Медицина • 15 Наурыз, 2019

Петропавлда 692 отбасы әлеуметтік көмек алады

992 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлда биыл көпбалалы отбасыларға 276 млн теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Петропавлда 692 отбасы әлеуметтік көмек алады

Бұл туралы қоғамдық кеңесте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Данияр Асылбеков  мәлім етті. Оның айтуынша, облыс орталығында  бүгінде 4 және одан да көп баласы бар 1 158 отбасы тұрады. Олардан  атаулы әлеуметтік көмекті 181 отбасы ғана алып келген.

«Әлеуметтік көмектің осы түрін беру талаптарының өзгеруіне байланысты оны алушылардың саны айтарлықтай артып отыр. Яғни атаулы әлеуметтік көмекті 692 отбасы алатын болады. Ол үшін  республикалық бюджеттен 276 миллион теңге бөлінеді»,  деді Д. Асылбеков.

Құжаттар бірінші сәуірден бастап қабылдана бастайды. Тиісті деректер ақпараттық жүйеге енгізілмеген жағдайда жұмыспен қамту орталықтары өздері сұрататын болады. Жұмысты оңтайландырудың  электронды әлеуметтік карталары жасалады. Онда әр отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы туралы база топтастырылады. 

Қоғамдық кеңес мүшелерінің қанша көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр деген сауалына 198 отбасы пәтерге мұқтаж деген жауап алынды. Облыс бойынша 341 көпбалалы отбасы баспанаға зәру. Олардың  жартысына жуығын биыл  пәтермен қамту белгіленіп,  226 пәтерлік 3 тұрғын үй салынады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы