Пленарлық отырысты жүргізген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, биылғы жылы сегізінші мәрте өткізіліп отырған конференция сала мамандарының кәсіби алаңы ретінде құқық жүйесіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талдауға, бірқатар оң шешімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Қабылданған жаңа заңдар Конституциялық талаптар мен халықаралық стандарттарды барынша ескере отырып, азаматтардың құқығы мен бостандығының кепілі ретінде қоғамға қызмет етіп келеді.
Конституциялық Кеңес мүшесі Йоган Меркель Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстің азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудағы әлеуетіне сараптамалық топ анықтаған бірқатар жайтқа тоқталды. Тәжірибеде көрсетіп отырғанындай, тергеу амалдарында санкция берумен байланысты бірқатар мәселені қайта қалпына келтіруге тура келеді. Мысалы, тергеу амалдары прокурордың қатысуынсыз, сот тергеу жүйесінің еншісіне берілді. Соның нәтижесінде соттарға түсетін салмақ та күшейген. Егер де прокурор тергеу амалдарына қатыстырылмаса, ол айыпталушының кінәсін қалай мойындатады? Сондықтан да тергеу өндірісінде прокурордың қатысуы аса маңызды. Бұл тергеу соттары жойылады дегенді білдірмейді. Мысалы, Германияда прокурор әрекеті сүзгі іспетті. Оның қарауындағы жүз істің 40 пайызы ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
Прокурор өкілеттігіне қатысты пікірімен бөліскен Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу өндірісі прокурор сүзгісінен өтуі қажет. Конституцияға сәйкес, қылмыстық тергеу органы прокуратура болғандықтан азаматтардың құқығына қатысты барлық амал заңды түрде дәлелденуі тиіс.
Марат Мұратұлы атап өткеніндей, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекс қабылданып, қолданысқа енген кезеңнен бергі бес жыл аралығында ведомствоаралық топ құрылып, сараптама жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде құқықтық жүйені жетілдірумен байланысты бірқатар мәселелердің басы ашылған. Әлемнің үздік тәжірибелері зерттеліп, 130-дай отырыс өткізген комиссия мыңнан астам ұсыныстарды қабылдаған.
Құқықтық жүйені заманауи тұрғыда жетілдіруде бірыңғай электронды жүйенің енгізілуі көлеңкедегі қылмыстарды ашуға мүмкіндік беріп отыр, дейді Бас прокуратура өкілі. Шағым түскен сәттен бастап жазалау тағайындалғанға дейінгі кезең қатаң бақылауда болады. Алайда экономикалық қылмысқа қатысты жасалған шағымға байланысты тергеу органдары бизнес өкіліне барлық тергеу амалдарын қолданатындықтан, бұл қадам бизнестің дамуына кедергі келтіріп, қылмыстық жауапкершілікке тартудың тиімсіз екендігін көрсетіп отыр. Бас прокурордың айтуынша, бес жылғы межені күтпестен тиісті заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген. Яғни, кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін бір ғана шағым жеткіліксіз. Өкілетті орган қандай да бір қылмыстың бар-жоғын анықтау үшін түбегейлі тексерулер жүргізуі қолданысқа енген. Соның нәтижесінде экономикалық қылмысқа қатысты көрсеткіш 6 есеге дейін азайып отыр.
Бас прокурордың орынбасары тараптарды татуластыру мәселесінде де бірқатар жайттар орын алып отырғанын жеткізді. Мысалы, зәбір көрсетуші тарапынан нақты талаптар орындалғаннан кейін, оны қылмыстық жауапқа тартпау туралы өтініш қабылданады. Бұл адамның қылмыс жасауын қайталамай, түзелуге берілген бірден-бір мүмкіндік. Алайда көп жағдайда қылмыс қайталанады. Ал қылмыс қайталанған жағдайда татуласуға жатпайтын, қылмыстық жауапқа тарту туралы нормалар енгізілген.
Қазақстанның құқықтық заңнамасы қоғамға қауіп тудырмайтын, қылмысқа абайсызда ұрынған азаматтарға қатысты жеңілдіктерді де қарастырады. Бас прокуратура өкілінің айтуынша, түрмелерде қоғамға қауіпті деген қылмыскерлер отыруы керек. Бүгін қоғамды ізгілендіру шараларына екі мыңға жуық адам тартылып, түрмеде отырғандар саны 30 мыңға азайған. Түрме индексінде Қазақстан 83-орынды иеленіп, Сингапур, Израильмен қатар, Чехия, Словакия, Польша, Балтық жағалауы сияқты Еуроодақ елдерінен алда келеді.
Құқықтық заңнаманың жетілдірілуі елімізде жалпы қылмыс көрсеткіштерінің төмендеуіне ықпал етіп отыр. Мысалы, ауыр және өте ауыр қылмыс түрлері – 8, тонау деректері – 15, қарақшылық шабуыл – 16, зорлау – 14, ұрлық – 7, бұзақылық 23 пайызға төмендеген.
Қылмыстық кодекс ережелерінің ізгіленуіне қарамастан лаңкестік, экстремизм, жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттер, ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қатысты санкциялар қатаңдатылған.
Конференция жұмысында Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Тауфиқов қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудің қазіргі тәжірибесіне тоқталса, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаға өзгерістердің конституциялық алғышарттары туралы, Франкфурт Бас прокуратурасы, Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы кеңсесінің басшысы Андреас Май қылмыстық үрдістердегі кепілдіктер мен адам құқығына қатысты мәселелерді ортаға салды.
Алматы облысында «Ақбұлақ» демалыс кешенінде екі күнге созылған конференцияда үш негізгі сессия жұмысы бойынша мамандардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Қазақстанның қылмыстық-құқықтық саласын жетілдіру мен адам құқығын қорғау шараларын жетілдіру 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда қарастырылғандығын ескеретін болсақ, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытындағы жұмыстар өкілетті органдар тарапынан жалғаса беретін болады.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
Алматы облысы