Денсаулық сақтау саласының майталмандары Роман Рахиев, Тамара Сафронова және Сара Дәулетовалар осындай теріс көріністер жөнінде бізге қынжыла баяндады. Денсаулық сақшыларының ар-намысын таптап, қызмет бабындағы іс-қимылына кедергі келтіріп, дауыс көтеруге кім құқық берді? Көлденең көк аттылар медицина қызметкерлеріне зәбір көрсеткені үшін жауапкершілік арқаламай, емін-еркін жүре бере ме? Ақ желеңділер адам өмірін қорғайды. Ал оларды кім қорғайды? «Осындай сансыз сауал бізді еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstanǵa» келуге мәжбүр етті» дейді дәрігерлер. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Роман Рахиев бастаған аға буын медицина өкілдерімен кездесу барысында соңғы уақытта түйткіл туғызып жүрген өзге де жайттарға қанықтық. Біріншіден, ұлттық скринингтік тексеруге қатысты мәселе. Зейнет жасына жетсе де дәрігерлік қызметтерін жалғастырып жүрген жандардың мәлімдеуінше, скринингтің мәнін түсінбей жүрген, өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайтын ағайындар жеткілікті.
Тұрғындар заманауи аппараттардың көмегі арқылы ағзаны түгелімен тегін тексерістен өткізе алады. Зертханалық бақылаулар да ақысыз жүргізіледі. Сөйтіп қатерлі дерттердің алдын алуға болады. Әйтсе де тексерілудің орнына өнбес дау туғызып, ашу-ызаның жетегінде кетудің қандай қажеті бар. Бұл денсаулық алдындағы жауапкершіліктің жоқтығы емей, немене?! Тіпті, көлік екеш көлікті де жылына бір рет техникалық тексеруден өткізбей ме?
Ал асқынған ауру кейін бой бермей кетсе бұған да дәрігерді кінәлайды», деп толғанады Роман Рахиұлы.
Дәрігерлердің айтуынша, дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстану – денсаулық кепілі. Медициналық сақтандыру реформасына қаншалықты әзір екенімізді анықтаудың да пайдасы мол. Дамыған елдердің бәрі осы жүйемен жұмыс істейді. Екіншіден, осы арқылы адамдар жұмыс істеуге, табыс табуға талпынады. Үшіншіден, жеке табысынан медициналық сақтандыруға қаражат төлеген кезде әр адамның денсаулығына деген жауапкершілігі арта түседі. Мұндай жағдайда екі жақтың мәртебесі де биік болады, дейді олар.
Дертіне дауа іздеген жан дәрігерге сөз емес, ем іздеп келмей ме? Екеуінің ортақ мақсатқа ұмтылуы емдеу мен сауығу үдерісін тездете түседі. Өзара сенім осылай орнығады. Бұл емнің шипа болуына апаратын тура жол. Әйтсе де оны біржақты қабылдап, дәрігерлердің дәйекті дәлелдеріне келіскісі келмейтін пациенттер де бар.
Қазіргі кезде мемлекет тарапынан медициналық көмекке берілетін қаржы мөлшері қомақты. Саладағы қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру ісінде ең тиімді жолдар қолданысқа енгізілген. Тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша тұрғындар тарапынан мұндай жаңашылдыққа да қолдау аз. Тіпті кейбір топтар оны мүлдем түсінгісі келмейді. «Неге біз саяси-қоғамдық өзгерістер мен сән үлгісінің жаңалығын, немесе валюта бағамының құбылуын қабылдаймыз да, денсаулық сақтау саласындағы жаңа үрдістерге селқос қараймыз? Соның бірі – күндізгі емдеу жүйесі. Бүгінгі емханалардың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуеті алпыс түрлі ауруды амбулаториялық жолмен емдеуге қабілетті. Бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, сараланып әрі кәсіби талқылаудан өтіп қолданысқа енгізілді. Осы арада денсаулық сақтауды ұйымдастыру ісінде эксперименттердің болмайтынын айтқымыз келеді. Өйткені кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан тұрғындардың портал бойынша кезек күту мәдениетін үйренгенін, жоспарлы түрде емделу тәртібін түсінгенін қалаймыз», дейді дәрігерлер.
Стационар негізінен жедел әрі аса шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайда пайдаланылуға тиіс. Бұл үшін жедел жәрдем қызметі тұрақты жолға қойылған. Осы орайда жедел жәрдем көлігінің жолындағы кептелістер, өзге жүргізушілер тарапынан оған жол беру мәдениетінің төмендігі, көптеген мекенжай деректерінің тиянақсыздығы да кездеспей тұрмайды. Мұндай кезде «Жедел жәрдемді» жерден алып, жерге салатындар да бар. Осылай дей келе Роман Рахиев, Тамара Сафронова және Сара Даулетовалар қоғамда дәрігерге деген көзқарасты өзгертетін, оның қоғамдағы мәртебесін қайтаратын уақыт жеткенін мәлімдеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