Қазақстан • 15 Наурыз, 2019

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру – зайырлы қоғамның талабы

1500 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Конституциялық Кеңес, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалық офисі және Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының ұйымдастыруымен өткен «Тиімді қылмыстық саясат және қылмыстық сот ісін жүргізудің заманауи үлгісі – азаматтардың конституциялық құқықтарын тиісінше қорғаудың кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда отандық құқық жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды.

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру – зайырлы қоғамның талабы

Пленарлық отырысты жүргізген Қазақстан Республикасы Кон­с­титу­циялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми­д­ің айтуынша, биылғы жылы сегізінші мәрте өткізіліп отырған конференция сала маман­дарының кәсіби алаңы ретінде құқық жүйе­сіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты тал­дауға, бірқатар оң шешімге қол жет­кіз­у­­­­ге мүмкіндік беріп отыр. Қабыл­дан­ған жаңа заңдар Конституциялық талаптар мен халықаралық стандарттарды барынша ескере отырып, азаматтардың құқығы мен бос­тан­дығының кепілі ретінде қоғамға қыз­мет етіп келеді. 

Конституциялық Кеңес мүшесі Йоган Меркель Қылмыстық және Қылмыстық-про­цес­­тік кодекстің азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудағы әлеуетіне  сарап­тамалық топ анықтаған бірқатар жайт­қа тоқталды. Тәжірибеде көрсетіп отыр­ғанындай, тергеу амалдарында санкция беру­мен байланысты бірқатар мәселені қай­та қалпына келтіруге тура келеді. Мыса­лы, тергеу амалдары прокурордың қаты­­суын­сыз, сот тергеу жүйесінің еншісіне бе­ріл­­ді. Соның нәтижесінде соттарға түсетін сал­мақ та күшейген. Егер де прокурор тер­геу амалдарына қатыстырылмаса, ол айып­талушының кінәсін қалай мойындатады? Сондықтан да тергеу өндірісінде проку­рор­дың қатысуы аса маңызды. Бұл тергеу соттары жойылады дегенді білдір­мей­ді. Мысалы, Герма­нияда прокурор әре­кеті сүзгі іспетті. Оның қарауындағы жүз істің 40 пайызы ғана сотқа жіберілуі мүмкін. 

Прокурор өкілеттігіне қатысты пікірімен бө­ліс­кен Бас прокурордың орынбаса­ры Марат Ахметжановтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу өндірісі прокурор сүзгі­сі­­нен өтуі қажет. Конституцияға сәйкес, қыл­мыстық тергеу органы прокуратура бол­ған­дық­тан азаматтардың құқығына қатысты барлық амал заңды түрде дәлелденуі тиіс. 

Марат Мұратұлы атап өткеніндей, Қыл­­­­мыс­тық және Қылмыстық-процестік ко­­декс қабылданып, қолданысқа енген кезеңнен бергі бес жыл аралығында ведом­ствоаралық топ құрылып, сараптама жүргі­зі­ліп келеді. Соның нәтижесінде құқықтық жүйені жетілдірумен байланысты бірқатар мәселелердің басы ашылған. Әлемнің үздік тәжірибелері зерттеліп, 130-дай отырыс өткізген комиссия мыңнан астам ұсыныстарды қабылдаған. 

Құқық­тық жүйені заманауи тұрғыда жетіл­діруде бірыңғай электронды жүйенің енгіз­ілуі көлеңкедегі қылмыстарды ашуға мүм­кіндік беріп отыр, дейді Бас прокура­ту­ра өкілі. Шағым түскен сәттен бас­тап жаза­­лау тағайындалғанға дейінгі кезең қа­таң бақылауда болады. Алайда эконо­ми­калық қылмысқа қатысты жасалған шағым­ға байланысты тергеу органдары бизнес өкіліне барлық тергеу амалдарын қолдана­тындықтан, бұл қадам бизнестің дам­уына кедергі келтіріп, қылмыстық жауап­кер­ші­лік­ке тартудың тиімсіз екендігін көрсетіп отыр. Бас прокурордың айтуынша, бес жылғы межені күтпестен тиісті заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген. Яғни, кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін бір ғана шағым жеткіліксіз. Өкілетті орган қандай да бір қылмыстың бар-жоғын анықтау үшін түбегейлі тексерулер жүргізуі қолданысқа енген. Соның нәтижесінде экономикалық қылмысқа қатысты көрсеткіш 6 есеге дейін азайып отыр. 

