардың шығарындыларын азайту, өнді­рістік және тұтынылған қал­дық­тар проблемаларын шешу, қор­шаған ортаны ластағаны үшін төлемдерді экологиялық салық­тарға ауыстыру, су ресурстарын сақтау жатады. Атап айтқанда, осы басымдықтар Оңтүстік Корея басымдықтарымен пара-пар.

Жасыл өсім және жасыл экономика стратегиясы жасыл технология негізіндегі жаңа инвес­тицияларды талап етеді. Бірақ, бұл технологиялар тек дамыған елдермен әзірленіп, сол елдерде ғана орналасқан. Дамыған елдерде бұл үшін қаражат жет­кі­лік­ті, жағдайлар да жасалған. Керісінше, дамушы елдерде мұн­дай қаражат пен жағдай жоқ. Алайда, дамушы елдердің эко­но­микалық өсімінің салдары еуро­палық және басқа да дамыған елдердің жаһандық экожүйе­лер­ді сақтаудағы парниктік газдарды қысқартуға бағытталған жұ­мыстарынан басым түсуде.

Бұл ретте ғаламдық маңызды табиғи нысандар – Бразилия, Орталық Африка, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ну ормандары, Гималай, Альпі, Тянь-Шань, Памир тауларының мұздықтары, Моңғолия мен Қа­зақ­станның далалары және Сі­бір, Канада, Алясканың қалың ормандары жойылып кетуі мүм­кін. Қазірдің өзінде дамыған елдерде климаттық апаттардың ұл­ғайғандығы байқалады, мысалы, су тасқыны, құйынды дауылдар, жоғары немесе төмен апатты температуралар жиі орын алуда.

Яғни, Азия, Африка және Оңтүстік Америка елдерінің жасыл инвестициялар мен техно­ло­гиялардың арқасында дамуы бү­кіл ғаламшар үшін аса маңызды. Осы орайда, «Жасыл экономика» құрудағы жетекші елдер бі­рінші кезекте тұрған мына мәсе­лелерді шешуі қажет. Олар:

– «қоңыр» өнеркәсіпке мем­ле­кеттік субсидияларды қыс­қар­­­­­тып, экологиялық талаптарды қатаңдату;

– экологиялық салықтар енгізу;

– «жасыл» өнеркәсіпке елеулі инвестициялар құю мен «жасыл» мемлекеттік сатып алым­дарға өту;

– жаңа «жасыл» трансферттер мен технологиялар енгізу.

«Жасыл экономиканы» ен­ді­рудің басты шарты – жаңа «жасыл» технологиялар трансферті. «Жасыл экономикаға» өту үшін технологиялық төңкеріс қажет. Көптеген сарапшылардың пікі­рін­ше, «жасыл өсімге» қатысы бар ғылыми салалардағы зерттеу­лер мен жұмыстардың халық­аралық ынтымақтастығын кү­шей­ту және осы технологияларды дамушы елдерге тездетіп та­ратудың ғаламдық институттық тетіктерін құру қажеттілігін атау­да. «Жасыл» технологияларға еркін қолжетімділік пен дамушы елдерге мемлекет арқылы қар­жы­ландыратын технологияларды беруді ынталандыру – ор­нықты дамудың елеулі шарты. Алайда, әлем елдерінің рынокқа шығарып отырған өнімдері осы технологиялар болып табылады және негізгі табыс көздерін олар­дан алып қою оңайға соқпайды.

Сарапшылардың айтуынша, «жасыл экономика» құру үшін халықаралық интеллектуалды меншік құқығын қорғау режімін (2001 жылы Дохада қабыл­дан­ған) TRIPS келісімі және қо­ғамдық денсаулықты қорғау декларациясына ұқсас өзгерту қа­жет. Ол үшін патенттерді қорғау мерзімдерін шектеу және өнер­тапқыштарға қолда бар патенттелген ғылыми мағлұматтарды қолдана отырып жаңа иннова­ция­лар ашу үшін рұқсаттар беру керек. Технологияларды трансферттеу проблемасы бойынша әлемнің жетекші сарапшылары жұмыс атқаруда. Бірақ әзірге нәтижесіз.

Астана бастамасы: «Жасыл көпір» – жасыл технологияларды трансферттеудің тәжірибелік тетігі. 3 және 4-Астана эконо­ми­калық форумында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев алдыңғы қатарлы дамыған елдер мен дамушы елдер арасындағы иннова­циялық технологияларды транс­ферттейтін өзіндік «жасыл кө­пір» орнату қажеттігін атап көр­сеткен болатын. «Жасыл көпір­дің» негізгі міндеті – плане­та­ның ірі аймақтарындағы мемле­кет­тердің «жасыл экономикасын» жүзеге асырудағы мемлекет, жеке сектор, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың серік­тестігіне септігін тигізу.

«Жасыл көпір» Астана бастамасы 2010 жылдың қазанында Азия және Тынық мұхит елде­рінің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 6-конференциясында қабылданды. ESCAP ел­де­рінің тапсырмасы бойынша Қазақстан «Жасыл көпір» серік­тестік бағдарламасын әзірледі. 2011 жылдың қыркүйегінде «Жа­сыл көпір» бастамасы және серіктестік бағдарламасы «Еуропа үшін қоршаған орта» 7-Пан-Еуропалық министрлер конференциясында қолдау тапты.

Бағдарлама мемлекеттер, ха­лықаралық, үкіметтік емес, білім ұйымдары мен бизнес арасын­дағы экономикалық және на­рық­тық құралдар арқылы «жасыл» бизнестің жаңа жолдарын құру бойынша өзара іс-қимылдар әре­кеттерін ойластырады. «Жасыл көпір» серіктестік бағдарлама­сында демеуші мемлекеттер мен көмек алушы мемлекеттер жоқ. Іс-қимыл екі жақты жүреді. Бір жағына қарай экологиялық таза «жасыл технологиялар», ал екінші жағына қарай «жасыл технологиямен» жасалған «жасыл тауарлар» жүретін болады.

Жетекші елдер өтеусіз негіз­де «толық біткен» жаңа жасыл технологияларын ұсынуы керек. Өз кезегінде, дамушы елдер «жа­с­ыл» технологияларды тар­ту­ға қолайлы жағдайлар жасауы қажет. Барлық серіктестік елдер «жасыл технологиялар» арқылы жасалған «жасыл тауарларға» еркін рынок ұсынуы тиіс.

Серіктестік бағдарламасын және инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың негізгі шарты көпжақты келісімдер болып табылады. Солайша, барлық мемлекеттер үдеп келе жатқан проблемаларды шешу және бар жағ­дайды түбегейлі жақсарту үшін өз еркімен жасыл инвестициялар мен технологияларға қолайлы жағдай жасауы тиіс. Өз кезе­гінде стратегиялық жобалар табыс әкеледі. Еуропаның, Солтүс­тік Американың және Азияның көптеген елдерінде тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген «жасыл экономиканы» қолдау мысалдары жетерлік. Сондай тәжірибелерді жинақтап, талдау жүргізіп, со­лар­дың негізінде бағдарламаны жүзеге асыратын (кемінде 10-20 жылға арналған) ұзақ мерзімді келісімдер дайындау қажет.

Қорыта келе айтарымыз, Қа­зақстан өзінің 20 жылдық тәу­елсіз тарихында бәрімізге ортақ үй – Жер планетасын сақтауда және жаһандық экологиялық про­блемаларды шешуде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Ал бүгін бүкіл адамзат планетаның күйзелісін тоқтатып, өмір негізін қайта жандандыратын бірден-бір мүмкіндікке ие. Адам мен таби­ғат­тың үйлесімді өмір сүру мүм­кіндігі қа­­зір­­­гі таңда басқа кездерге қарағанда әлдеқайда жоғары.

Нұрғали ӘШІМ,

Парламент Мәжілісінің депутаты.