Хабар айтушы ел ағасының көкірегіндегі өкініш енді біздің кеудеге көшкен. Сол өкініш жетектеп әлгі айтқан, Қажымұқан атындағы спорт сарайының сыртындағы жатақханаға әкелген. Есікті апайдың өзі ашты. Ұзын бойлы, жанары көгілдір аспандай мөлдір, қапсағай денелі адам екен. 85-ке жасы келсе де жүрісі тіп-тік. Сол жақ қанатта 18 шаршы метрлік бөлме, оң жақтағы ас бөлмені екіге бөліпті. Берідегісі анық үш адам айнала алмайтын ас ішетін бөлме. Арғы жағындағы жалғыз кереует сиятын жатынжай апайдың мекені болса керек. Сол жерге өттік. Алдында телефон арқылы тілдескенбіз. Екі-үш кітапты айналдыра қарап, ұстап отыр екен. Бәрі қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан атасы жайындағы жинақтар. Көнелеу бір кітаптың бетінде атамыздың суреті басылыпты. Бұлшық еттері білеу-білеу. Бар ғұмырын күрес өнеріне арнаған, әлемнің 54 мемлекетінің боз кілемінің үстінде белдесіп, 48 медаль олжалаған, дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт тәрізді жампоздармен қатар жүрген, белдесу кезінде осы атағынан ат үркетін балуандарды шетінен қирата жыққан атамыздың бұлшық еттері исі қазақтың мақтанышы емес пе?
– Атамды жалғыз-ақ рет, соғыс басталардың алдында, 1940 жылы ғана көрдім. Бала болсам да бейнесі, алып денесі, мейірімділігі есімде, – дейді Рәзия апай, – атам кеңес заманында қудалау да көрді ғой. Бұл патшаның адамы екен, патшаның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы деп түртпектей берген соң отбасын тастап, Түркістанға, одан әрі Өзбекстанға бас сауғалап кетті ғой. Өмірінің соңғы жылдары қасиетті Түркістан топырағында өтті. Сондағы Бөген ауданына қарасты Ленин туы колхозында қайтыс болды. Атамның қабірі Темірлан ауылында.
Қолындағы кітаптарын парақтап, асыл атасын есіне алған сәтте Рәзия апайдың ақсары жүзіне ақ торғын мұң шарбысы шарпыған. Жазық маңдайдың әлденеше жеріне жіңішке, ирек-ирек әжімдер қонақтапты. Атасы көрген азаптың, өзі көрген қиындықтың маңдайға түскен таңбасы іспетті.
– Омбы өңірін жайладық, – дейді апай, – мен бүкіл ғұмыр бойы денсаулық сақтау саласында қызмет еттім. Фельдшер-акушер болдым. Омбы да атамның жайлаған жері ғой. Орыс-қазағы түгел сыйлайтын. Өзіміздің адал еңбегімізді әрі ең негізгісі, дүние жүзіне аты жайылған қазақтың қайтпас қайсар перзенті Қажымұқан атамның аруағын сыйлайды. Сол 1940 жылы келген сапарында әжеміз екеумізге үй әперіп кетті. Кейін оңтүстікте жүргенде Қыпшақтың Мінәйім деген қызына үйленгенін білесіздер. Жетпістен асқан шағында атам тағы бір рет шаңырақ көтерген. Өзі тәрізді жасы келген адамның қызы екен. Аты – Бибіжан. Қажы атамның қажып жүргенін көрген әлгі ақсақал бойжеткен қызын арбаға өзі көтеріп салып беріпті де, «мына кісіні күтетін бол» депті. Міне, халықтың ықыласы.
Қазір бауырлары Оңтүстік Қазақстан өңірінде тұрып жатыр. Қатынасып тұрады. Үнемі жол түсе бермесе де, телефон арқылы. Рәзия апайдың жолдасы Хамзе Сәрсенов мұғалім болған кісі екен. Мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің бастығы болып қызмет істепті. Өмірге алты перзент әкелген. Шабдан, Жанайдар, Фарида, Рәзия, Құлымбет, Әлихан. Осы алтауынан қалған Фарида екеуі ғана. Фарида қазір Омбыда тұрады.
Қажымұқан атамыз 1909 жылы Надежда Николаевна Чепковскаяға үйленеді. Мұсылман дініне енген әжемізге қазақша Бәтима деген есім беріледі. Әжеміздің өзі жас кезінде цирк әртісі болған. Ат құлағында ойнаған спортшы. Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Қажымұқанның ұлы Халиолла туады. Халиолла 16 жасқа толғанда Шәпен атты қызға үйлендіріп, жеке отау болып шыққан.
Арыдағы тарихтан шым-шымдап сыр суыртпақтағанда, тілге оралғаны осы. Ал Қажымұқан атамыздың ғұмырбаянын оқырман қауым жақсы біледі. Сондықтан оны түгел таратып айтудың реті жоқ. Біздің айтпағымыз бүгінгісі. Батыр ұрпағының қазіргі тыныс-тіршілігі. Қарттар айлығы да аяқталды.
– Апай, қарттар айлығында келіп құттықтап, жағдайыңызды біліп тұратын шығар? – деп сұрадық біз.
Әдемі, ақ сары жүзі іштегі өкініштің ыстық лебімен алаулаған апайдың жүзі сәл күреңіткендей. Бірақ тіс жарып өкпесін айтпады. Бұл жайында тіпті ләм-мим демеді. Қайдан айтсын, батырдың тұяғы емес пе?!
Қазір осы ат айналғысыз, аядай бөлмеде жиен-немерелерімен тұрып жатыр. Немерелері жоғары оқу орындарында білім алуда. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» дейді біздің қазақ. Күні ертең ат жалын тартып мініп, азамат болып кетеріне титтей күмән жоқ. Аталарына тартса қол-аяқты шырмаған қиындық атаулыны бұзып-жарып, қатарға қосыларына көңіл сенімді.
– Осыдан 12 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрып едім. Қазір сол кезекте үш мыңның үстінде адам бар ғой деймін, – дейді апай, – кезегіміз келгенше біз тосармыз-ау, жаратқан ие тоса қойса. Жасыратыны жоқ, олай-бұлай болып кетсек жұрттан ұят-ау, тіпті.
Қайран қазақтың көне көздері-ай, тірі жүргендегі ғана емес, одан кейінгі де ұятын ойлайтын ғажап мінездерін-ай.
Батыр атамыздың бір белгісіндей ортамызда жүрген Рәзия апайдың шаңырағынан шығып бара жатып, табалдырық көзінде тұрып ойладым. Осы қазақтың кәсіпкерлері қайда екен? Әншейінде Қажымұқан тәрізді ұлт алыптарын айтып, көкірегімізді соғып, қаздай шулатқанда сөзге қонақ бермейміз. Ал енді осындайда біреуі емес, бірнешеуі қосылып, асылдың сынығын жерге қаратып қоймай, бір баспанаға қолын жеткізіп жіберсе, елдігіміз көрінбес пе еді.
Далада көктемнің қара суығы ұйытқи соғып тұр екен. Денем тітіркеніп кетті. Қара суықтан ба, жоқ әлде қазақтың хас батырынан қалған жұрағаттың жайынан ба?!. Тап сол арада, сол күйді өзім де айыра алмадым.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»