Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Жақсылығы жұртқа мәлім

1206 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі Абай атында­ғы Қазақ ұлт­тық­ пе­да­гогикалық уни­­вер­­­ситетінің 1974-1980 жылдары рек­торы болған көр­некті ға­лым, тарих­шы Жү­ніс­бек Жұмабеков­тің осы оқу орнын да­мытудағы ала­тын ор­ны ерекше. Ол өт­кен ғасы­рымыздың 70-80 жыл­дарында қа­­зақстандық ғы­лым әлемінде аса танымал тұлға болуымен қатар жо­ғары оқу орындарының қыз­метін шебер ұйымдас­тырушысы бола білді. 

Жақсылығы жұртқа мәлім

Жүнісбек Жұмабекұлы бас­қар­ған кезеңде Абай атындағы Қа­­зақ педагогикалық институты 1978 жылы 12 қазанда КСРО-ның Жо­ғарғы Ке­ңесі Президиумының Жарлығымен педагогикалық мамандарды даярлау мен тәрбие­леудегі қол жеткізген табыс­тары мен жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сол кезден бастап 1990 жылға дейін «Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ педагогика институты» деп атал­ған. Институттың 50 жылдық мерейтойын республикалық дең­­гейде атап өтуде ұжымды шебер ұйым­дастырып, институттың бас ғи­маратының жобасын бекітіп, жас мамандарға арнап қазіргі Төле би мен Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй салып беруге атсалысты. Адал, өз ісіне жан-тәнімен берілген, артына ғылым жолындағы көптеген шәкірттерін қалдырған және барлық іске асқан жауапкершілікпен қарайтын ғалым болды.

Жүнісбек Жұмабекұлы сонау 1927 жылы Алматы облысы, Шелек ауда­­нындағы Малыбай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмабек Қаңтарбаев ортасына сыйлы, көзі ашық, еті тірі адам болған. Ұжымдастыру кезінде белсенділік танытып, ұжым­шар­лар­ға басқарма төрағасы бо­лып бас­шылық жасаған. Әкесінің ұжым­дас­тыру кезінде өңірде қазақ ауылдарын отырықшылыққа көшіруге, ұжымшарлар құруға белсене араласуы кейін Жүнісбек ағамыздың болашақтағы ғылыми жұмысының тақырыбын таңдауға да әсері болса керек. Анасы қайтыс болғанда Жү­нісбек жеті жасқа ғана толған еді. Ұлы Отан соғысының қайнаған кезі 1943 жылы 16 жасында аудандағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қадам жетіжылдық мектебіне қызметке тұрып, мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болады. Өзі сұранып соғысқа да аттан­бақ ниеті болғанымен, бірақ жасы тол­мағандықтан оған соғысқа қаты­су бұйырмады. 1949 жылы Алматы Мем­лекеттік заң инс­титутын бітіріп, сол оқу орнын­да оқытушылық қызметке қал­ды­рылады. Институт қабырға­сында оқы­тушылық қызметпен бірге ғы­лыми жұмыспен де белсенді ай­налысты. Сол кездегі талапқа сай зерттеу объектісіне кеңестік ке­зеңнің өзгерістерін талдау­ды, яғ­ни Кеңес өкіметі тұсындағы ұжым­­­­дас­тыру кезеңін алды.

Өзінің ғылымға деген ұм­ты­лысы, қажымай-талмай ізденуі­нің арқасында 1954 жылы М.В.Ломо­носов атындағы Мәскеу мем­ле­кет­тік университетінің Ғылыми Ке­ңесінде диссертация қорғап, та­рих ғылымдарының кандидаты ғы­лыми дәрежесін алды. Сол кез­дегі бедел­ді тарихшылар жас ға­лымның еңбегіне жоғары баға береді. 1955-1958 жылдары Семей мал­дәрігерлік институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған кезінде де, 1958-1966 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ денешынықтыру инс­титутында до­цент, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарғанда да жұмысына жауапкершілікпен қараумен қатар ғы­лыммен де белсенді түрде айналысты. 

