Руханият • 14 Наурыз, 2019

Наурыз – жалпыхалықтық сипатқа ие мейрам

835 реткөрсетілді

Әлемде саясаттың құбылмалы ауанына, басқару жүйелерінің кедергілеріне қарамастан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, xалықпен бірге жасайтын мерекелер бар. Осындай мерекенің бірі – Наурыз мейрамы.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының Ұлы дала төрінде тойланып келе жатқанына бес мың жыл. Әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. Мұны дәйектейтін тариxи деректер баршылық.

Мерекенің идеялық мазмұны, оның тойлану сипаты xалқымыздың өмірлік салты мен таным-түсінігіне жақын болғандықтан бүгінге дейін мерекеленіп келеді. Кеңестік заманда 1926 жылдан бастап, «ескінің сарқыншағы» деген сылтаумен Наурыз мейрамын тойлау тоқтатылды. Тарихтағы түрлі саяси, діни қадамдарға қарамастан Наурыз халықтық мереке ретінде бүгінге дейін тойланып келеді.

Мерекеде бұрын араздасқан кісілер қайта татуласып, бар қиыншылық өткеннің еншісіне қалады. Адамдар бір-біріне жақсылық тілеп, айнала шаттыққа кенеледі.

Қазақ xалқы Наурызды жыл басы деп есептеген. Қазақстанның біраз бөлігінде бұл мейрамды 14 наурызда аталып өтетін «Амал» күнімен бастайды. Қаһарлы қыстан аман шыққан ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-біріне сәлем беріп, көріседі.

Наурыз мейрамын мерекелеудің бүгінгі жағдайы қандай? Мереке жыл сайын еш өзгеріссіз тойлана беруі тиіс пе? Дәстүрлі мерекеміздің қандай атрибуттарын келесі ұрпаққа қалдырған жөн? Бүгінгі заман талабына сай нендей элементтерді қосқан жөн? Осы сияқты сұрақтарды елеп-екшегеніміз дұрыс деп санаймын.

Біріншіден, Наурызды мерекелеу мазмұнын жаңа заманға сай жаңғыртуға, есеп үшін жасалатын әрекеттерден аулақ болуға назар аударған дұрыс. Мерекеде сандықта жатқан ұлттық киімдер көбінесе бір күнге ғана шығарылып, ертеңіне қайта салынатыны ешкімге жасырын емес. Сондықтан мерекеге бұқаралық сипат беру мәселесін қарастыру қажет.

Мысалы, Наурыз мейрамында үш күн бойы музейлер, театрлар және өзге де мәдени нысандар балаларға, көп балалы отбасыларға тегін қызмет көрсетсе дұрыс болар еді. Бәрі де қарапайым нәрселерден басталады. Баланың қуанышы ата-ананың қуанышы. Бұл көп отбасыға көтеріңкі көңіл-күй, қуаныш сыйлайды. Сондай-ақ, театрларда «Амал», «Көрісу күні» дегенді түсіндіретін қойылымдар ұйымдастыруға болады.

Екіншіден, әр заманның өзіндік құндылықтары, адамдардың өзіндік талап-тілектері болады. Бұрын адамдар қыстан арып-ашып, көктем шыға көрісетін болса, бүгін ондай қиындықтар жоқ. Қазір бұл дәстүр негізгі тарихи миссиясын орындап, жаңаша сипатта дамуда. Мысалы, күнде көріп жүрген достар бірін-бірі «Көрісу» күнімен құттықтап, арқа-жарқа болып жатады. Бұл қоғамда, адамдар арасында ерекше атмосфера қалыптастырады.

Сондықтан мерекеге бүгінгі заман талаптарына сай жаңа элементтерді енгізуді де ойластырған жөн.

Үшіншіден, Наурызда той тойлаумен шектелмей, шынайы рухани жаңғыруға негізделген іс-шаралар өткізу, тарихи сана қалыптастыратын ғылыми дүниелер әзірлеу және оны жыл бойы іске асырудың тетіктері осы кезде белгіленуі қажет. Яғни, Наурыз – қазақтың дәстүрлі жаңа жылы болғандықтан ұлттық құндылықтарды дамытудың негізі бола алады.

Сәкен ЕСІРКЕП

АСТАНА

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Мергендер Мюнхенде жүр

Спорт • 24 Мамыр, 2019

Мас араны омартаға кіргізбейді

Экология • 24 Мамыр, 2019

Ұқсас жаңалықтар