15 Наурыз, 2019

Астанадағы жол қозғалысының қауіпсіздігі Амстердам мен Нью-Йорк қалаларының деңгейінде

916 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін қалалық мәслихатта өткен басқосуда елордадағы жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.  

Астанадағы жол қозғалысының қауіпсіздігі Амстердам мен Нью-Йорк қалаларының деңгейінде

Соңғы деректерге сәйкес елорда жолдары елдегі қауіпсіз жолдардың алдыңғы қатарында. 2018 жылы Астана жолдарындағы өлім-жітім 2017 жылдың қорытындыларымен салыстырғанда, екі есеге қысқарған.  

Мұндай мәліметтерді Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров келтірді.

«2018 жылдың қорытындыларына сәйкес, ЖКО нәтижесінде болатын өлім-жітім деңгейі 100 мың адамға шаққанда 3,1 құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (11,5)  3,5 есеге төмен. Астанадағы жол қозғалысының қауіпсіздігі Амстердам (3,2) мен Нью-Йорк (3,2) қалаларының деңгейінде. Мұндай жетістіктерге елорда әкімдігі құрылымдарының машинамен оқыту, компьютерлік көру сияқты заманауи сандық технологияларды енгізу бойынша жүргізген жұмыстарының арқасында қол жеткізу мүмкін болды», – деп мәлімдеді Ә. Әбдіқадыров.

Сондай-ақ, спикер қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету елорда билігі жұмысындағы басты басымдық екендігін атап өтті.

Еске салайық, 2017 жылы Астанада «Сергек» бейне-бақылау жүйесі жұмыс істей бастады.