Баспасөз мәжілісінде таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына ұсынылған әлеуметтік қолдаулардың жоспары және атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі, олардың Шымкент қаласында орындалу барысы жан-жақты сөз болды.
– «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы аз қамтылған және көп балалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында мемлекеттік бастамалар ұсынды. Оған тоқталсақ, біріншіден, күнкөрісі төмен, оның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын қамту. Ол дегеніңіз, атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийін ең төменгі күнкөріс деңгейінен көтеріледі. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендия алып тасталады. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге көмек төленетін болады. Бұл дегеніміз күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. 2018 жылы 10774 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, 2019 жылы 1 сәуірден бастап 20000-нан астам отбасыға дейін ұлғаяды деп жоспарлануда, – деді Г. Құрманбекова.
Елбасы тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда Шымкент қаласында аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын жақсартуға арналған арнайы Штаб құрылды. Штабтың құрамына депутаттар, құзырлы органдар, «Нұр Отан» партиясы, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, 4 аудан әкімдері, басқарма басшылары енгізілген.
– Қала тұрғындарына Елбасының тапсырмасын кеңінен насихаттау үшін 4 аудан әкімдіктерінде және басқармаларда «Ашық есік» күндері өткізілуде. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, 9 632 аналарға барлығы 119,9 млн теңге төленуде наурыз айының соңына дейін жеке есеп-шоттарына аударылады. Қоғамдық көліктерде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері тегін жүруде, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар Шымкентте аға буын өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашу жоспарлануда. Ол жерде спортпен шұғылдану, шахмат, компьютерлік сауаттылығын ашу, құқықтық және психологиялық қызметтер көрсетілетін болады.
Келесі жоба көп балалы аналарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін «Аналар орталығы» ашылуда. Ол жерде психлолгиялық және құқықтық, тұрғын үй және әлеуметтік төлемдер бойынша қызмет көрсетіледі.
Бүгінгі таңда пилоттық режимде «MEYIRIM.KZ» қайырымдылық электронды порталы жұмысын бастауда. Негізгі мақсаты, жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық іс-шараларын реттей отырып, электрондық портал арқылы аз қамтылған отбасыларға ашық және біріңғай әлеуметтік көмектер ұйымдастыру. Жоба басталғалы 120 отбасыға азық-түлік, тұрмыстық қажеттілік заттарымен көмек көрсетілді. Бұдан бөлек жалғыз басты 6 баланың анасына демеушілер есебінен тұрғын үй берілді.
– Аталған әлеуметтік портал сәуір айынан бастап іске қосылады. Жыл соңына дейін жағдайы өте төмен 1289 отбасыға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру үшін соның ішінде мобильді «Ел-Көмек» әлеуметтік порталы жүзеге асырылатын болады. Негізгі мақсаты – әлеуметтік салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді толығымен автоматтандыру. Бұл өз кезегінде аз қамтылған отбасыларға берілетін бір реттік көмек, зейнеткерлерге санаторлы-курорттық емделуге, мүгедектерге берілетін құралдар және «Инва таски», «Әлеуметтік таксиді» онлайн режимде мекемеге келмей, үйде отырып алуға болады. Жоба жүзеге асқанда Қазақстанда бірінші болып әлеуметтік сала цифрлық форматта жұмыс істейтін болады, – деді Г.Құрманбекова.