Бас прокурордың орынбасары тарап­тар­ды татуластыру мәселесінде де бірқатар жайттар орын алып отырғанын жеткізді. Мысалы, зәбір көрсетуші тарапынан нақ­ты талаптар орындалғаннан кейін, оны қыл­­мыс­тық жауапқа тартпау туралы өті­ніш қабыл­данады. Бұл адамның қылмыс жасау­ын қайта­ламай, түзелуге беріл­ген бірден-бір мүмкін­дік. Алайда көп жағ­дай­да қылмыс қайта­ланады. Ал қылмыс қайталанған жағдай­да татуласуға жатпайтын, қылмыстық жауап­қа тарту туралы нормалар енгізілген. 

Қазақ­станның құқықтық заңнамасы қоғам­ға қауіп тудырмайтын, қылмысқа абай­сыз­да ұрынған азаматтарға қатысты жеңіл­діктерді де қарастырады. Бас прокура­ту­ра өкілінің айтуынша, түрмелерде қоғамға қауіпті деген қылмыскерлер отыруы керек. Бүгін қоғамды ізгілендіру шараларына екі мыңға жуық адам тартылып, түрмеде отыр­ғандар саны 30 мыңға азайған. Түрме индек­сінде Қазақстан 83-орынды иеленіп, Син­га­пур, Израильмен қатар, Чехия, Сло­ва­кия, Польша, Балтық жағалауы сияқты Еуроодақ елдерінен алда келеді. 

Құқықтық заңнаманың жетілдірілуі елі­­міз­де жалпы қылмыс көрсеткіштерінің тө­мен­­деуіне ықпал етіп отыр. Мысалы, ауыр және өте ауыр қылмыс түрлері – 8, тонау деректері – 15, қарақшылық шабуыл – 16, зорлау – 14, ұрлық – 7, бұзақылық 23 пайызға төмендеген. 

Қылмыстық кодекс ережелерінің ізгі­лен­у­і­не қарамастан лаңкестік, экстре­ми­зм, жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттер, ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қатысты санкциялар қатаңдатылған. 

Кон­ференция жұмысында Ішкі іс­­тер ми­­нис­­тр­інің орынбасары Рашид Тауфи­қ­ов қыл­мыстық істер бойынша сот­қа де­­й­ін­гі іс жүр­гізудің қазіргі тәжіри­бе­сі­­­­не тоқ­­тал­са, Бас про­куратура жан­ын­да­­­­­­ғы Құ­­қық қор­­­ғау ор­ган­дары ака­де­мия­­­­­­­­­сының рек­­торы Ерғали Мерзадинов қыл­­­­­­­мыстық және қыл­мыс­тық-процестік заң­­­­­­­намаға өзгерістердің конституциялық ал­ғы­­­­­­шарттары туралы, Франкфурт Бас прокура­ту­­расы, Кибер­қылмысқа қарсы кү­­рес орта­­­лы­­­ғы кең­се­сінің басшысы Андреас Май қыл­­­­мыстық үр­дістердегі ке­піл­­­діктер мен адам құқы­­ғына қа­тысты мәсе­ле­­­лерді ортаға салды.

Алматы облысында «Ақбұлақ» дема­лыс кешен­інде екі күнге созылған конферен­ция­да үш негізгі сессия жұмысы бойын­ша мамандардың ұсыныс-пікірлері тың­далды. Қазақстанның қыл­мыстық-құқ­ық­тық саласын жетілдіру мен адам құқы­ғын қорғау шара­­ларын жетілдіру 2025 жылға дейінгі стра­­тегиялық жос­парда қарас­тырыл­ған­­­дығын еске­ретін бол­сақ, қыл­мыс­тық заңна­ма­ны ізгі­лендіру ба­ғытындағы жұ­мыс­­­тар өкі­лет­ті органдар тара­пынан жал­­ғаса бере­тін болады.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

Алматы облысы