Қазақстан • 18 Наурыз, 2019

Жетісу кәсіпкерлері жақсылық жасаудан жарысып жатыр

1145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісудың кәсіпкерлері арасында жақсы үрдіс басталды. Әлеумет алдындағы жауапкершілігінен жалтармай, әрдайым қайырым көрсетіп келе жатқан қалталы азаматтар енді көп балалы отибасылар мен жалғыз басты аналарға баспана сатып алып беріп жатыр.

Жетісу кәсіпкерлері жақсылық жасаудан жарысып жатыр

Жетісудағы «жақсылық жасау жарысының» тізгінін қолдарын алған Кербұлақ ауданының кәсіпкерлері бас-аяғы екі-үш күн ішінде 3 отбасына үй сыйлап, қуанышқа кенелтті. Мысалға. Сарыөзек ауылында орналасқан «Алацем» зауытының бас директоры Станислав Щербаков әлеуметтік жағдайы төмен отбасы санатындағы жалғыз басты ана  Жұмағыз Медетоваға тұрғын үйдің кілтін табыстады.

- 2013 жылдан бері үш баламен үйсіз пәтерден пәтерге көшіп жүрмін. Балаларым оқушы, тапқан табысым олардың киімі мен тамағынан артылмайды. Енді, міне, өзіміздің шаңырағымыз бар. Азаматтарға рахмет, - дейді қуаныштан көзіне жас алған Жұмағыз Медетова.

Ал осы ауданның Қоғалы ауылында тұратын жеке кәсіпкер, мәслихат депутаты Қайрат Бекиев те жақсылық үрдісіне үлес қосып, ауылдасы, алты баланың анасын Айгүл Ешпаеваға зәулім үй тарту етті.

- Мейірімділік - адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Ана-өмірдегі ең үлкен құрметке лайық адам. Сондықтан да, көп баланы дүниеге әкеліп, ұлтымыздың көбеюіне үлкен үлес қосып жүрген аналарға қуаныш сыйлау- біз үшін үлкен бақыт, -  дейді кәсіпкер Қайрат Бекиев.

Дәл осындай қуанышқа Талдыбұлақ  ауылындағы көп балалы ана Надежда Лемешко да кенелді. 6 балаласы бар отбасыға талдыбұлақтық іскер азамат Кален Тұрсынбаев өз қаржысына баспана сатып алып берді.

Сондай-ақ осы аудандағы Қаспан ауылының кәсіпкерлері Сламбай Тоқабаев және  Виталий Тарасенко 11 баланың анасы Гүлназ Шакенова мен әлеуметтік жағдайы төмен 3 балалы отбасын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы