15 Наурыз, 2019

Елордада «Қоғамдық медиация институтын дамыту және ілгерілету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

1027 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дөңгелек үстел барысында қоғамдық медиаторлар түрлі салалардағы келіспеушілік жағдайларды шешу, келіспеушіліктер мен дауларды реттеу жөніндегі тәжірибесімен бөлісті, деп xабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Елордада «Қоғамдық медиация институтын дамыту және ілгерілету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Қарағанды медицина университетінде «Медиация» кафедрасының негізін қалаушы және дәріс оқушы, кәсіби медиатор Сәуле Қабиева мен Денсаулық сақтау кадрларының  дипломнан кейінгі білім академиясының ректоры Айгүл Муятдинова ЖОО және денсаулық сақтау салаларында «Медиация» пәні мен ұғымының енгізілуі оң нәтижелерін бергенін айтып өтті. 

Қырғыз және Өзбек этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері Шавкат Исмаилов пен Шерзод Пулатов медиацияны миграция саласында қолдану тәжірибелерімен бөлісті. №26 мектеп-гимназиясының медиатор-еріктілер тобы да құрдастарымен араласу және медиацияны мектеп қабырғасында қолданудың жаңа тәжірибесімен бөлісті. 

Өз кезегінде «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұралы Айдашев атап өткендей, қазіргі уақытта медиация қоғамның барлық салаларында пайдаланыла бастады. Ал алдағы уақытта қоғамдық келісімді бірлесіп сақтау үшін барлық қоғамдық және кәсіби медиаторлардың жұмысын бақылауға алып, дұрыс үйлестіре білу қажет. 

Кездесу соңында Астана қаласының медиация секторындағы қоғамның ең қақтығысшыл салалары анықталып, қоғамдық медиаторлар ішінен бұл бағыттың  үйлестірушілерін тағайындау ұсынылды. Осылайша,  денсаулық сақтау, білім беру, көші-қон, еңбек және отбасылық жан-жалдар, жастар саласы аталып өтіліп, сектор үйлестірушілері тағайындалды. 

Сонымен қатар, Ұлттық Дельфийлік комитетімен бірлесіп,  ерекше балалар арасында медиацияны дамыту бойынша жұмыс істеу туралы шешім қабылданды.

Мұнымен қоса, қоғамдық медиация институтын әрі қарай  дамыту және жылжыту бағдарламасы қарастырылды. Тиісті ұсынымдар әзірленіп,  этносаралық қатынастар, білім, денсаулық сақтау және т. б. салаларда  келіспеушілік жағдайларды шешу, даулар мен жан-жалдарды реттеу жөніндегі практикалық шараларды іске асыруға қатысу жоспарланды.