Естеріңізде болса, Үкімет құрылымдық реформаларды іске асыру жөніндегі 2014 - 2015 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру мақсатында 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап жол-патрульдік полициясы жол жүрісін қадағалаудың көбін автопатрульдік әдіске көшіріп, сонымен бірге таяқша қолдануды тоқтатқан болатын.
Алайда сенатор Г.Кимнің айтуынша, Ішкі істер министрлігі реттеушінің көрінуін жақсарту мақсатында енгізген жарық шағылыстыратын жилеттері, жең бүкпесі және сигналдық қолғаптары тиімсіз болып шықққан.
Депутаттардың өңірлерге іс-сапары барысындағы азаматтардың айтқан өтініштеріне, жүргізушілердің әлеуметтік желілердегі пікірлеріне қарағанда, жүргізушілер жол қозғалысын реттеуші полиция қызметкерінің қол қимылы арқылы реттеуін кешқұрым және түн уақыттарында көрмей қалатындығына байланысты таяқты пайдаланбау туралы өзгеріс жұрттың бәрін қанағаттандыра алды деу қиын сияқты.
Осыған орай сенатор Г. Ким: «Статистика көрсетіп отырғандай таяқша қолданудан бас тартқан уақыттан бастап қараңғы тәулік мезгілінде жол жүрісін реттеп тұрған жол-патрульдік полиция қызметкерлерін басып кетудің мемлекет бойынша 4 фактісі тіркелген. Сонымен қатар «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 54-бабы және Жол жүрісі қағидаларымен ішкі істер органдары қызметкерінің талаптары қол қимылымен де таяқшамен де белгі беруі арқылы жүзге асуы және оларды жүргізушілердің орындау міндеттері бекітілген.
Транзиттік әлеуетті жүзеге асыру Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі бағыты болғандықтан жол полиция қызметкерлерінің талаптары Қазақстан жүргізушілеріне ғана емес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Еуразиялық Экономикалық Одағына мүше мемлекеттердің территориясы арқылы тауар транзиттерін және көлік құралдарын жүргізетін жүргізушілерге де түсінікті болуы қажет.
Осыған байланысты жол жүрісін реттеу мақсатында ғана таяқшаны қолдануды қарастыру қажет деп есептейміз», - деді Үкімет басшысына жолдаған депуттатық сауалында.