Спорт • 18 Наурыз, 2019

Бокстан Марина Вольнованың жүлдесі үшін турнир өтті

629 реткөрсетілді

Астанада бокстан Олимпиаданың қола жүлдегері, елімізге еңбек сіңірген спортшы Марина Вольнованың жүлдесі үшін халықаралық турнир өз мәресіне жетті.

Айтулы жарыста Қазақстаннан бөлек, Ресей, Украина, Моңғолия және Өзбекстаннан келген 88 былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Түрлі салмақ дәрежелері бойынша өткен бәсекелерде қазақстандық Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Сәния Сұлтанқызы, Римма Волосенко, Баян Ақбаева, Надежда Рябец, Фариза Шолтай, Ләззат Күнгейбаева, украиналық Ивана Крупеня мен Мария Бова сынды боксшылар топ жарып, алтыннан алқ тағынды.

Айтулы турнирді біз Азия біріншілігіне даярлық ретінде қарастырдық. Одан кейін күзде Ресейде әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Сол додаларға сақадай-сай әзірлікпен баруымыз керек. Астанадағы турнирде Моңғолия құрамасы жақсы өнер көрсетті. 54 кило салмақта олар соңғы әлем чемпионатының жүлдегерін әкелген екен. Украина да бірінші нөмірлі боксшыларын жарысқа қосты. Олардың қатарында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мария Бова бар. Біздің командамыздың сапында сақа спортшылармен қатар, 2000 жылы туған қыздар да бақ сынады. Айтулы жарыс сол бойжеткендер үшін жақсы сынақ болды, – дейді Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар