Қазақстан • 18 Наурыз, 2019

Алматыда Наурыз жаңаша тойланды

979 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының алаңында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Ұлы даланың ұлы күні – Наурыз» атты алғашқы мерекелік шара оң өзгерісімен қадам басып келді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен биыл алғаш рет жаңа форматта өткізіліп отырған мәдени шара жаңалықтарға толы.

Алматыда Наурыз жаңаша тойланды

Мәдениет министрі бұл мерекені тойлау үрдісін заман талабына сай түбегейлі өзгертіп, тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін маңызын кеңінен насихаттап,  мұны әсіресе балалардың көз қуанышына айналдырып, оларды сыйластыққа баулу, бірін-бірі сыйлықпен қуанту, Наурыздың танымбелгісін һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу секілді ізгі құндылықтарды дәріптеу керегін алға тартқан болатын. Осыған байланысты театрдағы мерекеде Наурыз мейрамына жаңа реңк беретін жақсы дәстүрлердің нышаны кең көрініс тапты. Алдымен театрдың жас актерлері жаршы айтты. Көрісуге келген М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры, Мемлекеттік академиялық неміс театры, Мемлекеттік академиялық корей музыкалық театры, Қ.Қожамьяров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театры, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрлар көшін қасиетті қарашаңырақ құшақ жая қарсы алды.

Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов Наурызды жаңаша тойлаудың тағылымы кейінгі жас буын үшін қажет екенін айтады. «Біз Наурызды балалардың асыға күтетін мерекесі етіп жасаудың мүмкіндіктерін ойластыруымыз керек. Өскелең ұрпақты өнегелі істермен, ұлттық құндылықтармен етене таныстыру – мерекені жаңаша тойлаудың басты ерекшелігі болып отыр. Бүгін балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 800 балаға және көп балалы отбасылардың бүлдіршіндеріне арнайы сый-сияпат тараттық. Наурыз көжеміз алдымен осы балалар үшін дайындалды. Наурыз айы бойы 3D форматында 2000 балаға қайырымдылық қойылымын көрсету жоспарланған. Мұның сыртында арнайы балалар үшін дайындалған концерттік бағдарламаларымыз да бар» дейді театр директоры.

Алматы қаласындағы Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге және көпбалалы отбасыларға Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова мен А.Әшімов пен С.Оразбаев бастаған өнер қайраткерлері, театр әртістері ішіне тәттілер мен ұлттық тағамдар салынған қазақ үй пішіндес қағаз қораптар үлестірді. Сондай-ақ қарашаңырақ театрдың сол жақ қапталында «БАҚ өкілдері мен өнер қайраткерлері» Аллеясы ашылды. Жаңа Аллея көктемде тал егу дәстүрін дәріптеу мақсатында ашылып отырғандықтан, жаймашуақ күннен қуат алып, бусана бастаған топыраққа алғашқы талдарды әкемтеатрдың абыз ақсақалдары Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев пен ақ жаулықты аналары Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбековамен бірге ұлттық театрдың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері ел мен жерге игі тілегін арнай отырып, жиырмаға жуық тал екті.

Алғаш қазақ топырағының қырларында өніп, қырмызы даланың сәніне айналған, сөйтіп дүниежүзінің түкпір-түкпіріне тарап кеткен қызғалдақтарды қасиетті мекеніне қайта оралту мерекелік шараның көздеген тағы бір мақсаты болғандықтан, театрдың күллі әртісі келген қонақтарға қызғалдақтар таратты.

Алматының ашық аспаны астында «Сарыарқаны» дүбірлетіп, күймен шашу шашқан Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің өнерін белгілі сахна майталмандарының концерті жалғастырып, мереке салтанаты қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі мен ұлттық ойындарға ұласты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