Оның ғалымдығымен қатар ұйым­дастырушылық қабілеті де көзге тү­сіп, 1966 жылы Қазақ КСР Жо­ғары оқу орындары министрлігі қоғам­дық ғы­лымдарды оқыту бө­лі­мінің бастығы қызметіне та­­ға­йындалды. 1971 жылы  XX­ ғасырдың 30-жылдарында­ қазақ еңбекші ша­руаларын жаңа өмірге тарту мәселесіне арналған докторлық дис­сертациясын сәтті қорғаса, 1973 жылы Жоғары Аттестациялық Ко­миссия ше­­­шімімен «профессор» ғылыми ата­­ғын алды. Ал 1974 жыл­дың нау­рыз айында Жүнісбек Жұмабекұлы Қа­зақстандағы жоғары білімнің қара ша­ңырағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтына ректор болып таға­йын­­далды. Осы қызметті өмірі­нің соңына дейін, яғни 1980 жылдың 

4 сәуіріне дейін атқарды. 

Ол ректор болған жылдар уни­вер­­си­тет тарихында түбегейлі өз­герістерге, білім берудегі сапалық көр­сеткіштерге қол жеткізу жо­лын­дағы және студенттердің мә­де­ни-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға арналған іс-шаралардың қолға алынуымен ерекшеленеді. Бұл жылдары институт жұмыс бе­ру­шілермен тығыз байланыс орнатып, профессор-оқытушылар оқу-әдістемелік, тәрбиелік жұ­мыс­тар­ды жандандырып, соны­мен қатар ғы­лыми-зерттеу жұ­мыстарымен бел­сенді түрде айналы­сып, көптеген нә­­­ти­желерге қол жеткізді. 1974 жы­лы институттың ғылыми-өндіріс­тік жұ­мысын ұйымдастыру және бас­қару үшін ғылыми-зерттеу бөлімі құрылып, институтта мектептерге ар­налған оқу-әдістемелік құралдар, сту­денттерге арналған қосымша материалдар, т.б. көп­теп шығарыла бастады. Әсіресе оқы­тушылардың біліктілігін арттыру, кәсіби бағдар беру, бітіруші студенттерді арнайы жолдамамен мамандарға сұра­нысы көп өңірлерге жіберу жолға қойыл­ды.

Институттың материалдық-тех­ни­калық базасын жақсартуға да көп кө­ңіл бөлді. Жаңа факультет­тер мен­­ сұранысқа ие мамандықтарға сай кафедралар ашылды. Түсушіл­ер­ саны да күрт өсті, жаңа жатақ­ха­на­­­лар салынып, профессор-оқы­ту­шы­ларға пәтерлер берілді. 1975 жыл­дың көктемінде 

7 қа­­­батты оқу ғимаратының құрылысы аяқ­талып, пайдалануға берілді. Ол кезде ректор болуымен қатар Жүнісбек ағамыз оқытушылықтан да қол үзбей, тарих факультетінде студенттерге дә­ріс оқыды. Оның шәкірттері бү­гінгі таңда Қазақстандағы тарих ғы­лым­дарының дамуына өз үлестерін қосып жүр. Олар­дың ішінде ағамыздың соңғы шәкірттерінің бірі, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков те бар. Жүнісбек ағамыз республикалық және қалалық қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, Халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің екі шақырылымына депутат болды, Фрунзе аудандық партия комитетінің мүшесі, оқу-ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері рес­публикалық кәсіподағының мүшесі, республикалық «Білім» қоғамының пленум мүшесі болды. Жүнісбек Жұмабекұлы қажырлы еңбегінің ар­қасында екі бірдей «Құрмет Белгісі» ор­денімен (1961, 1976 ж.ж.), «Ерен ең­бе­гі үшін» медалімен және басқа да мем­лекеттік наградалармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1978 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді.

Оның есімі атаусыз қалған жоқ. Туған жеріндегі елді мекендегі көше­лердің біріне және Алматы қаласы Ақ­бұлақ шағын ауданындағы бір көшеге оның есімі берілді. Сонымен қатар 2009 жылы осы оқу орнының тарих фа­культетінде Жүнісбек Жұ­мабеков атындағы дәрісхана ашылды. Онда Тарих және құқық институтының сту­денттері тарихқа арналған іс-ша­ралар өт­кізіп, оның соңына қалдырған мол мұ­ра­сын оқып-үйреніп, игі істері­нен үлгі алады.

Қазақта «өлі риза болмай, тірі байы­­­­­май­ды» деген сөз бар, сондықтан Жүні­сбек ағамыз тұрған үйге Алматы қаласы әкімшілігінің шешімімен 2019 жылдың 9 ақпанында ескеркіш-тақ­таның ашылуы ғалым-қайраткерге деген үлкен құрмет.

Такир БАЛЫҚБАЕВ, 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

АЛМАТЫ